Тән дертіне дәрі бар, жан дертіне не дауа?

Тән дертіне дәрі бар, жан дертіне не дауа?

Тән дертіне дәрі бар, жан дертіне не дауа?
ашық дереккөзі
Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалғыз ғана вакцинамен коронавирус пандемиясының салдарын жою мүмкін еместігін мәлімдеді. Вакцина табылар, індет сейілер, бірақ оның зардабы мен әкелген шығынының орны біразға дейін тола қоймайды, кедейлікке, аштыққа, климаттың өзгеруіне немесе теңсіздікке қарсы вакцина жоқ дейді сарапшылар. Расымен де, дауасыз дерт шарасыз жұртты жан-жақтан қыспаққа алды. Коронавируспен қоса «коронакризис» ұғымы пайда болды. Қорқыныш пен үрейге қымбатшылық қосылып, қаншама ай бойы төрт қабырғада қамалған халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Содан да болар, айнала толған агрессия, ашу. Әлеуметтік желіде де негативті пікірлер одан әрі көбейе түскен. Әлемдік індет – әлемдік күйзеліс  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы Еуропа бюросының бас­шысы Ханс Клуге әлем халқының пси­хи­калық денсаулығына коронавирус­тың тигізген әсері ұзақ уақыт бойы се­зі­летін болады деген еді. Ауру жұқ­тырудан қорқу, жақын жандардың ден­саулығына алаңдау, карантин, жұ­мыссыздық, қаржыдан қысылу сияқты қиын­дықтар жүйкеге ауыр салмақ тү­сіретіні айтпаса да белгілі. Індеттің салдарынан болған қиын­дықтарды былай қойғанда, вирус жұқтырған адамдардың жүйке жүйесі за­қымдалатыны да мәлім болды. Бри­тан­дық неврологтардың пікірінше, SARS-CoV-2 ми мен орталық жүйке жүйе­сіне қатты зақым келтіруі мүмкін. Яғ­ни вирус жұқтырған науқастың жүй­ке жүйесі қабынуы ықтимал. Бұдан бұрын Халықаралық еңбек ұйымының сауалнамаларына сәйкес, 19-29 жас аралығында әрбір екін­ші адам мазасызданып, депрессияға тү­седі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметінше, көңіл күй­дегі мұндай ала-құлалық басқа жас­тағы адамдарға да тән. Зерттеу нә­ти­желері қыс кезінде күйзеліс одан әрі көбейетінін көрсеткен. Сондықтан ма­мандар биылғы пандемия мен оның сал­дары халықтың психикалық ден­сау­лығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін еке­нін айтып дабыл қағып жатыр. Британдық The Lancet ғылыми-ме­дициналық журналы оқшау­лану мен карантин адамдардың пси­хо­логиялық жағдайына қалай әсер еткені туралы зерттеу жариялады. Авторлар со­нымен қатар белгілі әлемдік эпиде­мия­лар кезінде немесе одан кейін жа­зылған психикалық денсаулыққа ка­рантиннің салдары туралы жиырмадан астам мақалаларға талдау жасады (атап айтқанда, 2014 жылы Эбола індеті және 2003 жылы SARS). Көптеген мақала­ларда оқшаулану мазасыздықтың, ұй­қы­сыздық және эмоционалды тұрақ­сыздықтың жоғарылауынан кейінгі травматикалық синдромға (PTSD) және депрессияға дейін жеткізуі мүмкін екені жазылған. Алайда бұл зерттеудің нәти­же­лерін қазіргі жағдаймен толық байланыстыруға болмайды, өйткені коронавирус пандемиясы тарихта ал­ғаш рет әлем бойынша оқшаулануға алып келді. Пандемия аяқталмағаннан кейін бір нәрсені қорытындылау мүм­кін емесі және бар. Бірақ қазірдің өзінде пси­хологтар алаңдаушылық, суицидтік көңіл күй, тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың өсуі, сондай-ақ эмоционалды дис­регуляцияның өршігенін байқаған. Мұндай құбылулар, әсіресе корона­ви­руспен ауыратын адамдарда жиірек анық­талыпты. Зерттеушілер халықтың жүй­кесінің нашарлауына карантиннің ұзақтығы, инфекциядан қорқу, көңіл­сіздік пен