Халықаралық арбитраж сотының судьясы қызметіндегі қазақ қызы: Қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмей жүр

Халықаралық арбитраж сотының судьясы қызметіндегі қазақ қызы: Қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмей жүр

Халықаралық арбитраж сотының судьясы қызметіндегі қазақ қызы: Қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмей жүр
ашық дереккөзі
Жуырда отандасымыз Гүлнұр Нұркеева Қытайдағы халықара­лық арбитраж сотының судьясы болып тағайындалды. Соңғы он жылда Бейжіңде қыз­мет етіп жүрген Гүлнұр Қазақстанда да он жылдай жоғары лауазым атқарған, тіпті Салық кодексін құрастырушылардың қа­тарында болған мықты маман. Сыртта жүрсе де, Қазақстан студенттеріне және заң­герлеріне лекция оқып, мамандар даярлап жүрген Гүлнұрға хабарласып, әңгі­ме­лескен едік.  width= – Гүлнұр, жаңа лауазымыңыз құт­ты болсын! Еңбек жолыңыз­ды шолып шықсам, елде жүр­ген­де бірқатар лауазымды қызмет ат­қарып, тіпті Қазақстан Салық ко­дексін құрастыруға атса­лы­сып­сыз. Ең қызығы, сізді адво­кат қызметін 19 жасыңыздан бас­тап атқарған деседі. Сонда сіз уни­верситетте оқи жүріп, ад­во­кат болғансыз ба? – Иә, ол рас. Түсінікті болу үшін әң­­гімені әріден бастасам. Мен 1979 жы­лы Қарағанды қаласында дүниеге кел­дім. Әкемнің жұмыс бабымен сол ай­мақтағы түрлі елді мекенге көшіп, бір­неше мектепте оқыдым. Сосын Бал­қаштағы орта мектепті бітірген соң, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінің заң фа­культетіне оқуға түстім. Айта ке­терлік жайт, мектепті 15 жасымда аяқ­тадым, себебі әкемнің екі мәрте ин­фаркт алуына байланысты ем­ти­хандарды шұғыл түрде тапсыруыма тура келді. Жалпы, маған әкемнің ықпалы зор болды. Әкем КИМЭП-тің ал­­ғашқы түлектерінің бірі. Біле біл­сеңіз, КИМЭП бұрынырақта Жоғары партия мектебі деп аталған. Әкем сонда оқып жүрген кезде «Балқаш ет ком­бинатының үлгісінде кәсіп­орын­дарды жекешелендіру мәселелері» де­ген тақырыпта диссертация қор­ға­ған. Сөйтіп, ол сол уақытта Жез­қаз­ған облысы бойынша компанияны же­кешелендірген алғашқы адам бол­ды. Сосын олар ет комбинатында ке­рексіз қалған тері, сүйектерді сата бас­таған. Алайда Кеңес үкіметі құла­ғанда Қазақ КСР Қылмыстық кодексі өз­геріп үлгермеген соң, мұндай сау­да-саттық алыпсатарлық деп та­ны­лып, әкеме қатысты қылмыстық іс қоз­ғалды. Ал шындап келгенде ет ком­бинатының дамуына, сауда қа­тынасын күшейтуге үлес қосып жүр­ген адамға мұндай айып тағылмауы тиіс еді. Әкем өзін ақтап шығу үшін сот­тан-сотқа жүгіріп жүрді. Ол уа­қыт­та мен 14 жастамын. Онымен бір­ге сотқа мен де баратынмын. Кейін­нен әкем ақталып шығып, әлгі қылмыстық іс тоқтатылды. Дегенмен ол сол тағылған айыпты жүрегіне жа­қын қабылдап, ауырып қалды. Бұл соқ­қыны көтере алмады. Сөйтіп жүріп сал болып, ақырында төсек тар­тып жатып қалды. Ол кісі мен енді-енді еңбекке араласа бастағанда дүние салды. Қазір анам зейнетте, ағам екеуі Қазақстанда тұрады. – Сонда