Жаңалықтар

91 жастағы әже азаматтық алды

ашық дереккөзі

91 жастағы әже азаматтық алды

Қытайдан келген 91 жастағы Камал әже азаматтық алды, - деп хабарлайды «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз қызметі. Камал Қаһарманқызы - 1929 жылы қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылында туған. Әкесі Қаһарман, шешесі Шәрбану. Ел ішіндегі аумалы-төкпелі заманда 1932 жылы 5 жасында ата-анасымен Қытайға қоныс аударыпты. Ата-анасы Қытай елінің Бұратала облысы, Арасан ауданында тұрып, ауыл-шарушылығы саласында қызмет істейді. 1947 жылы Тегісбай Ыбырайымұлына тұрмысқа шығып, 4 ұл, 5 қызынан 40 астам немере-шөбере көріпті. Тағдыр жазуымен атажұрттан алыс кеткен ананың арманы елге оралу болыпты. Қазақ еліне алғаш рет жолдасы Тегісбай Ыбырайымұлымен 2004 жылы келіпті. 2006 жылы отағасы өмірден өтіп, елге келуіне қиындық туады. Араға жылдар салып отбасымен елге көшіп келеді. Осы тұста Камал әже құжат алу мәселесіне кедергілерге тап болады.  Себебі елімізде шетелден келген азаматтарға құжат алудың өзіндік шарттары көп. Атап айтсақ, туу туралы куәлік болуы және паспортта тегі көрсетілуі керек. Осы екі себептен біраз уақыт құжатын жасата алмайды. Осы орайда «Отандастар қоры» Камал әженің мәселесін қолға алып, тиісті мекемелердің көмегімен азаматтық куәлігін алып берді. Ғасыр жасаған әже аталған ұйымға алғысын айтып, қандастарға қол ұшын созған барлық азаматтарға рақметін айтады.