Жаңалықтар

Алыста жүрсек те, сіздер арқылы қандастарымыздың жағдайын біліп отырамыз

ашық дереккөзі

Алыста жүрсек те, сіздер арқылы қандастарымыздың жағдайын біліп отырамыз

– Атажұрт – бәріміздің кіндігіміз байланған тарихи Отанымыз. Әлемдегі барша қазақтың жалғыз Отаны. Елді, қазақша сөйлегенді, қазақша ақпарат оқуды сағынамыз. Сондай кезде үнемі Atajurt жобасының әлеу­меттік парақшалары арқылы тұрақты оқып, көріп отырамын. Atajurt жобасы біз секілді отандастарға өте керекті ақпараттарды ұсынады. Алыста жүрсек те, сіздер арқылы қандастарымыздың жағдайын біліп отырамыз. Бірге қуанамыз. Сондықтан істеріңізге сәттілік тілеймін! Жалпы, «диаспора» деген сөз грек тілінде «шашыраңқы» деген мағынаны білдіреді екен. Оған тарихи және басқа да себептермен өз Отанынан алыстап, шетте жүрген халықтың бір бөлігі жатады. Сол секілді қазақ жерінен жырақ жүрген отандастарымызды да айтуға болады. ХХІ ғасырда дамыған елдерде білім қуып, бизнеспен шұғылданып, тұрмысын жақсарту мақсатында шетте тұрып жатқан отандастарымыз көп. Осы ретте әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды тарихи Отанға шақырып, жағдай жасаған және отандастарды назардан тыс қалдырмайтын Елбасына және «Отандастар қорына» алғыс айтқым келеді. Оңтүстік Корея еліне шетелдіктер 2006 жылдан бастап, көптеп келе бастады. Олардың көбеюіне байланысты Сеулде халықаралық қауымдастық құрылды. Оған Филиппин, Вьетнам, Қытай, Өзбек­стан және қазақстан азаматтары кіреді. Қазір Оңтүстік Кореяда білім алып жүрген студенттер, жұмысшылар, кәсіпкерлер және өнер адамдары бар. Әрқайсысы Отанға деген сүйіспеншілігін ұмытпайды. Мұнда да мың бұралып би билеп, құйқылжытып күй шертіп, әуелетіп ән айтатын жастарымыз көп. Халықаралық ұйымдармен интеграциялық қарым-қатынасты нығайту мақсатында, қазақы  салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетімізді корей халқына халықаралық фестиваль, концерттерде, Наурыз мейрамында көрсетіп тұрамыз. Түрлі конкурс, сайыстарға қатысып, көрмелер ұйымдастырамыз. Корей халықаралық қауымдастығы және Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен көптеген іс-шаралар өткіздік. Келешекте екі елдің достығын одан ары нығайту мақсатында Кореяның басқа қалаларынан іскерлік үйлер, бизнес серіктестер, мәдени орталықтар ашып, Қазақстанға турист тартуды жоспарлап отырмыз.

Назгүл ҚАРАБАЕВА,

«Томирис» қазақ диаспорасы ұйымының жетекшісі (Оңтүстік Корея, Сеул қаласы)