Atajurt-тың ағайынға берері мол...
Atajurt-тың ағайынға берері мол...
Өткен күнде белгі бар, келер күннен үміт көп. Тарих тегершігі зымырап, тағы бір айналым жасады. Кезекті белесті артта қалдырды. Тышқан жылының тауқыметі мен тартуларына шүкіршілік етіп, шығарып салмақпыз. Әйткенмен, 2020 жыл әлем үшін, қазақ елі үшін де оңай жыл болған жоқ. Жаһанға жайылған індет адамзат санасына өшпес із қалдырды. Алайда айшықты да мерейлі кезең – Тәуелсіздіктің 30 жылына қадам басып отырмыз. Алдағы 2021 жылы қандастардың да атажұртқа көшіп келе бастағанына 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында 1 миллионнан астам қандасымыз елге оралыпты. Осыған орай, халықаралық Túrkіstan апталығы жыл басынан бері қандастарға арналған Atajurt атты ауқымды жобаны бастаған болатын. Ендеше тышқан жылының сабақтарын саралап, бізге тартқан сыбағасын таразыға салып көрелік.
Atajurt жобасына – 1 жыл
Бұл жобаның маңызын ескеріп, қолдау білдірген «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» екенін айта кеткен жөн. Жоба аясында қандастар көп шоғырланған Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына арнайы іссапармен барып, олардың өзекті мәселерін көтердік. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп, қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып, олар жайлы материалдар газет бетінде, сайтымызда үзбей жарияланып тұрды. Жыл бойы газет, сайт және YouTube арнасын қосқанда 100-ге жуық материал жарық көрді. 20-ға тарта салмақты сараптамалық мақала, 30-дан астам бейнерепортаж және басқа да әртүрлі форматта контенттер ұсынылды.
Елге оралған 1 миллионнан астам ағайын қоғамның әр саласында өздерінің білім-білігі мен жиған тәжірибесінің негізінде еңбек етуде. Тарихи Отанына оралған қандастардың қоғамдық ортаға бейімделіп кетуі үшін біраз уақыт керек. Сонымен қатар құжаттандыру мен қоныстану барысында жолығатын әкімшілік кедергілер де аз емес. Жоба барысында қандастар өмірінде кездесетін кедергілермен қатар олардың әр саладағы жетістіктері де назардан тыс қалмады. Шетелден алғаш келген ағайын Қазақстандағы қоғамдық өмірге сіңісе алмай тосырқап қалуы, құжаттандыру мәселесі, жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге кез болатын кеңселік кедергілер де жазылды.
Шешімін тауып қуантты
Баспасөз қандай да бір мекемеге тапсырма беруге немесе міндет жүктеуге құзыретті емес, әрине. Десек те, біраз кейіпкеріміздің мәселесінің оң шешім табуына әсер еткеніміз рас. Атап айтқанда, Қытай елінен келіп, оралман куәлігімен қарапайым жұмыс істеп жүрген қандасымыз Айқын Белиянхан жалақысын ала алмай жүргенін жазған едік. Бұл мәселенің тез арада шешілуіне газеттің пәрменділігі ықпал етті десек те болады. Қандасымыз Айқын ала алмай жүрген жалақысын алды, ықтиярхат алды және өзіне лайықты жұмысқа да орналасқан еді.
Сол секілді Моңғолиядан көшіп келген жалғызбасты ана Бақытгүл Ғибадатқызының туберкулез ауруының асқынған түрімен науқастанғаны, тұрмыстық жағдайының төмен екені және әлеуметтік жәрдемақы ала алмай жүргені газет бетіне жарияланған соң, тиісті орындарға хат жаздық. Қандасымыз Бақытгүл Ғибадатқызының да мәселесі оң шешімін тапты. Ол мүгедектерге арналған әлеуметтік жәрдемақыны алуға болатын анықтамасын алды. Газетіміз бастап қоғамдық мәселе көтеруінің нәтижесінде кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен екі бөлмелі үйге ие болды. Осыдан кейін қандасымыз арнайы хат жазып, редакцияға алғыс айтты.
Сонымен қатар Қытайдан көшіп келген қандасымыз, Қазақстан азаматы Қарақат Әбдеш күйеуі мен оның әкесі және екі інісі Қытайда жазықсыз сотталып, отбасы екіге бөлінгенін айтып берген еді. Өзі туыстарына бара алмайды екен, бір рет барғанда екі жыл үйқамақта ұстаған. Өте қиын жағдай, әрине. Жағдайды бүге-шігесіне дейін баяндап, газетке жарияладық. Ізінше халықаралық конвенцияларға сүйене отырып, екіге бөлінген отбасын қосуға ықпал жасауын сұрап, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған едік. Жақында хатқа жауап алдық, онда бұл мәселе бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай елшілігіне нота жолдап, екіжақты кездесуде көтеретінін мәлімдеді.
Сол сияқты астана іргесінде негізінен қандастарымыз қоныстанған Нұрбесік деп аталатын шағын елді мекен бар. Шетелден қоныс аударған қандастарымыздың сол жерде тұрып жатқандарына он шақты жыл болса да, әлі күнге дейін үй-жайларын заңдастыратын құжаты жоқ. Әрі елді мекенге бірде-бір коммуникация тартылмаған. Бұл мәселе бойынша бірнеше рет елді мекен тұрғындарымен кездесіп, видеорепортаж жасап, газетке мақала жарияладық. Әрі құзырлы мекемелерге сұрақты төтесінен қойып, хат жолдадық.