заңгер мамандығын таң­дауыңызға әкеңізбен байла­нысты осы іс түрткі болды ма? – Иә. Әкеме көмектескім келді. Ол кісінің шарқ ұрып, әділеттілік із­деп, жүгіріп жүргенін көріп, мін­дет­ті түрде заңгер боламын деп шеш­тім. Сосын 19 жасымда елордаға ке­ліп, Ақмола облыстық адвокаттар кол­легиясына жұмысқа тұрдым. Кол­легияға жұмысқа тұрған соң, бір­ден адвокат болып кете алмайсың, ал­дымен лицензия алуың керек. Сөй­тіп, түрлі емтихандар тапсырып, лицензия алып, адвокат атандым. Бас-аяғы бір жылдың ішінде 12 істі жеңіп шықтым.  width= – Ал адвокат болып жүрген же­­ріңізден Қазақстанның ал­ғаш­­қы Салық кодексін құрас­тыру ісіне қалайша шақыртыл­дыңыз? – Сол 12 істің бірінде Салық ко­ми­теті адвокаттар қосылған құн са­лығын төлеуі керек деп шешіп, біз­бен соттасқан болатын. Сол сотта ад­­­­вокаттарды жақтап, істі жеңіп шық­қан мені көрген комитет өкіл­дері «Жас болсаң да, мықты маман екен­сің. Бізге жұмысқа келсең қай­те­ді?» деп мені Мемлекеттік кіріс ми­нистрлігіне жұмысқа шақырды. Со­сын Салық кодексін құрастыруға жауап­ты жұмыс тобының қатарында бол­дым. Онда істеген екі жылдың ішін­де бөлім бастығы лауазымына дейін көтерілдім. Сол кезде әкем қат­ты ауырып қалды. Жағдайды бағам­дап қарап мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтынымды түсін­дім, себебі жұмыс қызықты бол­ға­ны­мен, жалақым аз болды. Сосын мені «Қаз­ТрансОйлға» Ішкі аудит де­пар­та­ментіне бас менеджер қызметіне ша­қырды. Одан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы құрылып, соның ен­шілес компаниясы – Қазақстандық ке­лісімшарт агенттігіне  депар­та­мент директоры қызметіне тағайын­дал­дым. Сосын 2006 жылы «Сам­ұрық» қоры ашылып, оның еншілес компаниясы – «Тау-кен Самұрыққа» де­партамент директоры болып ауыстым. Осы қызметте жүргенде күйеуім Қытайға баруы керек болды. Сол уақытта елде менің де карьерам алға өрлеп тұрған болатын. Сол се­бепті Қытайға барғым келмей, не іс­терімді білмей жүрдім. Оның үс­тіне, тура сол кезде басшылық «Бас­қар­ма төрағасының орынбасары етіп тағайындаймыз. Қытайға бар­май-ақ қой» деп ұсыныс айтты. Бірақ анам­нан үлгі алып, ол кісінің айтқа­ны­на құлақ астым. Жалпы, анам бү­кіл ғұмырын әкеме сарп еткен жан. Жоғарыда айтып өткенімдей, әкем­нің партиядағы жұмысымен әр үш жыл сайын көшіп жүретінбіз. Әкем қайда барса, анам да сонда барды. Сөйтіп, бір жанұяда екі адам бас бола алмайды дегенді алға тартып, күйеуім­нің соңынан еріп, осында кел­дім.  width= – Жолдасыңыз Қытай қазағы емес пе? Ол кісімен қалай таныс­тыңыз? – Жоқ, Қазақстанның тумасы. Ке­зінде әкесі ауырып, оған Қытайда ота жасату керек болғандықтан, ол кі­сіге қарайласу үшін келген. Осы жақ­та университет бітірген, сосын елге келіп жұмыс істеген. Екеуіміз «Қаз­­Трансойлда» жұмыс істеп жүр­ген­де таныстық. Ол – «ҚазМұнайгаз» компаниясының Қытайдағы өкілі. Қытай тілін жетік білетіндіктен, оны басшылығы осында жұмысқа жі­берді. – Қазақстанда карьерасы