Халықаралық арбитраж сотының судьясы қызметіндегі қазақ қызы: Қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмей жүр
Халықаралық арбитраж сотының судьясы қызметіндегі қазақ қызы: Қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмей жүр
Жуырда отандасымыз Гүлнұр Нұркеева Қытайдағы халықаралық арбитраж сотының судьясы болып тағайындалды. Соңғы он жылда Бейжіңде қызмет етіп жүрген Гүлнұр Қазақстанда да он жылдай жоғары лауазым атқарған, тіпті Салық кодексін құрастырушылардың қатарында болған мықты маман. Сыртта жүрсе де, Қазақстан студенттеріне және заңгерлеріне лекция оқып, мамандар даярлап жүрген Гүлнұрға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Ал адвокат болып жүрген жеріңізден Қазақстанның алғашқы Салық кодексін құрастыру ісіне қалайша шақыртылдыңыз?
– Сол 12 істің бірінде Салық комитеті адвокаттар қосылған құн салығын төлеуі керек деп шешіп, бізбен соттасқан болатын. Сол сотта адвокаттарды жақтап, істі жеңіп шыққан мені көрген комитет өкілдері «Жас болсаң да, мықты маман екенсің. Бізге жұмысқа келсең қайтеді?» деп мені Мемлекеттік кіріс министрлігіне жұмысқа шақырды. Сосын Салық кодексін құрастыруға жауапты жұмыс тобының қатарында болдым. Онда істеген екі жылдың ішінде бөлім бастығы лауазымына дейін көтерілдім. Сол кезде әкем қатты ауырып қалды. Жағдайды бағамдап қарап мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтынымды түсіндім, себебі жұмыс қызықты болғанымен, жалақым аз болды. Сосын мені «ҚазТрансОйлға» Ішкі аудит департаментіне бас менеджер қызметіне шақырды. Одан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы құрылып, соның еншілес компаниясы – Қазақстандық келісімшарт агенттігіне департамент директоры қызметіне тағайындалдым. Сосын 2006 жылы «Самұрық» қоры ашылып, оның еншілес компаниясы – «Тау-кен Самұрыққа» департамент директоры болып ауыстым. Осы қызметте жүргенде күйеуім Қытайға баруы керек болды. Сол уақытта елде менің де карьерам алға өрлеп тұрған болатын. Сол себепті Қытайға барғым келмей, не істерімді білмей жүрдім. Оның үстіне, тура сол кезде басшылық «Басқарма төрағасының орынбасары етіп тағайындаймыз. Қытайға бармай-ақ қой» деп ұсыныс айтты. Бірақ анамнан үлгі алып, ол кісінің айтқанына құлақ астым. Жалпы, анам бүкіл ғұмырын әкеме сарп еткен жан. Жоғарыда айтып өткенімдей, әкемнің партиядағы жұмысымен әр үш жыл сайын көшіп жүретінбіз. Әкем қайда барса, анам да сонда барды. Сөйтіп, бір жанұяда екі адам бас бола алмайды дегенді алға тартып, күйеуімнің соңынан еріп, осында келдім.
– Заңгер мамандығының қыр-сырын онша біле бермейтін біз секілді жандарға түсіндіре кетсеңіз. Арбитраж соттың Үкімет сотынан айырмашылығы неде?
