Хақ дін қазақ топырағына қалай тарады?

Хақ дін қазақ топырағына қалай тарады?

Хақ дін қазақ топырағына қалай тарады?
ашық дереккөзі
751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах шайқасында Қытай басқыншыларына қарсы соғыста түркештерге арабтар көмек қолын созып, нәтижесінде араб-түркеш біріккен қосыны жеңіске жетті. Тарихи деректерде осы Атлах шайқасынан соң түркілердің біртіндеп ислам дінін қабылдай бастағаны айтылады (В.Бартольд, «Туркестан в эпоху монгольского нашествия»). Демек, келер 2021 жылы бабаларымыздың хақ дінді қабылдай бастағанына 1270 жыл толады. Төл тарихымызда маңызды орны бар осы күнді лайықты атап өтіп, ауқымды іс-шаралар өткізудің маңызы үлкен. Бұл тарихымызды танып, дінімізді зерделеп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін аса қажетті қадам. Сол себепті осы мақаламда ислам дінінің Орталық Азияға қалай тарағаны, бабаларымыздың Имам Ағзам жолын неге таңдағаны, Қарахан мен Алтын Орда мемлекеттері тұсында хақ діннің өркендегені, Қожа Ахмет Ясауи мектебінің қалай тамыр жайғанына аз-кем тоқталмақпын. Әбу Ханифа мәзһабының таралуы Алғашқы кезде кейбір түркі ха­лық­тарының исламды қабыл­да­ғаннан кейінгі құрған мемлекеттері араб дәстүріне сай құрылды. Мә­се­лен, Мысыр, Шам, Иран топы­рақ­та­рын­да құрылған Толуни (874-905, Сажи (890-929), Ихшид (935-969) мем­лекеттерін құрушылардың зау­заты түркі болғанымен, мемлекет ме­ханизмі толығымен араб дәс­түрі­не негізделді. Түркілердің кейінгі құр­ған мемлекеттері парсы дәс­түрі­не сай құрылды. Олар Қорасан, Си­жис­тан, Мәураннахр аймақ­та­рында құ­рылған Самани (874-1005), Ғаз­науи (962-1186), Тахири (821-873), Мәмуни (995-1017), Алтунташ (1017-1041), Ғұри (1100-1215) се­кіл­ді мемлекеттер еді. Бұл мем­ле­кет­терді де түркілер құрғанымен, жо­ғары саяси ұйымдардың сипатта­ма­сы парсы мүддесі мен дәстүріне сай өрілді. Аталған мемлекеттердің тұ­сында парсы тілі мен парсы мә­де­ниеті дәуірледі. Самани және Ғаз­науи кезеңінде ислам діні Мәу­раннахрға Әбу Ханифа мәзһабы ар­қылы тарай бастады. Әсіресе, Бұ­қара мен Самарқандағы Ханафи ба­ғытында құрылған Журжания, Садр, Йадия медреселерінің түлек­тері аймақта осы мәзһабтың до­ми­нант болуына ықпал етті. Кейін бұл үрдіс Қарахан дәуірінде де жалғасын тапты. Тарихи деректерде Орталық Азияға алғашқыда Қайсания-Му­бай­ди, Карматия, Исмайлия, Захири-Ха­шауия (әһли хадис өкілдері), Муғ­тазила, Шафиғия мәзһабы өкіл­дері­нің дін таратқаны айтылады. Алайда соңын­да Мәураннахр тұрғын­дары­ның таңдауы Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақида мектебіне түсті. Оған бірнеше бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, мұсылман қоғамын­да VIII ғасырда араб ұлтшылдығы бе­лең алған шақта мәуали ғұламалар шет­қақпай көргені белгілі. Ал Аб­баси билігі тұсында керісінше мәуа­ли ғұламалар мемлекет қолдауына ие болды. Имам Ағзам Әбу Хани­фа­ның шыққан тегі парсы бол­ған­дықтан, оның мәзһабы парсылар жә­не олармен қоңсы отырған соғды жә­не түркі халықтары арасына кеңі­нен тарады. Екіншіден, Аббаси халифалары Махди (775-785) және Харун-Рашид би­лік