Кәрі қыз «дәрі» қыз ба?

Кәрі қыз «дәрі» қыз ба?

Кәрі қыз «дәрі» қыз ба?
ашық дереккөзі
«Әр заманға бір зауал» демекші, бір кезде жиырма беске толғанша күйеуге шықпаған қыздарды «оң жақта отырып қалған» деп жасы елуден асқан кісілер тоқалдыққа сұрайтын болған. Себебі ол кезде жасы жиырмаға келгенше күйеуге шықпаған қыздарды «өтімсіз» санайды екен. Арыдағы ақындарға сөз берсек, ел арасында Шал ақын аталған Шал (Тілеуке) Құлекеұлы, (1748–1819) сол тұстағы қазақтың өрен жүйріктерінің бірі болған, сол Шал ақынның мынадай бір өлеңі бар: Жиырмаға жеткен қыз кәрі болар, Өңі кетіп шырайы сары болар. Ер елуге жетсе де айыбы жоқ, Әр уақытта біреудің жары болар. Қыз он беске келгенде мау тартады, Ата менен енеге жау тартады. Екі көзі, ел көшсе, төңіректе, Шарасыздың күніне жүк артады. Қыз он беске келгенде талма мойын, Он алтыға қыздардың қылса тойын, Он алтыдан асқасын болмайды ойын. Қыз он беске жеткенде кесте алады, Жаман менен жақсыны еске алады. Жиырмаға жеткенде тәйке деген, Аюша жиған майын төске алады. Ақынның сөзіне қарағанда, сол тұста қыдар жиырмаға толар-толмастан күйеуге шығуы тиіс болған. Яғни, одан өтсе отырып қалып, жақын-жуықтарына «өтпей қалған қыз» ретінде сөз келтіретін болған. Сондықтан о заманда қызды көп отырғызбай ұзатып жіберетін болған. Бұл қыз баланы ертерек өз орнын тауып, бала тауып ана болсын деген ізгі тілек болар. Өйткені қазақ «Өлімнен басқаның ертесі жақсы» деген ғой. Дегенмен заман өзгере келе ол дәстүр өзгеріске түсті. Себебі ХХ ғасырдың бас кезінде мемилекет билігін төңкеріспен алып, қантөгіспен орнаған Кеңес өкіметінің алға тартқан идеологиясының бірі – әйелдер теңдігі еді. Әрине, қазақта әйелдерді соншалық төмен ұстау деген салт болған жоқ. Қазақ қоғамында барлық уақытта әйелдердің орны жоғары болған. Көптеген салт-дәстүрлер әйелсіз, әйелдің бастауынсыз өтпейтін, тіпті, кей жағдайда еркектер мүлдем қатыстырылмай, тек әйелдер атқаратын дәстүрлердің болғаны шындық. Кеңес өкіметінің заңы бойынша, бұрынғыдай қыздың тұрмыс құруын ата-анасы емес, өзі шешетін болды. Әрине, бұрында бірлі-жарым кедей отбасылар күн көріс үшін жас қыздарын бай кісілерге тоқалдыққа берген жағдайлар болған, бірақ ол үрдіске айналған нәрсе емес еді. Кеңес өкіметі кезінде қыздардың 25-30-ға дейін күйеуге шықпай жүріп қалуы қалыпты жағдайға айналып кетті. Міне сол кезде тұрмыс құрмай жүріп қалған қыздарды «кәрі қыз» дейтін атау пайда болды. Солайша, мүлдем тұмыс құрып, ана атанудан мақрұм қалған әйел заты көбейіп кетті. Ол үдеріс қазір де жүріп жатыр. Қалай десекте, ұлттық демографияның болашағы әйелдерге байланысты. Бүгінде тұрмысқа кеш шығу белең алған. Тіпті күйеуге шықпайтын, азаматтық некеде жүре беретіндер көп. Ол – ол ма, енді мүлде күйеуге шықпауға үндейтін фенимистік топтар да пайда болып жатыр. Заң бойынша тұрмыс құу, құрмауды әр әйел заты өзі шешеді дегенімізбен, бұл аса қауіпті құбылыс. Себебі жері үлкен, халқы аз Қазақстан сияқты елге халықтың өспеуі саяси, экономикалық жақтан қиындық тудыруы бек мүмкін. Медицина ғылымы қыздардың 22 жастан аспай тұрмысқа шығуы денсаулығына пайдасы зор десе, психологтар 25-тен асқан қыздардың өз бақытын табуы қиындай түседі дейді. Статистика бойынша, осыдан 5-6 жыл бұрын «отырып қалғандардың» саны 350000 делінсе, қазір олар екі есеге өскен дейді. Бұл расымен қорқынышты сандар. Құдай әйел қылып жаратқасын ана болған жақсы ғой, сондықтан ешқашан «кәрі қыз» – дәрі қыз болған емес. Қазақтың әр қызы теңін тауып, бір отбасының иесі болса, одан артық бақыт жоқ. "Оқимын", "карьера қуамын" немесе "балалы болып боққа былғанып отырғым келмейді", "еркекті күтіп қиналатын жағдайым жоқ" деп түрлі сылтау айта беретін қыздар табиғи қиындықтардан қашқанымен одан басқасына кез болмаса жақсы...