– Ең үлкен айырмашылығы мынада: Үкімет сотында сізге кім төрелік ететінін сот шешеді. Ал арбитраж сотында үш төреші болады, оның екеуін өзара дауласуға келген екі тарап таңдайды, екі жақтан таңдалған сол екі төреші өздеріне төрелік ететін басты төрағаны таңдайды. Мысалы, екеуі «Бұл процесті қарастыруда Гүлнұрдың тәжірибесі мол, сол себепті ол бізге төраға болсын» дегендей ақылдасады. Сосын үшеуі бірлесіп шешеді. Айта кетерлік жайт, арбитраж соты отбасылық-некелік, әкімшілік-қылмыстық істерді ғана қарамайды, қалған істің барлығына төрелік жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, үкімет сотында сот үкімін базадан кіріп көруге болады. Ал бізде барлығы қатаң құпия түрде сақталады. Сол себепті сіз «арбитраж соты былай өтті» дегенді жиі естімейсіз. Сосын үкімет соты ұзаққа созылады, тараптар келіспей, инстанциядан- инстанцияға жүгіріп, көп уақыт жүріп алады. Ал бізде олай емес. Жалпы, арбитраж сотына төрелік ететін судьяның қаламақысы анау айтқандай көп емес. Мен бұл қызметке қарағанда фирмадағы жұмыстан көп ақша табамын. Мысалы, халықаралық заңгердің бір сағаты – 300-400 АҚШ доллары. Ал егер бір жобамен он сағаттай айналыссам, 4 000 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат төленеді. Сол себепті сот істерін қарастырғаннан гөрі, жобалардан көп пайда табамын. Алайда маған бұл жұмыс қызықты. Сол себепті бұған төрелік етуге дайынмын, көп уақытымды арнауға бармын.
– Суреттеріңізден байқағанымдай, қазақстандық студенттерге қашықтан лекция оқиды екенсіз. Суреттегі өзіңіз оқыған Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері ме, әлде?
– Иә, өзім түлеп ұшқан университет әкімшілігі теорияға негізделмей, «тірі» кейстерге сүйене отырып, студенттерге лекция оқу туралы ұсыныс білдірді. Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттерінен бөлек, Заңгерлік консультанттар палатасында қазақстандық заңгерлерге тегін дәріс беремін. Мұнда мен оларды халықаралық келісімшарттар бойынша жұмыс істеудің қыр-сырын үйретемін. Сонымен қатар Қазақстан елшілерімен бірге Орталық Азия елдеріне жиі іссапарға шығып, онда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы сөз етемін. Сол себепті елден жырақ жүрсем де, елдің өркендеуіне, ондағы мамандардың дамуына бір кісідей атсалысып жүрмін.
– Соңғы уақытта заңгер мамандығының мәртебесі төмендеп кеткендей. Көпшілік ортада «Екінің бірі заңгер. Не көп, заңгер көп. Бірақ жұмысы жоқ» дегендей пікірді жиі естимін. Заңгер деген дипломы бар, бірақ мұны дұрыс қолдана білмей жүргендерге қандай ақыл айта аласыз?
– Мен де соңғы уақытта жастарға не болғанын түсінбей дал боламын. Компанияда көп қазақ жастарын тағылымдамадан өткіземін. Олармен сұхбаттасқан соң, «Неге бұлай болды екен? Неліктен адамдарда жұмыс істеу құлшынысы аз?» деп таңғаламын. Алысқа ұзамай-ақ, өз тәжірибеме сүйенсем. Мысалы, министрлікте жұмыс істеп жүргенімде алатын жалақым 70 доллар болды, ал пәтерге 100 доллар төлеуім керек. Жалақым аз болса да, тынбай жұмыс істеп, таңнан кешке дейін кеңседен-кеңсеге жүгіріп жүретінмін. Мысалы, Салық кодексін жасап жатқанда менде тіпті тамақ ішуге уақыт болған жоқ. Оның үстіне, кодекс жаңа болған соң, оған орайластырып, заңдарды қайта өзгерту үшін тынбай жұмыс істейтінбіз. Сөйтіп жүргенде асқазанымда гастрит пайда болыпты. Ол уақытта жұмыспен жүгіріп