Жаңалықтар

Сиыр жылы қандай жыл?

ашық дереккөзі

Сиыр жылы қандай жыл?

Әне-міне дегенше бір жылды артқа тастап, тағы бір жаңа жылдың табалдырығын үлкен үмітпен аттағалы тұрмыз. Бет­перделі жылдың берекесін де көрдік, бейнеті де аз болмады. Індет, үрей, шарасыздық, сабылған адамдарсыз, ағылған көлік­терсіз бос көшелер... Бұл жыл адамзат үшін үлкен сынақ болды. Ескі жыл, есірке дейміз. Ал жаңа жылдан күтер жақсылығымыз көп. Қазақша жыл қайыру бойынша келер жылдың иесі – сиыр. Жалпы, сиыр жылы қандай жыл, тарихта қандай елеулі оқиғалар болған, кімдер дүниеге келген, ал келер жыл қандай болмақ? Шолу жасап көрелік.

Сиыр жылы қандай жыл?

Тарихы тым әріде жатқан жыл қайыру туралы ең алғашқы дерек­тер VIII ғacыpдaғы Күлтегін жазба ес­­­керткіші мен XI ғacыpдағы Қaш­қapи eңбeктepiнде кездеседі. Бұл ең­бектерден қазіргі жыл қайы­ру­дың еш өзгеріссіз бізге жеткенін бай­қай аламыз. 12 жануардың жыл ба­сы болуға тaлacқaны тypaлы, бұл мәр­тебеге тышқанның ие болып, ал түйe­нiң бoйынa ceнiп жылдан құp қa­лғaны туралы aңыз дa epтe кeз­дeн aйтылaтын көpiнeдi. Жыл са­нау­дың осы нұсқасы тек бізде ғана емес, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен сияқты Орта Азия халықтарының көп­шілігінің танымында, дәс­түрін­де бар. Жыл қайыру тек символикалық қызмет атқарып қана қоймай, ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігімен, дү­ние­танымымен біте қайнасып кет­кен. Ертеден ел арасында әр жыл ие­лерінің мінезіне, әртүрлі қасиет­теріне қарай келер жылдың қандай болатынына болжам жасалып отыр­ған. Сол жылы елдің ахуалы, жер­дің ахуалы қандай болады, күн­нің райы қалай құбылады, келер жыл­ға қалай, қашаннан бастап дайын­далу керектігі де жоспар­лан­ған. Келе жатқан сиыр жылы – тыш­қан жылынан кейінгі мүшел есе­бінің екінші жылы. Тарихта кө­бiнe­ce дay-жaнжaл, қиындық, ауыртпа­шылықпен ecтe қaлғaн деседі. Бұл жылы cәтciздiк болса, халық «бұл то­ғыс – ayыp тоғыс қой» деп жұ­ба­нады екен. Ал кей деректерде сиыр жуас, момын болғандықтан жақсы, жайлы, мамыражай жылдардың бірі саналады. Бұл пікірқай­шы­лықты этнограф Жамбыл Омар­ұлы жыл қайыру дәстүрі мен оған қа­тысты болжамның тарих қой­науына кеткенімен байланыстыра­ды. Оның пікірінше, қазір олардың орнын нумерологтар басқан. Ал негізінен, сиыр жылы дәл мынандай болады деген пікір тарихи еңбек­терде жоқтың қасы екен.

Сиыр жылы қандай тарихи оқиғалар болған?