өр­леп тұрған сізге Қытайда барлы­ғын басынан бастау қиын болған шығар... – Әлбетте, қиын болды. Десек те мен онда барып, қол қусырып отыр­­ма­дым. Іздендім, оқыдым, тал­пын­дым. «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша Бейжің университетінің магистратура бөліміне оқуға түстім. Со­сын бағдарлама ережесіне сәйкес, елге келіп бес жыл жұмыс істедім. Дәл сол сәт маған қиынға соқты. Се­бебі ұлым күйеуіммен бірге Қы­тайда қалды, ал қызым өзіммен бірге Қа­зақ­станда болды. Елге келгенде «Тау-кен Самұрықтағы» жұмысыма қайта орналасып, онда үш жыл еңбек еттім. Сосын GRATA International заң фир­масында Қытаймен байланысты де­партаменттің бастығы болып жұмыс іс­тедім. Бес жылдан соң Қытайға ора­лып, онда GRATA International-дың кеңсесін аштым. Сөйтіп, 2014 жыл­дан бері аталған фирманың же­текшісі қызметін атқарып келе­мін. Жалпы, GRATA International – посткеңестік елдер мен Шығыс Еу­ропа бойынша сот ісін жүргізуде көшбасшылардың басын біріктіретін халықаралық компания. Бүгінде GRATA International-дың 18 мемле­кет­те орналасқан кеңселерінде 250 адам жұмыс істейді. Қазақстандағы кеңседе 75 адам, ал мен отырған Қы­тайдағы кеңседе 5 адам жұмыс іс­тейді. Бүгінде фирма ҚХР Ұлттық ком­панияларының ішінде танымал компанияға айналды. Жыл сайын China Business Law Award номина­ция­сын иеленеді. Міндетімізді нақ­тырақ түсіндіретін болсам, қытай­лық­тардың осы 18 мемлекетке сал­ған инвестициясына заң жағынан қол­дау көрсетеміз. Сосын сол мем­лекеттердің өкілдері Қытайдан бір нәрсе сатып алуды құп көрсе, оларға заңгерлік қызметтер көрсетеміз. Осы ретте айта кетейін, көпшілік Қытай инвестор­ларын онша жақсы көр­мейді. Деген­мен олар кейбір салада үздіктердің үздігі саналады. Мысалы, әлем бойын­ша цемент зауытын жасап шы­ғаруда оларға тең келер ешкім жоқ. Осылайша, трансұлттық келі­сім­шарттарды жүргізумен айн­а­лысамыз. Одан бөлек, докторантура бөлімінің студентімін (күліп). Бірде конференцияда баяндама оқы­ға­нымда, қасыма қытайлық бір про­фес­сор келіп «Сіздің айтқаныңыз маған ұнады. Бізге докторантураға тү­сіп, диссертация жазуға қалай қа­рай­сыз?» деп ұсыныс білдірді. Бас­тап­қыда жұмысымның көптігінен бас тартқанмын. Бірақ олар табан­ды­лық танытып, грант ұсынып, ақы­рын­да райымнан қайтарды. Сөйтіп, қа­зіргі таңда Қытай саясат және құ­қық мектебінде докторантурада оқып жатқан жайым бар. Бұйырса, бұл оқуды 2021 жылы бітіремін. – Ендігі кезекте халықаралық ар­битраж сотын әңгіме қылсақ. Қазақстандық телеарналардың біріне берген сұхбатыңызда атал­­ған соттың судьясы болып та­ғайындалуыңыз сіз үшін то­сын­сый болғанын айттыңыз. Сон­да сіз іріктеуден өту үшін құ­­жаттар өткізбейсіз бе? Жалпы, заң­гер халықаралық арбитраж сотының судьясы болуы үшін не істеуі керек? – Арбитраж туралы заңға сәйкес, тө­релік комиссиясына тек ҚХР аза­маттары мүше бола алады, алайда шет­елдік элементі бар істерді қарас­тыру үшін Халықаралық сауда