Елордалық полицейлер өртеніп жатқан үйден анасы мен үш баласын құтқарды

Елордалық полицейлер жанып жатқан үйден әйел мен оның 15, 9 және 13 жастағы үш баласын құтқарды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бүгін таңертең сағат 5.40-та патрульдік полиция полкінің қызметкерлері торуылдау барысында Өзен көшесіндегі жеке сектордан түтін шығып жатқанын байқаған. Ол үйдің шатырынан шығып жатқан. Патрульдік полиция полкінің инспекторлары аға лейтенанттар Ерлан Қатаев пен Асан Балтабаев дереу барып, есікті бұзып, ішке кірген.

Өрт пештен шыққан. Түтін бөлмелерге таралып үлгерген екен. Қараңғыда олар ұйықтап жатқан қызды тауып алған, ал келесі бөлмеде екі ер бала ұйықтап жатқан. Полиция балаларды оятқан. Бөлмеден шыққан шуды естіп, анасы жүгіріп келген. Үйдің өртеніп жатқанынан ол бейхабар екен.

Полиция қызметкерлері әйел мен үш баланы көшеге шығарып, қызметтік көліктеріне жайғастырған. Ал өздері өртті өшіруге кеткен. Тәртіп сақшылары өз күштерімен, қолда бар құралдармен өртті сөндірген. Кейін Ерлан Катаев болған оқиға туралы: «Барлығы өте жылдам болып кетті. Біз үшін ең бастысы – әйел мен оның балаларын құтқару. Ешкім зардап шеккен жоқ»,- деді.

Эвакуация аяқталғаннан кейін оқиға орнына жедел қызметтер келді. Үйлесімді және кәсіби іс-әрекеттің арқасында полицейлер әйел мен оның 15, 9 және 13 жасар үш баласының өмірін сақтап қалды.

Отағасы полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғысын жеткізді.

 

Back to top button