1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қа­ла­сында «Қазақ» газетінің алғаш­қы саны жарық көрген. 1925 жылы, сиыр тоғысында 15-19 сәуір аралы­ғын­да Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің бесінші съезі өтті. Сол съезде «киргиз» деп қолдан бұр­маланып қойылған атауды өзгертіп, «қа­зақ» деген атты қайтарып алдық. Бұл – қазақ тарихындағы маңызды оқи­ғалардың бірі еді. 1937 жылы қазақ зиялыларын айып­тау мен қуғындау бұрынғыдан бе­тер күшейіп, қуғын-сүргін іс жү­зін­де шиеленісіп кетті. Осы сиыр жы­лында қазақ қаншама көзі ашық, көреген азаматтарынан айы­рылған еді. КСРО Министрлер Кеңесінің ше­шімімен Семей ядролық поли­гоны ашылған 1947 жыл да сиыр жы­лына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл жылы адамзат өркениетінің жетістігі саналатын оқиғалар да аз болмаған. Мәселен, 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин адамзат та­рихында тұңғыш рет «Восток» ға­рыш кемесімен ғарышқа атта­ныпты. Рим қаласында әлемдегі ең бі­рін­ші метро ашылған жыл да сиыр жылы екен. Сиыр жылы қандай адамдар дүниеге келеді? Адамдардың мінез-құлқына, болмыс-бітіміне қай жылы туғаны әсер етеді деп жатады. Сиыр жылы ту­ғандар ақ пейіл, досқа адал, бауыр­мал келеді екен. Ұстамды, кім­нен болсын көмегін аямайтын жан­дар. Олардың бойында тұрақтылық, сабырлылық, көшбасшылық сияқ­ты қасиеттер де кездеседі. Сиыр жы­лы Мұқан Төлебаев, Қалижан Бек­хожин, Нұрғиса Тілен­диев, Тоқаш Бердияров, Қуандық Шаң­ғытбаев, Ебіней Бөкетов, Әбілахат Есбаев, Қалмұқан Исабаев, Асанәлі Әшімов, Асқар Жұбанов, Мең­декеш Сатыбалдиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Мырзатай Жолдас­беков, Мырзагелді Кемел, Нұрлан Өнер­баев, Секен Тұрысбеков, Алек­сандр Винокуров сияқты тұлғалар дүниеге келген.

2021 жыл қандай жыл болады?

