Ауылшаруашылық корпорациялары салықты 70% пайыз жеңілдікпен төлейді
Ауылшаруашылық корпорациялары салықты 70% пайыз жеңілдікпен төлейді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірлердің ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі отырыс кезегі Қарағанды облысына келіп жетті.
ҚР АШМ өкілдері мамандандыру схемасына қосымша өлшемдер бойынша нақты ақпараттардың қажеттілігін атай отырып, аталмыш мәселені бірлесіп талқылауды ұйымдастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Ал, шешімді шығару үшін өтінімдерді аудандық ауыл шаруашылық бөлімдерінде қабылдау мәселесі қағидалар редакциясында ескерілетін болды.
Сала басшылығымен тікелей тілдесу мүмкіндігін барынша пайдаланған облыстың ауыл шаруашылығы құрылымы қызметкерлері қағидаға элита, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды субсидиялауды қарастыру және су берушіге берешегінің 50 пайызын төлеу туралы қағидаға өзгеріс енгізу, мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары бойынша несиелік және лизингтік сыйақы мөлшерлемелерін төмендету, несиелендіру мерзімін ұзарту, қағидалардың уақытылы бекітілуі бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. Оның ішінде, Ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау шараларын нақтылап, бекіту керектігі баса айтылды.
Өз кезегінде, А.Мырзахметов қазіргі таңда Министрлікпен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің артықшылығын белгілеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, соның бір айғағы – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатын корпоративті табыс салығын немесе жеке табыс салығын, қосымша құн салығын, әлеуметтік салығын, мүлік салығын, көлік құралдары салығын төлеу бойынша 70%-дық жеңілдікті қарастыратын арнайы салық тәртібі екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына бағытталған ведомствалық жұмыстардың бұрынғы қарқынмен жалғасатынын атай отырып, жиын барысында көтерілген барлық мәселелерді қысқа мерзімде қарастырып, тез шешім қабылдауды тапсырды.