жүріп тамақты аз ішесің, тіпті көптеп тамақтанғың келсе де, қалтаңда қыруар ақша да жоқ. Сөйтіп, ауырып аурухана түстім. Дәрігерлер бастапқыда жұқпалы ауру түрі екен деп ойлап, мені арнайы боксқа жатқызды. Кейіннен гастрит екені белгілі болған соң да бокстан шығармай, екі аптаға жатқызып қойды. Ал бізде келесі күні парламентте тыңдалым болмақ. Жұмыста кодекс құрастыру ісінің басы-қасында жүрген жалғыз менмін. Бір жағынан бастығым хабарласып, ренішін білдіріп жатса, екінші жағынан әріптестерім тереземнің астына келіп: «Бастық «Неге бұл істі Гүлнұрдан басқа ешкім білмейді?» деп ренжіп жатыр. Қайтесің?» деп жұмысқа келуімді өтініп тұр. Жан-жағың қирап, барлығы күйіп-пісіп жатқанда «Жоқ, болмайды, мен ауырып жатырмын» деп емін-еркін жата алмайсың ғой. Сөйтіп, аурухананың екінші қабатындағы терезесінен қасында тұрған гаражға секіріп, бірден жұмысқа қарай қашып кеткенмін (күліп). Осылайша, жұмыс десе ішкен асымды жерге қойып, еңбек етуге деген құлшынысым асып-тасып тұрды. Ал мен бұдан жаман болдым ба? Жоқ. Өз жұмысыңды жақсы көрсең, міндетті түрде жемісін көресің. Сол уақытта «Жап-жас қыз бола тұра, осындай қызмет атқарады. Мұны жоғары жақта көтермелеп отырған біреуі бары анық» дегенді жиі еститінмін. Жалпы, елде қызметте жүргенде естімегенді естідім. Алайда басшылық жақта ешқандай аға-көкемнің жоқтығын білмейтін олар мұның басты құпиясы өз ісіме адал болғаным туралы тіпті де ойланбайтын. Мысалы, қазір заңгерлерге көрсеткен қызметі үшін ақша төлеймін. Берілген тапсырманы орындамаса «Неге бұлай болды?» деп сұрасам, өзгені кінәлап, мың сылтау айтады. Ал біз кезінде бастыққа «Мен мұны істей алмаймын» немесе «Кешіріңіз, бұған уақытым жоқ» деп тіпті де айта алмайтынбыз. Бастық «Істе!» деді ме, бітті, өлсең де істеуің керек. Ал қазіргі жастар олай емес, өз қызығушылығы мен талап-тілегін жоғары қояды. Сосын оларды жұмысқа тұрар кезде бір ғана сұрақ мазалайды: «Сіз маған қанша төлейсіз?». Ал олар «мен жаңа жұмыс орныма не бере аламын?» деп еш ойланбайды. Олар «Маған 700 000 теңге жалақы керек» деп мәселені төтесінен қояды. «Жақсы, ал сен не білесің?» деп сұрасам, қытай, ағылшын тілдерін білетінін айтады. «Ал сөйле!» десем, «Менің есімім ...» деп базалық деңгейде әңгімелеседі. Байқағаным, қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмейді. Қазіргінің жастары өз заманынан көш ілгері ойлайтын болғаны дұрыс деп айтады. Креативті қабілетті керек ететін сала мамандарына бұл керек нәрсе шығар. Ал заңгер мамандығын игерген адам аспанда қалықтамай, өз ісіне мұқият, жинақы болуы керек. Жалпы, заңгерлер жұмысқа деген қатынасын, көзқарасын өзгертіп, клиентке бағдарланған маман болуы тиіс. Сосын заңгерлердің арасында «сарафан радио» деген түсінік бар. Мысалы, жоғарыда 19 жасымда бір істі жеңіп алғанымды сөз еттік. Сол істе мені байқаған бір клиент екіншісіне айтады, ол үшінші танысына ұсынады. Сөйтіп, мықты репутация қалыптастырып, сұраныс арттырып алуға болады. Десек те, менің жетекшілігімде жұмыс істеген қазақ жастарының барлығы көңілімнен шықпады деп айта алмаймын. Арасында көзге түсіп, талпынып жүрген жастар баршылық. Мысалы, менде жұмыс істеген бір бала Америкаға барып тәжірибе жинап, сосын Астанадағы халықаралық қаржы орталығына білікті маман болып оралды.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