Жалпы, 2021 жылға арналған бол­жамдардың барлығы бір арнаға келіп тоғысады: бұл жылы шаруа ең­бегі жемісті болады, ауыл шаруа­шылығы өркен жаяды, өндіріске байланысты кәсіп жақсы жүреді. Саясатта көбінесе консерватор­лар­дың жұлдызы жанады дейді. Әйгілі Нострадамустың 2021 жыл­ға арналған болжамы бойынша теңізде үлкен шайқас болып, өрт­тен жануарлар көп зардап шегуі мүм­кін. Мұны мамандар болашақ­тағы табиғи апаттар болуы мүмкін екенін айтады. Цунами, жанартау­лар атқылауы және теңіз бетіндегі өрт көбеюі ықтимал. Ол сонымен қа­тар жаңа сауда-саттық мүмкін­дік­терінің ашылуы туралы айтады. Қолөнершілердің өніміне сұраныс артатынын болжады. Ал көріпкел Ванга 2021 жылдың бет­бұрыс кезеңі болуы мүмкін еке­нін айтқан. Табиғи апаттар, дағда­рыс көп болуы мүмкін екенін айт­қан. Келер жыл қандай жыл болмақ, қай жағынан қолайлы, нені басшы­лыққа алу керек, 2021 жылдың ерек­­шеліктері мен мүмкіндіктері жө­нінде нумеролог Құралай Бақыт­қызы айтып берген еді. – 2021 жылдың жыл саны – 5. Бұл сан – өзгеріс саны, сараптау са­­н­ы деп есептеледі. Сол себепті ке­лесі жылды жаһандану жылы деп атауға болады. 2020 жылы жаһанды жайлаған індет адамдарды бір дең­гейге түсірді деп ойлаймын. Келер жыл әр адам өз қабілетін дамыта­тын жыл болмақ. Бұл көбінесе, ма­мандыққа қатысты емес, кәсіпке қа­тысты. Қолөнер, жер өңдеу, зер­гер­лік, аспаздық, шаштараз, етікші сияқты қырларды дамытатын жыл. Түрлі оқу курстарына жазылып, өз-өзіңді шыңдауға, өз-өзіңді табуға өте қолайлы уақыт. Одан бөлек, шағын кәсіп өркендейтін, ескі, қа­тып қалған қасаң қағидалар мен сте­реотиптерді бұзатын, өз-өзіңді жаңа қырыңнан көрсетіп, үлкен жауапкершілік алатын жыл. Әлеуметтік жағдайы төмен адам­дарға көп көмек жасалатын бо­лады деп ойлаймын. Кризистік ор­талықтар ашылуы мүмкін. Ашыл­маса да, соны қажет ететін жыл бол­мақ. Биыл еріктілер жылы бол­ғанын білеміз, келесі жылы да бұл жыл жалғасын тапқаны жөн. Алкоголизмге, аутизмге шал­дық­қан жандарға, көпбалалы ана­ларға көп көмек көрсетілуі керек. Өйткені сондай жандар көмекке кө­бірек мұқтаж болуы мүмкін. Онымен қоса, 2021 жылды ме­талл жылы деп айтуға болады. Ме­талл жылы металдың энергетикасы өте күшті болады. Нақтылықты қа­жет етеді және әділетті жыл. Адам­ның құқығын, қауіпсіздігін қорғау жылы. Денсаулыққа келер болсақ, сүйек, аяқ, тыныс алу мүшелерін күту керек. Яғни пандемия келесі жылы да жалғасады деп ойлаймын. Жыл бойы емес, жылдың алғашы алты айы біраз ауырлау болуы мүм­кін. Етті көбірек жеу керек. Батыс жақ­қа барып демалса, адам күш-қуат, мол энергия жинайтын бо­лады. Жаңа жылды сұр, ақ, күлгін, жыл­тыр, қола, алтын, күміс сияқты ме­талл түстермен қарсы алған дұрыс. Одан бөлек бұл жылы дүниеге ке­летін адамдар қоғамға өзгерістер әке­летін, күш-қуаты тасыған, бола­шақта патриот, елжанды, әлеу­мет­тік, қоғамдық шараларға белсене атсалысатын жандар болады. Ауыл шаруашылығын дамыту керек. Өйткені экономикалық жағ­дайды солай көтеруге болады. Кей жылдар құрылыс, сәулет өнеріне және т.б қолайлы болуы мүмкін. 2022-2023 жылдары туризм, экс­порт-импортқа оңтайлы. Ал биыл, жаңа айтып өткеніміздей, ауыл шаруа­шылығын дамытатын жыл. Медицинаны да дамыту керек. Өн­діріс, өнеркәсіп көп ашылуы керек, өйткені еңбектенуге өте қолайлы болмақ. Келер жыл – сиыр жылы, ал сиыр, тұрақты мекенде тұратын түліктің бірі. Сондықтан баспана мә­селесіне қатысты көптеген күр­меу­лі мәселелер шешімін тауып, түрлі бағдарламалар пайда болады, баспаналы бола алмай жүрген жан­дар армандарына жетеді деп ойлай­мын. Қорыта айтатын болсақ, өзім­нің жеке сараптамам бойынша, 2021 жылдан бастап жаңа дәуір бас­талатын сияқты. Бұрын да 1720, 1820 жылдары оба, испан тұмауы сияқты әртүрлі дерт әр 100 жыл сайын шығып отырған екен. Содан кейін жаңа бір дәуір басталып отыр­ған. Расымен де, адамдар бей­берекетсіздік пен қиындық туған шақта өзгереді. Ішкі түйсігі дамиды, өзіне расымен не керек екенін нақты сезіне бастайды. Табиғатты да аялауды еске түсіреді. 2020 жыл­ғы қиындықтар сол үшін де болған сияқты. Келер жылы әркім жеке тұлға ретінде дамуы керек. Қазақстанды жеке алып қарай­тын болсақ, осы жолы 16 желтоқ­сан­да телеарна эфирінен де өз бол­жамымды айтқанмын. Биыл елі­міз тәуелсіздіктің 29 жылына табан тіреді. Ел бойынша жаппай оқу жылы болмақ. Кезінде «Жол кар­тасы» сынды оқыту бағдарла­ма­лары болған еді, сол сияқты жоба­лар көбейеді деп ойлаймын. Мау­сым айының аяғына дейін (29-жұл­дызы) денсаулықты күту керек. Одан әрі өсу, қарқынды даму бай­қа­латын болады. Жаңа жыл – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа бастамалардың уақыты. Жаңару кезеңі. Халықтың үміті, арман-тілегі іштей тағы бір жаңғыратын, бәрін тағы бір қорытып, ой сүзгісінен өткізетін мерзім. Күнтізбемен бірге өмір де аппақ парақтан басталатын сияқты. Әлем үшін ауыртпалығы мол жылды артқа тастап, үмітпен, сеніммен жаңа жылға қадам бастық. Жаңа жыл жақсылығымен келсін!