Тышқан жылы тындырылған іс көп
Тышқан жылы тындырылған іс көп
Бүгін – 2020 жыл тәмамдалар күн. Бұл жыл күллі әлемді әлекке салған кесірлі кесел – коронавирус және оның төңірегіндегі әурешіліктермен есте қалды. Десе де, пандемия салдарынан енгізілген шектеулерге қарамастан тышқан жылында ел өмірінде де, жаһан тіршілігінде де елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Солардың ең негізгілерін топтап, оқырман назарына жыл қорытындысын ұсынып отырмыз.
Саясаттағы салмақты өзгерістер
Елдің саяси өміріндегі ең басты оқиға – Парламент сайлауы. Әуелі 12 тамызда Сенат депутаттары сайланды. Әр облыстан және үш қаладан тіркелген 46 үміткердің арасынан 17 депутат таңдалды. Биылғы сайлаудың ерекшелігі – әйелдердің саяси белсенділігінің артуы. Сайланған 17 депутаттың бесеуі, яғни 29,4 пайызы – әйел. 2014 және 2017 жылдардағы сайлауда бұл көрсеткіш тек 6 пайыз болған еді. Жылдың тағы бір елеулі жаңалығы – Мәжіліс сайлауы соңғы 17 жылда алғаш рет өз уақытында өткелі отыр. 21 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын 2021 жылдың 10 қаңтарында өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Саяси додаға бес партия қатысады: «Nur Otan», «Ақ жол», «Ауыл», Adal және Қазақстан Халық партиясы. Бүгінде партиялар аймақтардағы сайлаушылармен жүздесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. 2021 жылғы 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де үгіт-насихат тоқтатылуы шарт. Ал 10 қаңтарда таңғы сағат 7:00-де дауыс беру басталады. Биылғы сайлау науқаны жайлы сөз еткенде «Nur Otan» партиясының праймеризін айтпай кетуге болмас. Ел тарихында алғаш рет өткізілген партияішілік іріктеу игілігі мол тәжірибе болғанын мамандар да, сайлаушылар да мойындады. Праймериз елге қызмет етемін, халықтың жоғын түгендеймін деген жаңа есімдердің танылуына жол ашты. Дода жеңімпаздары барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттығына ұсыну үшін партиялық тізімдерге енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауын да жылдың айтулы оқиғалары қатарына қосуымыз заңдылық. Өйткені Президенттің кезекті Жолдауы мемлекеттік қызметтегі күрделі реформаларға негіз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқартуды, сондай-ақ министрліктердегі жауапты хатшылар институтын жоюды тапсырды. Сондай-ақ Жолдауда бірқатар жаңа ведомстволар, атап айтқанда, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк жанындағы ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылатыны жарияланды. Сонымен қатар Президент Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды тапсырды.Елеулі өзгерістерге бастаған заңдар
Биыл мемлекеттік органдардың көпшілігі, оның ішінде Парламент депутаттары да қашықтан жұмыс істеді. Соған қарамастан халық қалаулыларының белсенділігі төмендемей, ел өміріне елеулі өзгеріс енгізген бірнеше заң қабылдады. Атап айтсақ, 6 маусымда күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады. Егер бейбіт шеруді өткізу заңға қайшы келсе, әкімдік оны өткізбеуі мүмкін. Бірақ оған себеп болуы тиіс. Ал демонстрация, шеруді өткізу үшін хабарландырудың басқа формасы жүзеге асырылады. Келісім туралы өтініш керек. Онда қатысушылар жүретін маршрут, пайдаланылатын көлік құралдары көрсетілуі қажет. Мәжілісте «оппозиция» пайда болуына жол ашқан «Парламенттік оппозиция туралы» заң да жылдың маңызды құжаттары қатарына қосылуға лайық. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген заң бойынша парламенттік оппозиция құрылып, олар қаралатын барлық заң жобасын талқылауға араласады. Сондай-ақ заңға альтернативті құжат әзірлей алады. Тіпті, парламенттік тыңдау, Үкімет сағатын ұйымдастыру құқығына ие болады. Заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен атажұртына қоныс аударған бауырларымызды «оралман» емес, «қандас» деп атауды ресми түрде бекіткен «Қазақстанның көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу» туралы заң да – тышқан жылының игілігі. Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай этникалық қазақтар 1991 жылға дейін шет мемлекетте тұрғанын растамайды. «Оралман» мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан азаматтығын алмағаны негізгі критерий болып саналады. Сонымен қатар қандастарға елде тұрақты тұруға рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі беріліп отыр. Сондай-ақ жуырда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдени мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат әртістердің балағат сөздер айтуына және мас күйінде көрермен алдына шығуына тыйым салады. Сондай-ақ аталған заңға сәйкес, әншілер фонограммамен өнер көрсететіні жөнінде көрерменге ескертуге міндеттелді. Сахна мәдениетін сақтамағандар жазаланады.Әлеуметтің әлеуетін арттырған қолдаулар
Пандемия халықтың әл-ауқатына айтарлықтай салмақ түсірді. Карантин кезінде көп кәсіпорынның жұмысы тоқтап, елімізде қаншама адам тұрақты табыс көзінен айырылды. Мемлекет індет салдарынан ай сайынғы кірісінен қағылған азаматтарға демеу болып, 42 500 теңге жәрдемақы төледі. Әлеуметтік төлем төңірегінде шу аз болған жоқ. 42 500 теңге жылдың ең жиі талқыланған тақырыптарының бірі болды десек, қателесе қоймаспыз. Табысынан айырылған қазақстандықтарға жәрдемақы үш мәрте тағайындалды. Бірінші кезеңде 4,6 миллион адамға төленсе, екінші кезеңде 3,8 млн адамға берілді. Ресми мәлімет бойынша, тамыз айында карантин шараларының ұзартылуына байланысты үшінші кезеңде 2,4 млн азамат 42,5 мың теңгенің жартысын, яғни 21 250 мың теңгеден алған. COVID-19 індеті белең алған кезден бастап бұл дертпен күрестің алғы шебінде жүрген ақ халаттылардың еңбегі орасан. Айлап үй бетін көрмей, бала-шағасына жете алмай, күні-түні кесірлі кеселмен арпалысқан медицина қызметкерлеріне Үкімет барынша қолдау көрсетуге тырысты. Ауыр еңбектен қажыған дәрігерлерге күш-қуат беріп, әрі қарай кеселмен күресуге ынталандыру үшін жалақыларына үстемақы қосты. Мәселен, қараша айында коронавирус және вирустық пневмонияға қарсы күреспен айналысатын 42 мыңға жуық медицина қызметкері жалақыға үстемақы алды. Бір ғана айдың төлем сомасы 9,7 млрд теңгеден асады. Дәрігерлердің арасында қызметте жүріп індет жұқтырғандар қатары аз емес. 20 желтоқсандағы дерек бойынша, 13 172 медицина қызметкері коронавирусқа шалдыққан. Оның ішінде 3 829 дәрігердің COVID-19 белгілері бар пневмония жұқтырғаны белгілі болды. Өкінішке қарай, 110 медицина қызметкері індеттен көз жұмды. Бүгінгі күнге дейін вирус жұқтырған 9 300 медицина қызметкеріне және коронавирустан қайтыс болған 215 дәрігердің отбасына өтемақы төленді.Мәдени өмір өрнектері
Індет салдарынан енгізілген шектеулер елдің қоғамдық-мәдени өмірінің қарқынын да жылдағыдан айтарлықтай бәсеңдетті. Бұқаралық жиындарға, той-томалаққа тыйым салынды. Заман тынышта дүркіретіп тойланатын мейрамдар, мерейтойлардың көбі онлайн форматта атап өтілді. Есесіне басы артық шығын азайды, қазына қаржысы елдің ең негізгі қажеттіліктеріне жұмсалды. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы да, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы да жиын-тойсыз өтті. Десе де, ғұламалардың ұлағатты мұрасын насихаттау үшін мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды шаруалар атқарылды. Хакім Абайдың кіндік қаны тамған өлкеде барлық маңызды нысандар қайта жаңғыртылды. «Жидебай-Бөрлі» тарихи-мәдени кешені жаңа келбетке ие болды. Қазақстанның мәдени-рухани астанасы саналатын Семей қаласында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылды. Сол ескерткіштің ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын» деп атап өтті. Елімізде атаулы жылдардың өз атына сай өтуіне үлкен мән берілетіні белгілі. Волонтерлер жылы деп жарияланған осы жыл өз мақсат-міндетін артығымен орындады десек, асылық айтқанымыз емес. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Жыл бойы 100 мыңнан астам адам ерікті қызмет көрсетті. Волонтерліктің жаңа бағыттары тиімді дами бастады. Birgemiz жалпыұлттық бастамасы аз ғана уақытта көптеген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар күрделі кезеңде мұқтаж жандарға қолұшын созды. Аталған бастама аясында Qamqor, Saulyq, Sabaqtastyq жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілді. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі Taza Alem волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Жуырда Еріктілер жылының жабылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс пен Мақтааралдағы қайғылы оқиғаларды ескере отырып, күрделі техногенді апаттардан кейінгі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер дайындайтын арнайы оқыту курстарын ашу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да көрсетілетін қаржылай және басқа да көмектердің аясын кеңейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама Қазақстанның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді. Ел жылнамасына ерек жазылар тағы бір елеулі оқиға – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі тоғызқұмалақ жуырда адамзатқа ортақ мәдени мұралар қатарына енді. Яғни, ЮНЕСКО ұйымының шешімімен материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл туралы комитеттің 2020 жылғы 14-19 желтоқсан аралығында онлайн режимде өткен 15-сессиясы аясында мәлім болды. Бұған дейін мәдени мұралар тізіміне қазақтың күй өнері, киіз үй, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамын тойлау, жыртқыш құстармен аң аулау, жіңішке қатырма торттар жасау, асық ойыны, Қорқыт ата мұрасы және жылқы баптау дәстүрлері енген болатын.Жаһан тынысын өзгерткен оқиғалар
Жылдың басынан соңына дейін кесірлі кеселмен күрес жаһандық жаңалықтар таспасының басты тақырыбы болды. Дей тұрғанмен, әлем елдерінде жаһан тынысына елеулі әсер еткен өзге жағдайлар да аз болған жоқ. Мәселен, жыл басында ғалам назарын аударған негізгі оқиғалардың бірі – Аустралиядағы орман өрті. Бұл ел үшін ормандардың отқа орануы таңсық құбылыс емес, алайда биылғы алапат өрт Аустралия тарихындағы ең ірісі болды. Салдарынан миллионнан астам жабайы жануарлар қырылды, 27,2 млн гектар аумақты алып жатқан жасыл желек күлге айналды. Аустралиядағы орман өртінен кейін адамдардың жаһандық климат өзгерістеріне деген түсініктері өзгере бастады. АҚШ-та полиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған жаппай наразылық шерулері әлемде нәсілшілдік жойылмағанын, аз ұлттарға қатысты әділетсіздік әлі тоқтамағанын көрсетті. Бастапқыда марқұм мекен еткен Миннеаполис қаласының тұрғындары ереуілге шыққан еді. Көп ұзамай ашу мен ыза бүкіл ел аумағын шарпып, АҚШ-тың 140-тан астам қаласында халық көшеге шығып, «Дем жетпей жатыр», «Қара нәсілділердің де өмірі маңызды» деп ұрандатты. Наразылық шерулері АҚШ аумағымен шектелмей, әлемнің түкпір-түкпірінде Black Lives Matter қозғалысын қолдаушылар көбейді. Ливан астанасы Бейрут орталығындағы портта болған жойқын жарылыс пандемия салдарынан туған дағдарыстың зардабын тартқан мемлекет үшін ауыр соққы болды. Мыңдаған тонна аммоний нитраты сақталған қоймасындағы жарылыстан кемінде 200 адам қаза тауып, 300 мың адам үй-күйсіз қалды. Әлем елдері Ливан халқына қолұшын созып, демеу болуға тырысқанымен, әркім өз қотырын өзі қаситынын бұл оқиға кезекті рет дәлелдеп берді. Сарапшылар Бейруттағы жарылысты ядролық қару қасіретінен тыс тарихтағы ең зардапты жойқын жарылыс деп бағалады. Таулы Қарабақтағы соғыстың сабағы да көптің көкейіне құйылды. Қыркүйекте басталған ұрыста әлем назарын аударып, отқа май құюшылар да, бірі өліп, бірі қалуға бекінген қос тарапты бітістірмек болғандар да табылды. Әзербайжан өзінің басым күшке ие екенін көрсетіп, Таулы Қарабақтың өзіне тиесілі көп аймағын қайтарып алды. Арменияны келісімге келуге мәжбүр болды. Ресейдің араағайындығымен өңірде оқ атыспау туралы бейбіт келісім жасалды. Таулы Қарабақтың басым көп аймағы Әзербайжанға қайтарылатыны, аймақтағы тұрақтылықты қорғауды Ресей жасағы өз мойнына алатыны құжат бойынша бекітілді. Бауырлас Қырғыз еліндегі төңкеріс, Беларусьтегі ұзаққа созылған наразылық шерулері мен АҚШ-тағы президент сайлауы да мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа, жаһандық экономика мен саясат тынысына елеулі ықпал еткен оқиғалар болды. Алыстан көз тіккен мемлекеттердің олардан үйренері де, жиренері де аз болмады.