пала­та­сы төрелік комиссиясын құрады. Аталған комиссия арбитраж мүшесі ретінде шетел азаматтарын жұмысқа ала алады. Сөйтіп, Халықаралық сау­да палатасы құқық, экономика сала­сын­да кәсіби білімі бар шетелдік кан­дидаттарды қарастырады. Қазіргі таңда «Бір белдеу – бір жол» жобасын іск­е асыруға байланысты арбитраж со­тына жүгінушілердің қатары кө­бей­ді. Аталған бастаманың Қазақ­стан­ға экономикалық ықпалы зор, мені сол себептен де таңдаған болуы ке­рек деп ойлаймын. Негізі, бастап­қыда мұндай лауазымға Қазақстан азаматын сайлайды деп ойламадым. Себебі мұнда Ұлыбритания секілді да­мыған елдің заң жүйесінің тәжіри­бесіне сүйену мақсатында сол елдер­дің азаматтарына жүгінетін. Әдеп­кіде «Қазақстанда біз білмейтіндей не бар?» дегендей сыңай танытып, жұ­мысқа да алмайтын. Қытайға ең ал­ғаш келіп, жұмыс іздеп жүргенімде күйеуім «Сен – магистрсің, депар­та­мент директоры болдың, 10 жыл квазисекторда тынбай еңбек еттің. Жаңа жұмысқа қалайша тағылым­дамадан өтуші болып бармақшы­сың?» деп күлетін. Сол кезде қанша іздесем де, жұмыс таба алмай, біраз сандалған едім. Жалпы, шетелдік заңгерлік компанияда жұмыс іс­тейтін заңгерлер жылына бір рет аталған комиссияға ену үшін құжат тапсыра алады. Біраз уақыт бұрын бір таныс заңгер «Арбитраж соты қазір судьялар қарастырып жатыр. Ұсынатын адамдарың бар ма?» деп сұраған болатын. Сол кезде мен бізді қайтсін деп, шетелдік танымал заң­герлерді ұсынғанмын, алайда барлық кезеңнен өтсе де, оларды жұмысқа алмай қойды. Сосын осы жолы нар тәуекел деп өз құжаттарымды жібер­дім. Көп ұзамай Халықаралық пала­таның мені арбитраж сотының м­ү­ше­лігіне ұсынғаны туралы хат келді. Негізі, мен елдегі «Астана» халықара­лық қаржы орталығының Арбитраж сотына кандидатурамды ұсынған едім, алайда олардан ешқандай жауап келмеді. Сол себепті Қазақстан емес, Қытай арбитраж сотының мені судья ретінде қабылдағаны күтпеген тосынсый болды.  width= – Заңгер мамандығының қыр-сырын онша біле бермейтін біз секілді жандарға түсіндіре кет­­сеңіз. Арбитраж соттың Үкі­мет сотынан айырмашылығы не­де? – Ең үлкен айырмашылығы мы­нада: Үкімет сотында сізге кім төре­лік ететінін сот шешеді. Ал арбитраж сотында үш төреші болады, оның екеуін өзара дауласуға келген екі та­рап таңдайды,  екі жақтан таңдал­ған сол екі төреші өздеріне төрелік ете­тін басты төрағаны таңдайды. Мы­салы, екеуі «Бұл процесті қарас­тыруда Гүлнұрдың тәжірибесі мол, сол себепті ол бізге төраға болсын» дегендей ақылдасады. Сосын үшеуі бірлесіп шешеді. Айта кетерлік жайт, арбитраж соты отбасылық-некелік, әкімшілік-қылмыстық істерді ғана қарамайды, қалған істің барлығына төрелік жасайды. Тағы бір айта ке­терлігі, үкімет сотында сот үкімін база­дан кіріп көруге болады. Ал бізде бар­лығы қатаң құпия түрде сақта­лады. Сол себепті сіз «арбитраж соты былай өтті» дегенді жиі естімейсіз. Сосын үкімет соты ұзаққа созылады, тараптар келіспей, инстанциядан- инстанцияға