Қазақстандық спортшы Хабиб Нұрмагомедов басшылық ететін промоушнмен келісімшарт жасасты

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Сәбит Жүсіпов (10-3-0) жуырда Хабиб Нұрмагомедов сатып алған, кейіннен атауын өзгерткен Eagle Fighting Championship промоушнымен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Sports.kz.

Arlan MMA Pro Team-де жаттығатын Сәбиттің жаттықтырушылары команданың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында оның Eagle Fighting Championship-пен төрт жекпе-жек өткізу туралы келісімшарт жасасқанын хабарлады.

Сәбит шаршы алаңға соңғы рет қыркүйек айында Хабибтің әкесі Абдулманап Нұрмагомедовты еске алуға арналған турнирде шыққан болатын. Аталған кездесуде бразилиялық Рилдечи Диасқа (24-12) қарсы жұдырықтасқан ол қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен сұлатып, жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Eagle Fighting Championship қатарына қазақстандық спортшылар Жасұлан Әкімжан (5-2) мен Санжар Әділов (6-1-1) қосылған болатын.

Back to top button