Тышқан жылы тындырылған іс көп

Тышқан жылы тындырылған іс көп

Тышқан жылы тындырылған іс көп
ашық дереккөзі
Бүгін – 2020 жыл тәмамдалар күн.  Бұл жыл күллі әлемді әлекке салған ке­сірлі ке­­сел – коронавирус және оның төңіре­гін­дегі әурешіліктермен есте қалды. Десе де, пандемия салдарынан енгізілген шек­теу­лерге қарамастан тышқан жылында ел өмі­рінде де, жаһан тіршілігінде де елеулі оқи­ғалар аз болған жоқ. Солардың ең не­гіз­гілерін топтап, оқырман назарына жыл қо­­­рытындысын ұсынып отырмыз.  

Саясаттағы салмақты өзгерістер

Елдің саяси өміріндегі ең басты оқиға – Пар­ламент сайлауы. Әуелі 12 тамызда Се­нат депутаттары сайланды. Әр облыстан және үш қаладан тіркелген 46 үміткердің арасынан 17 де­путат таңдалды. Биылғы сайлаудың ерекшелігі – әйелдердің саяси белсенділігінің артуы. Сай­лан­ған 17 депутаттың бесеуі, яғни 29,4 пайы­зы – әйел. 2014 және 2017 жылдардағы сайлауда бұл көр­сет­кіш тек 6 пайыз болған еді. Жылдың тағы бір елеулі жаңалығы – Мәжіліс сайлауы соңғы 17 жылда алғаш рет өз уақытында өткелі отыр. 21 қазанда Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс жә­не мәслихат депутаттары сайлауын 2021 жыл­дың 10 қаңтарында өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Саяси додаға бес партия қатысады: «Nur Otan», «Ақ жол», «Ауыл», Adal және Қазақстан Ха­лық партиясы. Бүгінде партиялар аймақтардағы сай­лаушылармен жүздесіп, сайлауалды үгіт-на­сихат жұмыстарын жүргізуде. 2021 жылғы 9 қаң­тарда түнгі сағат 00:00-де үгіт-насихат тоқ­та­тылуы шарт.  Ал 10 қаңтарда таңғы сағат 7:00-де дауыс беру басталады. Биылғы сайлау науқаны жайлы сөз еткенде «Nur Otan» партиясының прай­меризін айтпай кетуге болмас. Ел та­ри­хында алғаш рет өткізілген партияішілік ірік­теу игілігі мол тәжірибе болғанын ма­мандар да, сайлаушылар да мойындады. Прай­мериз елге қызмет етемін, халықтың жоғын түгендеймін деген жаңа есімдердің та­нылуына жол ашты. Дода жеңімпаздары барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттығына ұсыну үшін партиялық тізімдерге енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте халыққа ар­наған Жолдауын да жылдың айтулы оқи­ғалары қатарына қосуымыз заңдылық. Өйт­кені Президенттің кезекті Жолдауы мем­лекеттік қызметтегі күрделі рефор­ма­ларға негіз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қыс­қар­туды, сондай-ақ  министрліктердегі жауап­ты хатшылар институтын жоюды тапсырды. Сон­дай-ақ Жолдауда бірқатар жаңа ве­домстволар, атап айтқанда, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Бә­секелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк жанындағы ақша-кредит сая­саты жөніндегі комитет құрылатыны жа­рияланды. Сонымен қатар Президент Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды.

