"Шыдамымыз таусылды": Қарашығанақта шетелдік компания қызметкерлері аштық жариялады (видео)
"Шыдамымыз таусылды": Қарашығанақта шетелдік компания қызметкерлері аштық жариялады (видео)
Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында Bonatti шетелдік фирмасының ереуілге шыққан 300-ге жуық қызметкері аштық жариялады, деп хабарлайды "Мой город".
"Біз, Қарашығанақ кен орнының Bonatti компаниясының қызметкерлері, бүгін жалақыны көтеруді талап еттік. Бірақ біздің өтініштеріміз жауапсыз қалды, сондықтан біз аштық жариялауға мәжбүрміз. Сонымен қатар, бізді үш сағаттан астам уақыт жұмыс орнында болмағанымыз үшін жұмыстан шығармақ. Біз мұнымен келіспейміз, өйткені жұмыс орнымызды қалдырмадық, нысанда болдық. Бүгін 300-ден астам жұмысшы түскі ас ішпеді және біз тамақтанудан бас тарту туралы жалпы шешім қабылдадық", - деді ереуілшілер.
Бөрлі ауданында орналасқан Bonatti компаниясының қызметкерлері бұған дейін олардың жалақысын 50%-ға арттыруды талап еткен.
"Біз өткен жылдың желтоқсан айында компания басшылығы мен әкімдікке бірнеше рет хат жазып, жалақыны көтеруді сұрадық. Бірақ біздің өтініштерімізге ешкім жауап берген жоқ. Пандемия кезінде бізден күте тұруды сұрады, олар жалақыны көтеруге мүмкіндік жоқ деп айтты. Алайда біздің шыдамымыз таусылды, айналадағылардың бәрі қымбаттады, ақша жетіспейді, отбасымызды асырап, несие төлеуіміз керек. Бүгін біз өндірісті тоқтаттық және басшылықтан нақты жауап күтеміз. 28 жұмыс күні ішінде жалақы орташа есеппен 300 мың теңгені құрайды, бұл ақшаға біз екі ай өмір сүреміз, яғни айына 150 мың теңгеден. Бұл ақша ештеңеге жетпейді", - дейді жұмысшылар.
30 желтоқсанда жазылған хатқа компания қызметкерлері 4 қаңтарда жауап алды. Онда компания басшылығы жұмыс орнында жоқ екені, жұмысқа келген соң мәселенің мән-жайын анықтайтыны айтылған.
"Ешқандай тәртіпсіздік жоқ, біз жұмыс істеуден бас тарттық. Мүмкін, басшы орнында жоқ екені рас шығар. Бірақ оны алмастыратын адам бізді тыңдауы керек. Содан соң қазір 21 ғасыр, барлығын онлайн режимінде ұйымдастыруға болады", - деп атап өтті ереуілшілер.
Басылымның мәліметінше, жағдайды түсіндіру үшін Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкенбаев оқиға орнына келген, алайда журналистер жергілікті билік тарапынан түсініктеме ала алмаған.
https://www.youtube.com/watch?v=LIfKkpJotSE&feature=emb_logo&ab_channel=%D0%BF%D0%BE%D1%80%D1%82%D0%B0%D0%BB%D0%9C%D0%BE%D0%B9%D0%93%D0%9E%D0%A0%D0%9E%D0%94www.mgorod.kz