«Ақ жол» партиясының өкілдері қаржы секторының өкілдерімен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Ақтөбе облысының кәсіпкерлері мен қаржы секторының өкілдерімен кездесу өткізді.

Ақтөбе өңірінен алдағы сайлауда «Ақ жол» партиясынан облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға кандидаттар ұсынылды. Облыс өкілдері Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімінде де бар. Алғаш рет барлық аудандық мәслихаттарға партия филиалынан 3 үміткерден, облыстық мәслихатқа 6 және қалалық мәслихаттарға 7 үміткер ұсынылды.

Кездесу барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева қатысушыларды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Бағдарламаның бизнесті қолдауға және әлеуметтік салаға қатысты бағыттары сайлаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кәсіпкерлер бизнеске арналған несие бойынша пайызды төмендету жөніндегі «Ақ жол» ұсынған шаралардың өзектілігін атап өтті.

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асқар Садықов «Ақ жол» ҚДП алдағы уақытта да Қазақстанның ұлттық мүддесіне қызмет етіп, демократияны нығайтуға, бизнесті қолдауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ететінін мәлімдеді.

Үгіт-насихат тобының мүшелері сұрақтарға жауап беріп, сайлаушыларды олардың мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретініне сендіріп, аймақтағы кәсіпкерлер мен қаржыгерлерді «Ақ жол» үшін дауыс беруге шақырды.

Back to top button