Елеулі өзгерістерге бастаған заңдар

Биыл мемлекеттік органдардың көп­шілігі, оның ішінде Парламент депу­таттары да қашықтан жұмыс істеді. Соған қа­рамастан халық қалаулыларының бел­сен­ділігі төмендемей, ел өміріне елеулі өз­ге­ріс енгізген бірнеше заң қабылдады. Атап айтсақ, 6 маусымда күшіне енген  «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады. Егер бейбіт шеруді өткізу заңға қайшы келсе, әкімдік оны өт­кізбеуі мүмкін. Бірақ оған себеп болуы тиіс. Ал демонстрация, шеруді өткізу үшін ха­барландырудың басқа формасы жүзеге асы­рылады. Келісім туралы өтініш керек. Он­да қатысушылар жүретін маршрут, пай­даланылатын көлік құралдары көрсетілуі қажет. Мәжілісте «оппозиция» пайда болуы­на жол ашқан «Парламенттік оп­по­зиция туралы» заң да  жылдың маңызды құ­жаттары қатарына қосылуға лайық. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен әзір­ленген заң бойынша парламенттік оп­позиция құрылып, олар қаралатын барлық заң жобасын талқылауға араласады. Сон­дай-ақ заңға альтернативті құжат әзірлей ала­ды. Тіпті, парламенттік тыңдау, Үкімет са­ғатын ұйымдастыру құқығына ие болады. Заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен ата­жұр­тына қоныс аударған бауырлары­мыз­ды «оралман» емес,  «қандас» деп атауды ресми түрде бекіткен «Қазақстанның көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойын­ша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу» туралы заң да – тышқан жылының игі­лігі. Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай эт­никалық қазақтар 1991 жылға дейін шет мем­лекетте тұрғанын растамайды. «Орал­ман» мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан аза­маттығын алмағаны негізгі критерий болып саналады. Сонымен қатар  қандас­тар­ға елде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжат­тар­ды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр. Сондай-ақ жуырда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне мәдени мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат әртістердің ба­лағат сөздер айтуына және мас күйінде көрермен алдына шығуына тыйым салады. Сондай-ақ аталған заңға сәйкес, әншілер фонограммамен өнер көрсететіні жөнінде көрерменге ескертуге міндеттелді. Сахна мә­дениетін сақтамағандар жазаланады.

Әлеуметтің әлеуетін арттырған қолдаулар

Пандемия халықтың әл-ауқатына ай­тарлықтай салмақ  түсірді. Ка­ран­­тин кезінде көп кәсіпорынның жұ­мысы тоқтап, елімізде қаншама адам тұрақты табыс көзінен айырылды. Мемлекет індет сал­дарынан ай сайынғы кірісінен қағылған азаматтарға демеу болып, 42 500 теңге жәр­демақы төледі. Әлеуметтік төлем төңірегінде шу аз болған жоқ. 42 500 теңге жылдың ең жиі талқыланған тақырыптарының бірі бол­ды десек, қателесе қоймаспыз. Табы­сы­нан айырылған қазақстандықтарға жәр­демақы үш мәрте тағайындалды. Бірінші кезеңде 4,6 миллион адамға төленсе, екінші кезеңде 3,8 млн адам­ға берілді. Ресми мәлімет бойынша, та­мыз айында карантин шараларының ұзар­тылуына байланысты үшінші кезеңде 2,4 млн азамат 42,5 мың теңгенің жартысын, яғни 21 250 мың теңгеден алған. COVID-19 індеті белең алған кезден бас­тап бұл дертпен күрестің алғы ше­бінде жүрген ақ халаттылардың еңбегі орасан. Айлап үй бетін көрмей, бала-ша­ғасына жете алмай, күні-түні кесірлі кесел­мен арпалысқан медицина қызметкерлеріне Үкімет барынша қолдау көрсетуге тырысты. Ауыр еңбектен қажыған дәрігерлерге күш-қуат беріп, әрі қарай кеселмен күресуге ын­таландыру үшін жалақыларына үсте­мақы қосты. Мәселен, қараша айында коро­навирус және вирустық пневмонияға қарсы күреспен айналысатын 42 мыңға жуық ме­дицина қызметкері жалақыға үстемақы алды. Бір ғана айдың төлем сомасы 9,7 млрд теңгеден асады. Дәрігерлердің арасында қызметте жүріп індет жұқтырғандар қатары аз емес. 20 желтоқсандағы дерек бойынша, 13 172 медицина қызметкері коронавирусқа шалдыққан. Оның ішінде 3 829 дәрігердің COVID-19 белгілері бар пневмония жұқтыр­ғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, 110 медицина қызметкері індеттен көз жұмды. Бү­гінгі күнге дейін вирус жұқтырған 9 300 ме­дицина қызметкеріне және коро­на­вирустан қайтыс болған 215 дәрігердің от­басына өтемақы төленді.

