Apple басшысы 2020 жылы қанша табыс тапқаны белгілі болды

Американдық Apple Inc корпорациясының бас атқарушы директоры Тим Кук 2020 жылы шамамен 300 миллион доллар табыс тапты. Бұл туралы Интерфакс Apple-дің бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына (SEC) жіберген құжаттарына сілтеме жасап хабарлады.

Apple компаниясының қаржылық көрсеткіштері компанияның ішкі мақсаттарынан асып түсті, бұл топ-менеджердің бонустық төлемдерін арттыруға мүмкіндік берді. Коронавирустық пандемияға қарамастан, 2020 жылдың аяғында Apple-дің пайдасы ноутбуктер мен планшеттерге сұраныстың артуына байланысты 3,9% – ға өсті. Өйткені бүкіл әлем бойынша көптеген адамдар қашықтан жұмыс істеуге және қашықтықтан оқытуға көшті. 2020 жылы Apple-дің капитализациясы 80%-ға көтеріліп, $2 трлн-дан асты.

Нәтижесінде Тим Куктың ақшалай сыйақысы 40%-ға – $10,7 млн-ға дейін өсті. Сонымен қатар, өткен жылы Apple-дің жалпы құны $281,9 млн болатын акциялары оның меншігіне өтті, ол 2011 жылы Apple CEO болған кезде рәсімделген ұзақ мерзімді ынталандыру төлемдері пакеті аясында шектеулермен алынды.

Өткен жылы Тим Куктың жалақысы бір жыл бұрынғыдай 3 миллион долларды құрады. Сондай-ақ, компания топ-менеджердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бір жыл ішінде 470 мың доллардан және оның әуе сапарына 432 мың доллардан астам қаражат жұмсады.

60 жастағы Тим Кук Apple компаниясында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың тамызында Тим Кук миллиардер болды. Apple компаниясының бас директоры компанияның 0,02% акциясына ие – бұл оның дәулетінің көп бөлігі. Кук активтері ашық ақпарат негізінде бағаланды.

Back to top button