Жаңалықтар

Белгілі күйші, музыкатанушы Мүсайф Хұсайынұлы өмірден озды

ашық дереккөзі

Белгілі күйші, музыкатанушы Мүсайф Хұсайынұлы өмірден озды

 Қазақстан және Моңғолия композиторлар одағының мүшесі, күйші,сазгер, дирижер Мұсайф Хұсайынұлы 2020 жылдың желтоқсан айының 30-ы күні 80 жасында ауырып қайтыс болды. Марқұм М.Хұсайынұлы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Цэнгэл сұмыны елді мекенінде күйші Хұсайын бақсының отбасында дүниеге келген. 1967 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, халық аспаптар оркестрінің дирижері мамандығымен бітірген. 1958-1992 жылдары Баян-Өлгей аймақтық музыкалық драма театрында музыкант, ән-күй мұғалімі, дирижер, театрдың көркемдік жетекшісі, бастығы қатарлы жұмыстарды атқарған. Ширек ғасырдан астам уақыт Моңғолия композиторлар одағының Баян-Өлгей аймақтық бөлімшесін басқарды. 1992 жылы атамекенге оралған М.Хұсайынұлы Алматы облысының Сарқант мәдени колледжінде музыкалық пәндерден сабақ беріп, 2000 жылы зейнеткерікке шықты. Қазақстан және Моңғолия композиторлар одағының мүшесі. 100-ден астам авторлық және халық ән-күйлері мен классикалық шығармаларды ұлттық аспаптар оркестіріне өңдеп түсіріп, әртүрлі жанрда шығармалар жазды. Ол атамекенде шығармашылық ісін үзбей «Елде жүрсем», «Жас келін», «Күй өрнегі», «Атажұрт» смяқты ән-күйлерін шығарды. «Алтай-Қобда домбыра күйлері» атты кітабын жазып баспадан шығарды. М.Хұсайынұлы Моңғолияның «Еңбек қызыл ту» ордені, «Алтын жұлдыз» ордені, «Еңбек құрметі» медалінің иегері. Мүсайф Хұсайынұлы – Баян-Өлгей аймағындағы алғашқы кәсіби композиторлардың бірі әрі дәулескер әкесі күйші Хұсайын бақсының ізін жалғаушы. Баян-Өлгей аймағында өңірде тұңғыш опера, кантата, балет т.б. музыка жанрында көлемді шығарма жазған және тұңғыш рет сыбызғы ансамблін құрған музыкатанушы. Назарларыңызға осыдан екі жыл бұрын өнер иесімен болған сұхбатты ұсынамыз. – Өнер ұлтқа бөлінбейді. Музыка – жалпы адамзатқа тән, адам сезімінің тылсым тілі деп жатамыз. Бірақ, қазақ музыкасында әлі де болса мұң, шарасыздық, жігерсіздік басым секілді. Жалпы, біздің музыкада еркіндік, азаттық бар ма?  – Қазақ музыкасындағы шарасыздық, жігерсіздік басым деген ұғымға мен қосылмаймын. Қандай бір ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы өз мәнінен ажырауы мүмкін емес. Тек белгілі бір уақыт деңгейінде кезігетін көлденең әсердің салдары оның өзіндік қадір-қасиетін бәсеңдетуі мүмкін. Ал еркіндік, азаттық қазіргі музыкада, әсіресе ән саласында – шексіз. Қазіргі кезде ғаламдасу бағытындағы ұлттық музыка өнерімізді әлемдік деңгейге көтеру мақсатында кәсіпқой сазгер, музыканттар біршама нәтижелі іс атқаруда. Бірақ бұл аздық етеді. Себебі, қазір бір кездегі өнер, мәдениет саласындағы көркемдік кеңес сияқты тексеру, бақылау ісі әлсіз болғандықтан, әнге бейімі бар екінің бірі екі-үш нотадан құралған ән шығарып композитор болып жүр. Ал, сол әнді орындаған әнші сөзі әніне үйлесе бермейтін әуенді бестен он-онбес ретке дейін қайталап, сахна мәдениетінен жұрдай күйде орындап шығады. Көрермен (әсіресе жастар) оның әні емес әлгі есірік қимылына еліктейді. Кейбіреуі көзін жұмып, басын шайқап әлгі әншіге ұқсағысы келеді. Міне осы әрекет дәстүрлі музыка өнерімізді әлсіз, жігерсіз етіп көрсету ұғымын туғызуда. Бір кездері Шәмші Қалдаяқов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұқаметжанов, Садық Кәрімбаев, Бәкір Тәжібаев, Әсет Бейсеуовтардың әндері бір тыңдағанда көңілге қонып, екі-үш рет тыңдағанда жатталып, есте сақталып қалатын. Ал қазір күнделікті сахнадан, теледидардан әлде неше рет тыңдаған әндер есте қалмайды. Халық әндерімен жоғарыда аталған авторлардың әндерінде ішінара қайырмасы бір рет, кейде өте сирек екі рет қайталайды. Ал қазіргі көп қайталау басқа жаққа шектен тыс еліктеуден туындаған көрініс. Бұл әрекет біртіндеп дәстүрлі музыка өнеріміздің құрылымын, орындау ерекшелігін теріс ағымға апаратын аса қауыпты құбылыс болып шығуы мүмкін. – Қазақ музыка тарихында алғашқы болып сыбызғы ансамблін құрдыңыз. Ұлы сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы, Кәбетай Уатханұлы, Жұмайхан Ташынұлы секілді дәулескер күйшілермен үзеңгі қағыстырып қатар жүргеніңіз тағы бар. Қазіргі сыбызғышылардың дені башқұртша «ысқыратын» тәрізді. Қазақтың сыбызғы тартуының сан-қилы әдіс-тәсілдері бар, соның бірі көмей қосып қоңырлата-балбырата тартушы еді. Сыбызғы сазына етене сырбілгі музыкант ретінде пікіріңізді білсек? – Дұрыс айтасың. Сен атаған сыбызғышылар осы өнердің ұлы өкілдері еді. Бертінде бұл өнерді әлемдік деңгейге дейін көтеріп насихаттаған – Кәлек Құмақайұлы. Ал сол сыбызғы күйлерін нотаға түсіріп, жинақтап, оркестрге өңдеп дайындауға елеулі еңбек сіңірген адам Қабыкей Ахмерұлы ағамыз болатын. Сыбызғы өнері Алтайдың күнгейі мен теріскейіндегі (Шыңжаң-Баян-Өлгей) қазақтарының арасында кең тараған аспап. Соның ішінде Баян-Өлгей қазақтарының сыбызғы күйінің орындау ерекшелігімен  құрылымы сол көне дәстүрді сақтап орындауда. Қазіргі сыбызғышы сазгерлердің сол көне құрылымнан ауытқымай күй шығаруы сыбызғы өнерінің байырғы үрдісінің қаймағы бұзылмай сақталғандығының белгісі. Ал ысқырып ойнау Қазақстанда соңғы кезде туындаған. Сыбызғыны басқа аспаптармен қосып ойнайтын жағдайда көмей қосып орындау дыбыс тазалығын сақтамайды деген атүсті, негізсіз туындаған пікірге байланысты бір-аз уақыт ысқырып ойнау үрдісі жалғасқан-ды. Бұлай ысқырып орындау қазақтың сыбызғы аспабының дәстүрлі орындау ерекшелігін жете түсінбеушіліктен, әрі басқа ұлттың сыбызғы тектес аспабымен (қурай секілді) салыстырып туындаған жаңсақ ұғым болатын. Біртіндеп түзелетін болу керек... – Әкеңіз Құсайын Малшыбайұлы – Алтай-Қобда бетіне аты мәшһұр бақсы әрі дәулескер күйші болды. Естуімше 30-ға жуық күйі таспаға және нотаға түсіпті. Бірақ, бір «Кенжетал» күйінің аңызы әртүрлі айтылып жүр. Жалпы әкеңіз Құсайынның шығармашылығы жайлы толығырақ айтып берсеңіз? – Бір кездері Л.Хамиди, А.Жұбанов қатарлы алыптардан тәлім алдыңыз... Ұстаздарыңыз жайлы есті естеліктеріңізбен де бөлісе отырсаңыз? – Жоғарыдағы сен айтқан ұстаздарым шынында қазақ музыкасының алыптары еді. Б.