Мәдени өмір өрнектері

Індет салдарынан енгізілген шектеулер елдің қоғамдық-мәдени өмірінің қарқынын да жылдағыдан айтарлықтай бәсеңдетті. Бұқаралық жиындарға, той-томалаққа тыйым салынды. Заман тынышта дүркіретіп  тойланатын мейрамдар, мерейтойлардың көбі онлайн форматта атап өтілді. Есесіне басы артық шығын азайды, қазына қар­жы­сы елдің ең негізгі қажеттіліктеріне жұм­салды. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жыл­дық мерейтойы да, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби ба­ба­мыздың 1150 жылдық мерейтойы да жиын-тойсыз өтті. Десе де, ғұламалардың ұлағатты мұрасын насихаттау үшін мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды шаруа­лар атқарылды. Хакім Абайдың кіндік қаны тамған өлкеде барлық маңызды ны­сандар қайта жаңғыртылды. «Жидебай-Бөрлі» тарихи-мәдени кешені жаңа кел­бетке ие болды. Қазақстанның мәдени-ру­хани астанасы саналатын Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылды. Сол ескерткіштің ашылуында сөй­леген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Біз мерейтой кезінде ысы­­­рапшылдық пен даңғазалыққа жол бер­ген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақ­тық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жо­лы осы деп санаймын» деп атап өтті. Елімізде атаулы жылдардың өз атына сай өтуіне үлкен мән берілетіні бел­гілі. Волонтерлер жылы деп жарияланған осы жыл өз мақсат-міндетін артығымен орын­дады десек, асылық айтқанымыз емес. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірім­нің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Жыл бойы 100 мыңнан ас­там адам ерікті қызмет көрсетті. Волон­тер­ліктің жаңа бағыттары тиімді дами бастады. Birgemiz жалпыұлттық бастамасы аз ғана уақытта көптеген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар күрделі кезеңде мұқтаж жандарға қолұшын созды. Аталған бастама аясында Qamqor, Saulyq, Sabaqtastyq жобалары жүзеге асырылып, жүз мың­даған тұрғынға көмек көрсетілді. Өзен­дерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қо­қысты сұрыптау жөніндегі Taza Alem волон­терлік қозғалысының қызметі де көпші­ліктің қолдауына ие болды. Жуырда Еріктілер жылының жа­былуында сөйлеген сөзінде Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс пен Мақ­тааралдағы қайғылы оқиғаларды ес­кере отырып, күрделі техногенді апат­тардан кейінгі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер дайындайтын арнайы оқыту курстарын ашу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекет тара­пынан да, бизнес тарапынан да көр­сетілетін қаржылай және басқа да кө­мек­тердің аясын кеңейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Волонтерлерді жұмыл­дырудың халықаралық жылын жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама Қа­зақ­станның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді. Ел жылнамасына ерек жазылар тағы бір елеулі оқиға – қазақ халқының ұлт­тық ойындарының бірі тоғызқұмалақ жуырда адамзатқа ортақ мәдени мұралар қатарына енді. Яғни, ЮНЕСКО ұйымының шешімімен материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл туралы комитеттің 2020 жылғы 14-19 желтоқсан аралығында он­лайн режимде өткен 15-сессиясы аясында мәлім болды. Бұған дейін мәдени мұралар тізіміне қазақтың күй өнері, киіз үй, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамын тойлау, жыртқыш құстармен аң аулау, жіңіш­ке қа­тырма торттар жасау, асық ойы­ны, Қорқыт ата мұрасы және жылқы баптау дәстүрлері енген болатын.