– Нұрбесік ауылындағы азаматтардың жер құжаттарын алуға байланысты мәселесін алғаш болып көтерген осы Túrkіstan газеті. Оның әсері болғанын айта аламын. Өйткені осы мәселе көтерілгеннен кейін қаланың әкімі ауылға келді. Халықпен жүздесті. Қордаланған мәселелерді шешуге атсалысамын деді. Осының әсерінен қазір Нұрбесікте жол салынды. Газ жүйесі тартылып, жарық мәселесі шешілді. Су тартылып жатыр, – дейді «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан.
Сондай-ақ Павлодар облысында шетелден келген қазақтардың ең бірінші ЖСН алу мәселесі қиын екені жазылды. Бұл мәселенің де түйіні шешілді. Қазір қандастар еш кедергісіз ЖСН ала алатын болды. Тізе берсек, мұндай мысалдар өте көп-ақ...
Atajurt жобасы: этникалық қазақтар
Шетелдегі қазақтарды елге шақыру, елге келген қандастардың тарихи Отанына кірігіп кетуі жолында кешенді істер атқару – маңызды бағыттардың бірі. «Елге ел қосылса құт» деп бекер айтпағаны белгілі. Шеттен көшіп келген, көшіп келгісі келетін ағайынды сыйғызуға қазақ жерінің әлеуеті жетеді. Дегенмен қандастардың алдынан шығар көптеген кедергілер бар. Әуелі қандастарды бейімдеу жұмыстары жүйелі жүруі қажет. Содан соң келген ағайынның көбінің айтатыны құжаттандыру мәселесінің ұзаққа созылатыны, кеңселік кедергінің көптігі. Үшінші мәселе, жеке кәсіппен айналысқысы келетін қандастар тағы да әкімшілік кедергілерге тап болады. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысқысы келген қандасымызға мал ұстауға ыңғайлы жер берілмейді. Оны реттейтін жергілікті әкімшіліктегі жұмыстың деңгейі әртүрлі. Біз осындай және тағы басқа күрделі мәселелермен қатар қандастардың елге келіп сіңірген еңбегін, атқарған қызметін көрсетуге тырыстық. Atajurt жобасы негізінен елге көшіп келген қандастарға арналғанымен, шеттегі ағайынның тыныс-тіршілігі де біздің назарымыздан тыс қалған емес.
Қанды ойнатқан қандастар әні
Шетелден көшіп келген небір талантты қыз-жігіттерді газет арқылы насихаттап, олардың өз орнын табуына, лайықты жұмысқа орналасуына әсер еткен кездеріміз де болды. Бұл ретте есімі алты Алашқа белгілі жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстан және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов ағамыз шетелдегі қазақ диаспорасының музыка мұрасы жайлы көлемді сұхбат берді. Одан бөлек, әнші, қобызшы Қыдырбек Қиысхан, әнші Қадыхан Манайұлы, әнші Өзгеріс Шерікбай т.б. өнерпаздармен шетелдегі қазақтардың мәдениеті жайлы жарияланған сұхбаттар оқырман қауымға қызықты болғаны сөзсіз.
Әлем қазақтарымен жүздесу
«Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Тúrkistan халықаралық газеті бірлесе отырып, алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастармен «Túrkіstan қандастарға төрін ұсынады» атты жүздесуі өтті. Zoom платформасында өткен шараға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, «Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және әлемнің 30-ға жуық елінен қандастарымыз қатысты. Онлайн жүздесу барысында алыстағы ағайынмен рухани-мәдени һәм ақпараттық байланыс орнату мәселесі талқыланып, Тúrkistan газетінің қандастарға арналған Atajurt жобасы таныстырылды. Сонымен қатар шетелдегі мәдени орталықтардың жетекшілері де өз ұсыныс, пікірлерін және атажұртқа деген сағынышын жеткіз-ген еді.
Заңға келіп тірелді
Қазақстан – өзінің қандастарын тарихи Отанына шақырып отырған әлемдегі санаулы елдің бірі. Әрі бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табатыны анық. Сол сияқты қандастарға арналған жобамызды біз де әрі қарай жалғастырсақ деген ниеттеміз. Қазір мемлекет шетелдегі қазақ жастарына білім грантын бөліп, олардың ертерек елге келіп мамандық иеленуіне, әрі қарай тарихи Отанында қалуына жағдай жасап отыр. Бұл шетелдегі қазақты елге шақырудың ең тиімді жолы. Сол үшін де біз елге келген ағайынның өзекті мәселесін көтеріп, олардың осы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына ақпараттық қолдау көрсеттік деуге де болады.
Алайда қандастар арасында шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Себебі көп жағдай қолданыстағы Көші-қон заңының кейбір солқылдақ тұстарына келіп тіреледі.
Көбіне азаматтар құзырлы мекемелерге бара-бара, ақыры мәселесі шешімін таппаған соң ақпарат құралдарына жүгініп жатады. Мұндай жағдайда үміт артып келген соң барлық азаматтардың мәселесіне бейжай қарамай, әрқайсысына ықыласпен көңіл бөлуге тырыстық. Әрине, заң жүзінде қандай мүмкіндіктер бар, бәрін пайдалануға болар еді. Алайда кейбір мәселелердің шешілуіне заңның өзі кедергі тудырады. Осындай көші-қон саласының кедергілерін шешуге алдағы жаңадан сайланбақ Парламент депутаттары ұсынысымызды қабыл алып, үнемі назарда ұстайды деп сенеміз.
Atajurt жобасы өз жұмысын бастағалы алыс-жуықтағы ағайынның алғысын да алды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қандастар тақырыбын тұрақты жазып, олардың мәселесінің шешімін табуына ықпал еткеніміз үшін алғысхаттарымен марапатталғанын айта кету артық болмас. Жоба алдағы жылда жалғаса бермек. Ширек ғасыр тарихы бар басылым әрқашан қазақ көшімен бірге!