Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтауды тапсырды

Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтауды тапсырды

Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтауды тапсырды
ашық дереккөзі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында жазды.

«2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы.

Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», делінген жазбада.

Роза Тәжібайқызы Бағланова әнші, Қазақстанның (1955) және бұрынғы КСРО халық артисі (1967), Халық қаһарманы (1996). Қызылорда облысының Қазалы қаласында 1922 жылы бірінші қаңтарда туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен 2-дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы тоғызыншы мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. 1947 - 1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949 - 1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады. Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындады. 1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері 2-конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.

Роза Бағланова 2011 жылы қаңтардың 8-інде Алматы қаласында дүниеден өтті.