Такир Балықбаев. Бұл – Тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің қамы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген мақаласына орай пікір білдірді.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, биылғы жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Шын мәнінде бұл тарих үшін ұзақ уақыт емес, қамшының сабындай қысқа ғана мерзім. Соған қарамай осы 30 жылда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен елімізде ғасырға татитын ауқымды істер жүзеге асырылды. Шекарамызды шегендеп, іргемізді қымтап, дүниежүзінің саяси картасынан ойып тұрып орын алдық. Бүкіл әлем Қазақстан деген жас мемлекетті танып, онымен санасатын болды. Қазіргі кезде 140-тан астам мемлекетпен дипломатиялық байланыстамыз.

Тәуелсіздік жылдары жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы дүниеге келді. Тарихи Түркістан қайта түледі. Ұлы Далада жүздеген жаңа кәсіпорындар ашылып, кен орындары игеріліп, экономикамыз дамудың жаңа арнасына түсті. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, әлеуметтік салаларда да түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары әлемдік үрдістерге қарай жедел дамып барады.

Алайда кейбір ресейлік саясаткер-сымақтар «қазақта бұрын жер болмаған, жерді оған ресей сыйға тартқан деп» біздің елдігімізге, мемлекеттігімізге басқалардың күмән-күдігін туғызып, жеріміздің тұтастығына қауіп төндіруде. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына қарай әдейі жасалып отырған арандатушылық екенін жер-жаһанның көзі ашық, көңілі сара адамдары түсініп отыр.

Міне, мерейтойлық жылдың басында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деп аталатын салмақты да салиқалы мақала жариялап, халқымыздың санасындағы ауыр ойды серпілткендей болды. Ол бірінші кезекте «біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет», — деп ұлттық мүддені алдыңғы кезекке қоя отырып, қазақ жерінің тұтастығына көз алартушы арам пиғылды саясаткерлердің сөзіне тойтарыс беруге шақырады. «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ… Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық  жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн», ­– деген Қ.Тоқаев осы арада қазақ тарихын қайта зерделеп, еліміздің академиялық жаңа тарихын жазуды дереу қолға алуды тарихшы ғалымдарымызға тапсырды. Сондай-ақ Президент шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынды. Шын мәнінде Ұлы далада қай заманда қандай мемлекет орнап, ол қанша аумақты билегенін, сол жерлерде нендей оқиғалар болғанын бұлтартпас дәлелдермен дәлеледеп берсек ешкімге есеміз кетпес еді. Президенттің сондай-ақ Алтын Орда, Ұлық Ұлыс, біздің қазіргі төл тарихымыз екенін айта келіп, олар туралы фильмдер шығаруды назарға салуы өте орынды. Өйткені ресейді 300 жыл билеген Алтын Орданың негізі бізде жатқанын бүгінгі және кейінгі ұрпақ жақсы білуге тиіс.

Мемлекет басшысының биыл 100 жыл толғалы отырған 1921 жылғы ашаршылық тарихын терең зерттеу, Желтоқсан көтерлісінің 35 жылдығына орай желтоқсаншылардың ерлігін лайықты бағалау, ана тіліміздің абырой-беделін көтеру, талантты жастарды қолдау туралы ұсыныстарының бәрі Тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің қамы.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл мақаласы халқымыздың санасын оятып, ойына ой қосқан, рухын қайта жандандырып, жігерін жани түскен парасатты ой-толғамға толы өте құнды дүние болды. Оның үлкенге де, кішіге де берер тағылымы мол. Сондықтан біз, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы, Президент мақаласын қызметкерлер мен студенттер арасында кеңінен насихаттау үшін іс-шаралар жоспарын жасап отырмыз. Бұл жөнінде ашық дәрістер, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізілетін болады. Тарихшы ғалымдарымыз Қазақстанның жаңа академиялық тарихын жазуға белсене атсалысуға құлшынып отыр.

Back to top button