 Жаһан тынысын өзгерткен оқиғалар

Жылдың басынан соңына дейін ке­сір­лі кеселмен күрес жаһандық жаңа­лықтар таспасының басты тақырыбы болды. Дей тұрғанмен, әлем елдерінде жаһан ты­нысына елеулі әсер еткен өзге жағ­дайлар да аз болған жоқ. Мәселен, жыл басында ғалам назарын аударған негізгі оқиғалардың бірі – Аустралиядағы орман өрті. Бұл ел үшін ормандардың отқа орануы таңсық құбылыс емес, алайда биылғы ала­пат өрт Аустралия тарихындағы ең ірісі бол­ды. Салдарынан миллионнан астам жа­байы жануарлар қырылды, 27,2 млн гек­тар аумақты алып жатқан жасыл желек күл­ге айналды. Аустра­лиядағы орман өр­тінен кейін адам­дардың жаһандық климат өзгерістеріне деген түсініктері өзгере бас­тады. АҚШ-та полиция қызметкерінің қо­лы­нан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған жап­пай наразылық шерулері әлемде нәсілшілдік жойылмағанын, аз ұлттарға қатысты әді­лет­сіздік әлі тоқтамағанын көрсетті. Бас­тап­қыда марқұм мекен еткен Миннеаполис қаласының тұрғындары ереуілге шыққан еді. Көп ұзамай ашу мен ыза бүкіл ел аума­ғын шарпып, АҚШ-тың 140-тан астам қа­ласында халық көшеге шығып, «Дем жетпей жатыр», «Қара нәсілділердің де өмірі маңыз­ды»  деп ұрандатты. Наразылық шерулері АҚШ аумағымен шектелмей, әлемнің түк­пір-түкпірінде Black Lives Matter қозғалысын қолдаушылар көбейді. Ливан астанасы Бейрут орталы­ғындағы портта болған жойқын жа­рылыс  пандемия салдарынан туған дағ­дарыстың зардабын тартқан мемлекет үшін ауыр соққы болды. Мыңдаған тонна аммоний нитраты сақталған қоймасындағы жарылыстан кемінде 200 адам қаза тауып, 300 мың адам үй-күйсіз қалды. Әлем елдері Ли­ван халқына қолұшын созып, демеу болу­ға тырысқанымен, әркім өз қотырын өзі қаситынын бұл оқиға кезекті рет дәлелдеп берді. Сарапшылар Бейруттағы жарылысты ядролық қару қасіретінен тыс тарихтағы ең зардапты жойқын жарылыс деп бағалады. Таулы Қарабақтағы соғыстың сабағы да көптің көкейіне құйылды. Қыр­күйекте басталған ұрыста әлем назарын ау­дарып, отқа май құюшылар да, бірі өліп, бірі қалуға бекінген қос тарапты бітістірмек болғандар да табылды.  Әзербайжан өзінің ба­сым күшке ие екенін көрсетіп, Таулы Қара­бақтың өзіне тиесілі көп аймағын қай­тарып алды. Арменияны келісімге келуге мәж­бүр болды. Ресейдің араағайындығымен өңірде оқ атыспау туралы бейбіт келісім жа­салды. Таулы Қарабақтың басым көп ай­мағы Әзербайжанға қайтарылатыны, ай­мақтағы тұрақтылықты қорғауды Ресей жасағы өз мойнына алатыны құжат бойын­ша бекітілді. Бауырлас Қырғыз еліндегі төңкеріс, Беларусьтегі ұзаққа созылған нара­зылық шерулері мен АҚШ-тағы президент сайлауы да мемлекеттер арасындағы қа­рым-қатынасқа, жаһандық экономика мен саясат тынысына елеулі ықпал еткен оқи­ғалар болды. Алыстан көз тіккен мем­лекеттердің олардан үйренері де, жиренері де аз болмады.