Сарыбаев ұстазымнан  халқымыздың ұмыт болып бара жатқан көне аспаптары саз сырнай, шаңқобыз, кепшік, үскірік, тастауық, жетіген, асатаяқ, тұяқтастар сынды аспаптардың сырын етене білдім. Соның нәтижесінде 1989-жылы Баян-Өлгий аймағында алғаш рет «Сыбызғы сазы» атты көне аспаптар ансамблін ұйымдастырып, құрдым. Арада 30 жылға таяу уақыт өткен соң 2017 жылы Баян-Өлгий аймақтық М.Хұрманхан атындағы Музыкалық-драма театрында шығамашылық кешім өткен еді. Сол кеште өзім құрған «Сыбызғы сазы» ансамблінің алғашқы тұсаукесер концертінде орындалған «Бозіңгеннің бүлкілімен», ансамбльге қосылып сыбызғымен орындаған «Арбиан қоңырды» тыңдаған көпшіліктің қошеметін көріп толқығаным сонша, көзіме келген жасты да байқамаппын. Өнердің ләззаты деген осы болса керек. Маған полифониядан дәріс берген ұстазым – Латиф Хамиди өте кішіпейіл адам еді. Латекең ұстазымнан алған бір жылдық тәлімім  алғаш рет аймағымызда 1991 жылы «Керім-ау, айдай» операсын жазуыма жол сілтеген еді. Ал Ахмет Жұбанов қазақ музыкасы тарихынан дәріс берді. Ахаңның сабақ кестесі бойыша сабақ өткізуі сирек болушы еді. Мәскеуге, одақтас  республикаларға, шетелдерге әртүрлі пленум, конференцияларға іссапарлап жүретін. Ал Алматыда болған кезінде әр жерде кездесу, мәжілістерге баратын. Бірде мен Ахаңа: Мен сізден көбірек үйренгім келеді - дедім. Сонда ол кісі: – Дұрыс айтасың, менің тұрақты дәріс өткізе алмайтындығымды меңзеп тұрсың ғой. Егер қарсы болмасаң кешкі уақыттарда бір уақыт бірге тұрайық деді. Мен қуана келістім. Дачада бір кресло, бірнеше орындық, үлкен қара роял және  оның үстінде Динаның домбырасы тұратын. (Оны Динаның өзі Ақаңа беріп кеткен екен). Ахаң кешкісін жұмыстан келген соң домбырасын қолына алып, жайлап бір күйді бірнеше рет қайталап тартатын. Шәйдан кейін осы күй жайында оның авторы, шығу тарихы, құрылымы және оның музыкадағы орны туралы тамаша тәпсірлеп бернетін-ді. Өзінің бір тең құрдасымен кеңесіп отырғандай әңгімелеп беретін еді. Осылайша ұстазым екеуміз 27 күн бірге тұрдық. Бұдан соң ұстазым Францияға халықаралық конферанцияға кетті. Мен жатақханаға кеттім. Осы 27 күнде мен үшін қазақ музыкасы ғана емес, қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, ұлттық болмысы, музыка өнері туралы түйгенім –маған өмір бойы азық болып келеді... –«Алтай-Қобда қазақтарының домбыра күйлері» атты еңбегіңізді жазып біткеніңізді естіген едік. Бірақ, Қ.Кәлек, А. Қабыкей тәрізді күйші-композиторлар әлі елеусіз келеді.  Неге деп ойлайсыз? – Оның рас. Мұның өзіндік себебі бар. «Алтай-Қобда қазақтарының домбыра күйлері» кітабына бұрын-соңды әр жерде орындалғанымен баспа бетінде жарияланбаған күйлер енгізілген. Бұл кезде А.Қабыкейдің авторлық және өзі орындаған домбыра күйлері, Қ.Кәлектің авторлық және өзі орындаған сыбызғы күйлері А.Қабыкейдің 1976-жылы басылған «Баян-Өлгий қазақтарының домбыра және сыбызғы күйлері» атты жинағында толық қамтылғандықтан «Алтай-Қобда домбыра күйлері» жинағына бұлардың күйлері енбеген. Одан басқа да себептер бар шығар, кім білсін, қарағам...