жүгіріп, көп уақыт жү­ріп алады. Ал бізде олай емес. Жалпы, ар­битраж сотына төрелік ететін судья­ның қаламақысы анау айтқан­дай көп емес. Мен бұл қызметке қарағанда фирмадағы жұмыстан көп ақша табамын. Мысалы, халық­ара­лық заңгердің бір сағаты – 300-400 АҚШ доллары. Ал егер бір жобамен он сағаттай айналыссам, 4 000 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат тө­ленеді. Сол себепті сот істерін қарас­тырғаннан гөрі, жобалардан көп пайда табамын. Алайда маған бұл жұмыс қызықты. Сол себепті бұған төрелік етуге дайынмын, көп уа­қытымды арнауға бармын. – Суреттеріңізден байқаға­ным­дай, қазақстандық сту­дент­терге қашықтан лекция оқиды екен­сіз. Суреттегі өзіңіз оқыған Қа­рағанды мемлекеттік универ­ситетінің студенттері ме, әлде? – Иә, өзім түлеп ұшқан уни­вер­ситет әкімшілігі теорияға негіздел­мей, «тірі» кейстерге сүйене отырып, сту­денттерге лекция оқу туралы ұсы­ныс білдірді. Қарағанды мемле­кеттік университетінің студент­те­рінен бөлек, Заңгерлік консультант­тар палатасында қазақстандық заң­герлерге тегін дәріс беремін. Мұнда мен оларды халықаралық келісім­шарттар бойынша жұмыс істеудің қыр-сырын үйретемін. Сонымен қатар Қазақстан елшілерімен бірге Орталық Азия елдеріне жиі іссапарға шығып, онда Қазақстанның инвес­тициялық тартымдылығы туралы сөз етемін. Сол себепті елден жырақ жүрсем де, елдің өркендеуіне, ондағы мамандардың дамуына бір кісідей атсалысып жүрмін. – Соңғы уақытта заңгер ма­ман­дығының мәртебесі төмен­деп кеткендей. Көпшілік орта­­да «Екінің бірі заңгер. Не көп, заң­гер көп. Бірақ жұмысы жоқ» дегендей пікірді жиі ести­мін. Заңгер деген дипломы бар, бірақ мұны дұрыс қолдана білмей жүргендерге қандай ақыл айта аласыз? – Мен де соңғы уақытта жастарға не болғанын түсінбей дал боламын. Компанияда көп қазақ жастарын тағылымдамадан өткіземін. Олармен сұхбаттасқан соң, «Неге бұлай болды екен? Неліктен адамдарда жұмыс істеу құлшынысы аз?» деп таңғала­мын. Алысқа ұзамай-ақ, өз тәжірибе­ме сүйенсем. Мысалы, министрлікте жұмыс істеп жүргенімде алатын жа­ла­қым 70 доллар болды, ал пәтерге 100 доллар төлеуім керек. Жалақым аз болса да, тынбай жұмыс істеп, таң­нан кешке дейін кеңседен-кең­сеге жүгіріп жүретінмін. Мысалы, Салық кодексін жасап жатқанда менде тіпті тамақ ішуге уақыт болған жоқ. Оның үстіне, кодекс жаңа бол­ған соң, оған орайластырып, заңдар­ды қайта өзгерту үшін тынбай жұ­мыс істейтінбіз. Сөйтіп жүргенде ас­қа­занымда гастрит пайда болыпты. Ол уақытта жұмыспен жүгіріп жүріп тамақты аз ішесің, тіпті көптеп та­мақ­танғың келсе де, қалтаңда қыруар ақша да жоқ. Сөйтіп, ауырып ауру­хана түстім. Дәрігерлер бастап­қыда жұқпалы ауру түрі екен деп ойлап, мені арнайы боксқа жатқыз­ды. Кейіннен гастрит екені белгілі болған соң да бокстан шығармай, екі аптаға жатқызып қойды. Ал бізде келесі күні парламентте тыңдалым болмақ. Жұмыста кодекс құрастыру ісінің басы-қасында жүрген жалғыз менмін. Бір жағынан