құрған (786-809) жылдары Әбу Ханифаның бел шәкірті Әбу Юсуф (731-798) Бағдаттың бас қа­зысы етіп тағайындады. Әбу Юсуф­тен кейінгі Бағдаттың қазысы бол­ған Әсад ибн Амр Куфий (798-805) де Имам Ағзам  Әбу Ханифаның шә­кірті еді. Аббаси халифалары ұзын ырғасы Имам Ағзамның 14 шә­кіртін қазылық қызметке та­ғайын­дады. Халифа Харун-Рашид Имам Ағзамның тағы бір шәкірті Мұ­хаммед Хасан аш-Шайбаниді (749-805) де Қорасандағы Рай қаласына қазы етіп тағайындады. Мұ­­­хаммед Хасан аш-Шайбанидің Қорасанға келіп, осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азияға таралуына септігін тигізді. Айталық, оның шәкірттері Әбу Сүлеймен Жузжаний (815 дүние салды) мен Әбу Хафс Кабир (767-831) Ханафи мәзһабын Мәурен­нахрға таратты. Үшіншіден, Ханафи мәзһабы­ның отбасы (ахуал-шахсия) және сау­да-саттық (муаламат) сала­сын­да­ғы үкімдері өзге мәзһабтар үкіміне қа­рағанда қалың бұқара үшін қо­лайлы еді. Жалпы, Ханафи мәзһа­бының қоғамдық қарым-қатынасты рет­теу үкімдері басқа мәзһаб үкім­дерімен салыстырғанда, бұқара ха­лыққа тиімділігімен ерекшеленеді. Әрбір мәселенің шешімі Құран мен сүннетте кездеспесе, Ханафи ғұла­ма­лары қияс (аналогия) әдісімен үкім шығарады. Әсілі Рай құқықтық мектебі әрбір істі мейлінше антро­по­центристік (қоғам мүддесі) тұр­ғыда оң реттеуге тырысады. Осы себептен де Ханафи мәзһабында бір мәселе бойынша екі қияс үкімін шы­ғару мүмкіндігі туған сәтте ис­тих­санмен (жеңілі немесе қо­лай­лысы) үкім шығару методологиясы қа­лып­тасқан. Бұл қолайлы құқықтық әдіс­нама да өз кезегінде халықтың Ха­нафи мәзһабына деген ықыласын арттыра түсті. Төртіншіден, Әбу Ханифа мәзһа­бы әрбір ұлттың исламға дейінгі мә­дениетінің сақталуына мүмкіндік бер­­ді. Құран мен сүннетке қайшы емес ғұрыптарды фақиһтер теріске шы­­ғармады. Егер бір мәселеге қа­тыс­ты Құран мен сүннетте нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жо­лы әдет-ғұрыпта бар болса, ол үкім ре­тінде қабылданды. Оны «са­хих әдет-ғұрып» деп атады. Осының не­гізінде ислам дінін қабылдаған ұлттар өз­дерінің ізгі әдет-ғұрыптарын сақтап қа­на қоймай, оны жан-жақты да­мытуға мүмкіндік алды. Бесіншіден, Орталық Азияда ис­лам дінінің сүнниттік доктри­на­сы­ның орнығуына еңбек сіңірген даңқты мутәкаллим Әбу Мансұр әл-Матуриди еді. Мәураннахрда фиқһ алаңында Ханафи мәзһа­бы­ның үстемдік орнатуына орай кәлам та­қырыбында Матуриди мектебі сал­танат құрды. Себебі Әбу Ха­нифа­ның кәламдық көзқарастарын Имам Матуриди жеке пән ретінде бөліп қарастырып, жұртшылыққа терең талдап түсіндірді (Захид әл-Кәусари, «Ишаратул-Мәрам»). Оның «Кита­бут-Таухид» және «Тәуилат-ул-Құ­ран» шығармаларында Құран мен сүн­неттегі кәлам тақырыбы Имам Ағ­зам негізін салған «Рай» әдіснама­сы бойынша талданды. Діндегі сенім негіздерінің ақылға қонымды етіп түсіндірілуі Матуриди ақида мекте­бінің Маураннахрда дамуына жол ашты. Түркістан діни мектебі ХІ-ХІІ ғасырларда Ислам ха­ли­фатының саяси қуаты кеміп, дін на­сихатын күшпен жүргізу мүмкін емес жағдай орнады. Осы тұста Ор­та­лық Азияда Түркістан діни мекте­бінің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи және оның ізбасарлары Дешті Қыпшақ халқының ислам дінін қа­былдауына ерекше еңбек сіңірді. Түркістан діни мектебінің не­гі­зін салушы Құл Қожа Ахмет Ясауи көне Исфиджаф қаласында ХІ ға­сыр­дың екінші жартысында софы Иб­раһим шайхы мен Қарашаш ана­ның шаңырағында дүниеге келді (Фуат Көпірұлы, «Түркі әдебиетіндегі алғашқы сопы-ақындар», 31-34 бет­тер). Фуат Көпірұлы ортағасырлық тарихи деректерге сүйене келе, Қо­жа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұ­ғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін, бойына ке­ремет дарыған тақуа адам бол­ға­нын айтады. Дүниенің түкпір-түк­пірінен келген ғалымдар Қожа Ах­мет Ясауимен сөз таластырып, жеңіл­генін, оның діни көзқарасына қар­сы болған жергілікті тұрғын­дардың оны арандатпақ болғанын, бірақ әулиелігінің арқасында өзіне төнген қауіптің алдын алып отыр­ғанын жеткізеді. Бұл деректер оның «Диуани хикметінде» де баяндалады. Айталық, Қорасан ғұламасы Баба Машын Қожа Ахмет Ясауимен пікір таластырып, оның хикмет іліміне бас ұрған еді. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ-ХІІІ ғасырларда Түркістан ислам әле­мінің солтүстік шекарасы са­на­латын. Исламның алғашқы дәуір­лерінде дінді тарату фатх жорық­тары арқылы жүргізіліп, шекара ай­мақтар «рибат» (кәпірлермен со­ғыс­­қан кездегі аттың қазығы қағыл­ған жер) деп аталатын. Ал Ясауи дәуірінде рибаттар нәпсі тәрбие­сі­мен айналысатын діни тәлім-тәрбие беретін ошақтарына айналды. Со­пылық ілімде топырақты күшпен жау­лап алу оңай, ал адамның рухы мен болмысы жаулануы қиын қамал бо­лып есептелінеді (Д.Кенжетай, «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы», 113-бет). Осы тұста сопылар хақ дін­ді этикалық және моральдық құн­дылықтар арқылы насихаттауды жү­зеге асырды. Оның бұл ұстанымы Құран Кәрімнің: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі,  256-аят), «Егер Жа­рату­шы қалағанда жер бетіндегі адам­дардың бәрі иманға келер еді. Олай болса сен адамдардың иманға келуі үшін оларды зорлық жасай­мы­сың» («Юнус» сүресі, 99-аят) де­ген үкімдеріне негізделген еді. Қожа Ахмет Ясауидің барынша то­лерантты болғанына оның өмірі­нен жарқын мысалдар келтіру­ге болады. Түркістандағы жергілікті ха­лықтың 20 жыл бойы зорлық-зом­былығына сабыр етіп, баласы Ибраһимді қастандықпен өлтірген адамға мінген атын беріп, қызын ұза­туы, Қожа Ахмет Ясауидың аса тө­зімді, дегдар жан екенін көрсетеді. Ол бейбіт ұстанымының арқасында көне түркі дәстүрі мен исламды қа­быстырды. Сол арқылы діни һәм мә­дени қақтығыстар арасынан жол та­ба алды. Әл-Хазини өз еңбегінде Қожа Ах­мет Ясауидің кемелдікке жетудің мәкан, заман, ихуан, рабт-сұлтан атты төрт қағидасын бекіткенін ал­ға тартады. Мәкан қағидасы бойын­ша адамның өмір сүретін Отаны және рухани сұранысын қанағат­тан­дыратын діни мекені (мешіт, медресе, текке) болуы керек. Заман қағидасы бойынша ақиқатты тануға талап білдіруші уақытты тиімді пай­далануы тиіс. Ихуан (бауырластық) қағидасы бойынша ақиқат жолына бетбұрыс жасаған сопы төңірегіндегі адамдарды бауырына баса білуі керек. Рабт-сұлтан қағидасы бойын­ша салих мұсылман