жалығу, азық-түлік пен тұр­мыс­та пайдаланатын заттардың қоры жеткіліксіз болуы және жалған ақпарат әсер етіп жатыр деген байламға келіпті. Тек қана науқастар мен халық емес, бұ­рын мұндай жағдайды бастан өткер­ме­ген дәрігерлер де алғашында анти­деп­ресанттардың көмегімен жүргендерін айт­қан еді. Алайда карантин барлық адам үшін ауыр болмағанын да атап өту керек, кей жандар үшін оқшаулану жай­лы әрі ыңғайлы болған. Психологқа жүгініп жататындар – 17-30 жас аралығындағы жастар  Елімізде психологқа бару, күй­зе­ліс, депрессия ұғымдары қара­пайым халық арасында жиі айтыла бер­мейді. Маман көмегіне жүгінетіндер де басқа елдермен салыстырғанда аз. Де­генмен індеттің әсері бізді де айна­лып өтпегені анық. Осы мәселе төңіре­гінде психолог маманның пікірін білген едік. – Адамдар түрлі сұрақтармен келе­ді. Көбі әрине, пандемияға қатысты үрей­ден туған сауалдар. Онлайн кеңес бер­дік. Маған келген өтініштердің ша­мамен 40 пайыздан астамы коро­на­вирусқа байланысты болды. Небір жағ­дай бар, кейбіреулер есікке қол созу­дан қорыққан. Тағы бір лек қабыл­даған пациенттердің 60 пайызында қоғаммен қарым-қатынас қиындап, депрессия проблемалары туған. Мо­раль­дық қолдауға өтініш көп түседі. Не­гізінен психологқа жүгініп жата­тын­дар – 17-30 жас аралығындағы жастар. Оқшауланған соң оқуында, күнделікті өмірде мәселе көбейіп, стреске түскен.          Бір­де біздің қызметімізге логистикалық компания жүгінді. Сол мекемеде көп адам вирустан қайтыс болған екен. Со­сын басқаларында қорқыныш пайда бол­ған. Аймақтарда мұндай мәселенің көп екені анық, оларды қолдау қажет. Стреске түскен адам іштегісін ақтара ал­маған соң, сыртқы ортаға небір агрес­сия білдіріп жатады,  – дейді психолог Сандуғаш Құдайбергенова. 308 әйел қолдау көрсететін дағдарыс орталықтарына шағым түсірген Одан бөлек пандемия отбасылық зорлық-зомбылықты да үдетіп жі­бергенін байқадық. Карантин жағ­дайын­дағы қатаң шектеулер бүкіл әлем­де тұрмыстық зорлық-зомбылық жағ­дайларын күрт көбейтіп жіберген. Сәуір айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гу­тер­риш отбасындағы зорлық-зом­бы­лық­тың жаһандық өршуіне куә болып отырмыз деп мәлімдеген еді. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, наурызда карантин бас­тал­ғаннан кейін арада екі ай өтпей жа­тып зорлыққа үшыраған 308 әйел қол­дау көрсететін дағдарыс орталық­тарына шағым түсірген екен. Ал мұның тасасында беті ашылмай қалған қанша оқиғаның бары беймәлім. Біріккен Ұлт­тар Ұйымы маусым айында әлемде ба­лаларға қатысты да зорлық-зомбы­лық­тың күрт артатынын айтып дабыл қақ­қан еді. Осы мәлімдеме шындыққа ұлас­ты десек, жаңылысқанымыз емес. Мә­селен, қазіргі уақытта Қазақстандағы қо­ғамдық ұйымдардың бірлескен дере­гіне қарар болсақ, балалардың жәбір көруі әдеттегіден 1,5 есе артқан. Бір ға­на Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 150-ден астам отбасының балалары өз ата-анасынан зорлық көріп, есепке алын­ған. Сондықтан бұл мәселенің де ал­дын алмасақ, ушығар түрі бар. Әлемді жайлаған індеттің елімізге жеткеніне де жылға жуықтап қалды. Кімге болсын, оңай емес. Қазір індеттің өзінен салдары  қиын тиіп жатыр. Бұл жылды да тарих қойнауына жібереміз. Елдің бәрі ертеңіне үрке қараса да, жаңа жылдан жақсылық күтетіні айтпаса да түсінікті. Күйзеліс – жанның дерті, ал «жан ауырса, тән шыңғырады». Ішкі жан дүниенің дауылы сыртқа білінбей қалмайтыны тағы бар.