бастығым хабарласып, ренішін білдіріп жатса, екінші жағынан әріптестерім тере­земнің астына келіп: «Бастық «Неге бұл істі Гүлнұрдан басқа ешкім біл­мей­ді?» деп ренжіп жатыр. Қайтесің?» деп жұмысқа келуімді өтініп тұр. Жан-жағың қирап, барлығы күйіп-пі­сіп жатқанда «Жоқ, болмайды, мен ауырып жатырмын» деп емін-еркін жата алмайсың ғой. Сөйтіп, ауру­ха­на­ның екінші қабатындағы терезе­сі­нен қасында тұрған гаражға секіріп, бір­ден жұмысқа қарай қашып кет­кенмін (күліп). Осылайша, жұмыс де­се ішкен асымды жерге қойып, ең­бек етуге деген құлшынысым асып-тасып тұрды. Ал мен бұдан жа­ман болдым ба? Жоқ. Өз жұмысыңды жақ­сы көрсең,  міндетті түрде жемісін көресің. Сол уақытта «Жап-жас қыз бола тұра, осындай қызмет атқарады. Мұны жоғары жақта кө­термелеп отырған біреуі бары анық» дегенді жиі еститінмін. Жалпы, елде қызметте жүргенде естімегенді ес­ті­дім. Алайда басшылық жақта еш­қан­дай аға-көкемнің жоқтығын білмейтін олар мұның басты құпия­сы өз ісіме адал болғаным туралы тіпті де ойланбайтын. Мысалы, қазір заңгерлерге көрсеткен қызметі үшін ақша төлеймін. Берілген тапсырманы орындамаса «Неге бұлай болды?» деп сұрасам, өзгені кінәлап, мың сылтау айтады. Ал біз кезінде бастыққа «Мен мұны істей алмаймын» немесе «Ке­шіріңіз, бұған уақытым жоқ» деп тіпті де айта алмайтынбыз. Бастық «Істе!» деді ме, бітті, өлсең де істеуің керек. Ал қазіргі жастар олай емес, өз қызығушылығы мен талап-тілегін жо­ғары қояды. Сосын оларды жұ­мыс­қа тұрар кезде бір ғана сұрақ ма­залайды: «Сіз маған қанша төлей­сіз?». Ал олар «мен жаңа жұмыс ор­ны­ма не бере аламын?» деп еш ой­ланбайды. Олар «Маған 700 000 тең­ге жалақы керек» деп мәселені тө­тесінен қояды. «Жақсы, ал сен не бі­лесің?» деп сұрасам, қытай, ағыл­шын тілдерін білетінін айтады. «Ал сөйле!» десем, «Менің есімім ...» деп ба­залық деңгейде әңгімелеседі. Бай­қағаным, қазіргі заңгерлер өздеріне не керек екенін білмейді. Қазіргінің жастары өз заманынан көш ілгері ойлайтын болғаны дұрыс деп ай­тады. Креативті қабілетті керек ете­тін сала мамандарына бұл керек нәр­се шығар. Ал заңгер мамандығын игерген адам аспанда қалықтамай, өз ісіне мұқият, жинақы болуы керек. Жалпы, заңгерлер жұмысқа деген қа­тынасын, көзқарасын өзгертіп, клиентке бағдарланған маман болуы тиіс. Сосын заңгерлердің арасында «са­рафан радио» деген түсінік бар. Мысалы, жоғарыда 19 жасымда бір істі жеңіп алғанымды сөз еттік. Сол істе мені байқаған бір клиент екін­шісіне айтады, ол үшінші танысына ұсынады. Сөйтіп, мықты репутация қалыптастырып, сұраныс арттырып алуға болады. Десек те, менің жетек­шілігімде жұмыс істеген қазақ жас­тарының барлығы көңілімнен шық­пады деп айта алмаймын. Арасында көз­ге түсіп, талпынып жүрген жастар баршылық. Мысалы, менде жұмыс істеген бір бала Америкаға барып тә­жірибе жинап, сосын Астанадағы ха­лықаралық қаржы орталығына бі­лікті маман болып оралды.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