мемлекет бас­шы­сына бағынып, оған адал болуы қажет (Әл-Хазини, Жауаһирил-әб­рар би Әмуажил бихар, 109-112 бет­тер). Қожа Ахмет Ясауидің тағы бір ерек­ше қыры оның шығармашылы­ғы­ның түркі тілінде жазылуы еді. Сол дәуірде ғылым мен әдебиеттің тілі араб пен парсы тілі бола тұра, ол өз еңбектерін түркі тілінде жазды. Әл-Хазинидің айтуына қара­ған­да, Қожа Ахмет Ясауидің 99 000 шә­кірті болған. Басқа бір аңыз бойын­ша Ясауидің қасында 12 000 со­пының болғаны айтылады. Оның ал­ғашқы халифасы Мансұр ата (1197 жылы қайтыс болды), екінші халифасы Саид ата Хорезми (1218 жы­лы қайтыс болды), үшінші ха­ли­фасы атақты Хәкім ата Сүлеймен Ба­­қырғани, төртінші халифасы Мұ­хаммед Даншмент Зарнұқи болды. Қожа Ахмет Ясауи негізін салған Түркістан діни мектебін Суксук ата, Тил­ки ата, Исмайыл ата, Садыр ата, Ба­дыр ата, Зеңгі баба, Ұзын Хасан ата, Шейх Иқани, Құсшы ата, Жүсіп ата, Шопан ата, Қажы Бекташ әулие, Сары Салтұқ, Шайық Лұқпан Пе­ренде, Баба Машын, Әмір Әли Хакім, Хасан Бұлғани, Имам Мерғазы, Шайых Осман Мағрифи секілді хик­мет иелері дамытты. Қожа Ахмет Ясауидің мүридтері ис­лам дінін Мәураннахр, Шығыс Түркістан, Дешті Қыпшақ, Анатолия, Еділ бұлғарлары арасына таратты. Мы­салы, Қожа Ахмет Ясауидің шә­кірттері Хасан әл-Бұлғари мен Би­раш ибн Абраш Еділ бойында дін на­сихатын жасап, халықты хақ дін­ге шақырады. Олардың ізін бас­қан Ешмұхаммед ибн Тоқмұхаммед, Идрис ибн Зулмұхаммед, Қасым шайх ибн Ибраһим, Қожа Әмір Ка­лал және тағы басқа сопылар ұзақ жыл бойы Еділ бұлғарлары ара­сын­да дін насихатын жүргізді (Мұртаза Бұлұтай, «Мұсылман қазақ еліміз», 83-бет). Атақты жаһангер Әмір Темір (1370-1405) түркілердің пірі Құл Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесінің ба­сы­на аситана (тариқатты басқару ке­ше­ні) тұрғызып, оған уақыфтық құ­­жатпен арнайы мәртебе берді. Көш­пелі Өзбек мемлекетінің би­леушілері Әбілхайыр хан (1428-1468), Мұхаммед Шайбани хан (1500-1510), сондай-ақ қазақ хан­дары Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтып, Түркістандағы аситанаға берілген рухани мәртебеге ерекше құрметпен қарады. Тіпті, Еңсегей бойлы Ер Есім хан 1598 жылы Түркістанды Қазақ хан­дығының ордасы етіп бекітті. Құл Қожа Ахмет Ясауидің аситанасы қазақ хандарының резиденциясы ғана емес, халқымыздың айтулы хан-сұлтандары, би-шешендері, ба­тырлары мен жырауларының дамыл тап­қан мәңгілік мекеніне (пантеон) ай­налды. Осыдан кейін Алаш бала­сы Әзірет Сұлтанның құрметіне мем­лекет орталығын (бұрын «орда» деп келген) «Астана» деп атай бас­тады. Осылайша, қасиетті Түркістан қа­ласы қазақтың рухани шамшыра­ғына айналған болатын. Түркістан қаласының тарихтағы орны мен рөлі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті Қыпшаққа ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды» деген болатын. Иә, халқымыздың хақ дінді қабылдауына ерекше ықпал еткен, төл тарихымыздың бастауы, асыл дініміздің шамшырағы болған Түркістан мектебі әлі талай тұшымды зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.

Наурызбай қажы Тағанұлы,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти