Ұстазбен қоштасудан ауыр нәрсе жоқ, бірақ жаратылыс өз дегенін жасайды

Ұстазбен қоштасудан ауыр нәрсе жоқ, бірақ жаратылыс өз дегенін жасайды

Ұстазбен қоштасудан ауыр нәрсе жоқ, бірақ жаратылыс өз дегенін жасайды
ашық дереккөзі
Жаратушының қалауымен дүниеге келген адам баласы пәни жалғанда ата-анасы мен ұстазға ғана қарыздар болады екен. Өйткені әке-шешең жарық дүниеге келуіңе себепші болса, ұстаз – көкірек-көзің ашылып, санаң өсіп, дүние сырларын тереңдеп түсінуіңе зор пайдасын тигізетін ғажайып жан. Қызық қой, өзіңді ата-анаң барда бала санап, ұстазың барда шәкірт сезініп оларға арқа сүйеп, алаңсыз өмір сүресің. Бірақ күндердің күнінде олар бақиға жол тартқанда пәни дүниеде мәңгілік жалғыз қалғандай сезім иектеп, жаның жабырқап, көңілің құлазиды... Бүгін... маған (және мен сияқты жүздеген адамдарға) Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтында білім берген ұстазымыз «Қайыржан Аралбаев дүниеден өтті» деген суық хабар жеткенде бір сәт өзімнің не естіп тұрғанымды түсінбей қалғандай күй кештім. Иә, ол... мен жақын жылдарда ести қоямын деген хабар емес еді, бірақ естідім! Естідім де сенер-сенбесімді білмей аңырып қалдым. Алайда «қайтыс болды» деген сөз бәрібір санама қандай оқиға болғанын жеткізді. Ұстаздан айрылыппыз... Мұндайда өткен өмірді есіңе алып, бақытты жастық шағыңның тәтті елесіне аласұра қол созасың ғой, мен де де солай болды. Қайыржан ағаны ең алғаш қашан көргенім, маған айтқан ең бірінші сөзі, ұрысқаны, мақтағаны бәрі, бәрі есіме келді. Тек, ол кісімен соңғы рет қашан кездескенім, соңғы рет не деп сөйлескенім қапелімде есіме түспей қойды. Шамасы, соңғы рет кездесіп тұрмыз-ау деген ой ұстазда да, менде де болмаса керек... Қайыржан Қайыпбергенұлы Аралбаев 1946 жылы Арал теңізінің жағасындағы Мойнақ ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң арман қуып – білім іздеп қазақтың Меккесіндей Алматыға келді. Сөйтіп оқуға түсіп, 1968 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген соң туған ауылына барып, он жылдай орта мектепте мұғалім болды. 1978 жылдан бастап Бердақ атындағы Нөкіс мемлекеттік университетінің (қазіргі Қарақалпақ мемлекеттік университеті) филология факультетінде оқытушы болып жұмысқа тұрды. Содан өмірінің соңғы күндеріне дейін сол оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент дәрежесінде еңбек етті. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде профессор Рахманқұл Бердібаевтың жетекшілігімен «Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, ғылым кандидаты атанды. Одан бергі жерде көптеген ғылыми мақалалармен бірге әзіл-сықақ өлеңдер, сыни-портреттік эсселер жазып «Асылдың сынығы»,  «Әдеби дәнекер», «Ұстаз, ғалым азамат», «Бесқала өрнектері» атты кітаптарын шығарды. «Өзбекстанның халыққа білім беру ісінің үздігі» атағын алып, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдық, қаламгерлік, ұстаздық үшеуін де тең ұстап табысты еңбек етіп, абыройға бөленді. Қайыржан аға мықты әдебиетші болатын. Әдебиетте бұрын жасалған туындылар туралы толық білетін және заманауи әдеби үдерісті қадағалап отыратын. Шетте өмір сүрген қазақ жастары үшін мұндай білімді адамның орны бөлек әрине. Өйткені о кезде барлық білім көзі кітапта болатын, сондықтан керек кітабыңды қолға түсіргенше талай нәрсені білмей жүре беруің әбден мүмкін. Ал Қайыржан ұстаз өзінің бай кітапханасын білім іздеген талапшыл шәкірттерінің пайдалануына мүмкіндік беретін. Лекция оқыса тақырыпқа тура да, жанама да қатысы бар деректер мен дәйектерді мол қамтып, арасында қаламгерлерге қатысты да қызықты жайттарды айтып, жан-жақты талдап-түсіндіріп, тыңдағанды жалықтырмайтын. Ол кісі қабілетті студенттерді өте құрметтейтін еді. Әсіресе, жазу-сызуға әуес шәкірттерін үнемі назарда ұстап, олардың не оқып, не жазып жүргені туралы сұрап біліп отыратын. Студент кезден өлең жазатынымды білетін Қайыржан аға менімен де әдебиет туралы көп әңгімелесетін. Кейде сабақтан қайтарда кезігіп қалсақ, әңгімеге тартып, үйіне ертіп кететін. Сөйтіп ұстазбен бірге шай ішіп, қайтарда сыйға берген кітаптарын қолтығыма қысып, үйге жеткенше оқуға асығатын едім. Институтты бітірген соң да байланысымыз үзілмеді. Мен оқу бітірген соң Нөкісте қалып «Достық үні» газетінде, бір жағынан қаладағы №34 орта мектепте тіл-әдебиеттен сабақ бердім. Газетке белгілі қаламгерлердің мерейтойы болса, Қайыржан ағаға мақала жаздырып аламыз. Мектепте ақын-жазушылардың мерейтойлық кештерін өткізгенде Қайыржан ағаны шақырып алып баяндама жасатамыз. Соның бәрінде ол кісінің «уақытым жоқ» деп бас тартқанын көрмеппін. Керісінше мұндай жағдайда өзінің бізге пайдасы тигеніне риза болатын. Кейін, 1996 жылы қалада өмір сүру қиындаған соң ауылға кеткен соң сирек те болса кездесіп тұрдық. Бірақ 2004 жылы мен Алматыға қоныс аударған соң біраз уақыт бір-бірімізден хабарсыз қалдық. Дегенмен заман өзгеріп, интернет өмірімізге дендеп енген соң о кісі мені іздеп тауып алып, ұялы телефон арқылы байланысып тұратынбыз. 2015 жылы Алматыға келгенінде «Түркістан» газетінің редакциясына әдейі іздеп келіп, менің баспасөз саласына қайта ораплғаныма қуанышты екенін айтқан болатын. «Келер жылы 70-ке шығамын, соған кітап шығаруым керек. Өзің бас-көз бол» деп кітабының қолжазбасын тапсырып кетті. Сөйтіп, 2016 жылы Қайыржан ағаның «Бесқала өрнектері» атты кітабын «Арыс» баспасынан сапалы қылып шығарып бердік. Ағамыздың сондағы қуанғаны әлі көз алдымда. «Ой, рахмет! Мына кітап біз жаққа сенсация болды. Ырзамын, шәкірттік, інілік міндетіңді адал атқардың» деп мәз болды. Негізі ол кісіге біз көбірек риза болдық десее жарасар. 2014 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Қазығұрт» баспасынан менің «Ақиқаттың рухы» атты поэзиялық, досым Бегабат Ұзақовтың «Жантаза» атты прозалық кітабымыз жарық көрген-ді. Сол кітаптарды сыйға бергенімізде «міндетті түрде оқып, пікірімді айтамын» деген еді, бірақ пікір ауызша айтумен шектелмей, менің кітабым туралы «Асқақтаған ақиқаттың рухы», Бегабаттың кітабы туралы «Қысқа жанрдың хас шебері» деген тамаша екі бірдей мақала жазып, «Жалын» журналына жариялады. «Бесқала өрнектері» кітабына кіргізді. Енді міне, сондай жақсы адам аяқ астынан... Алдыңғы жылы осында тұратын ұлының үйіне қыдырып келгенінде телефон шалып хабарласқан. Бірақ бір күні ол кісінің, бір күні менің жұмысым шығып кездесе алмадық. Сөйтіп жүргенде елге қайтып бара жатқанын айтып телефон соқты. «Ағама сәлем бере алмадым деп қысылмай-ақ қой, өзімнің шәкіртімсің, сені түсінем. Амандық болса ендігі жылы келгенде кездесерміз, мүмкін оған дейін ауылға да келіп кетерсің. Асығыс ештеңесі жоқ, құдайдың күні көп қой» деп мені жұбатып қоштасқан еді. Бірақ биыл көктем басталар-басталмастан мына індет келіп, бір елден бір елге барма түгілі үйден де шыға алмай қалдық қой. Енді міне... Қытайдан шығып әлемге тараған коронавирус індетінің қармағына менің аяулы ұстазым да ілініпті... Өмірде өкініш болмай тұра ма. Уақыт өз дегенін жасайды. Бір кезде Нөкіс пединститутында бізге сабақ берген ұстаздардың түгелге жуығы қазір мәңгілік мекенінде дамылдап жатыр. Қаржаубай Жұмажанов, Еркебай Мергенбаев, Рахмет Аяпбергенұлы, Күрленбай Хамидуллаев... бәрі дүние салды. Енді міне біз үшін «могиканның соңғы тұяғындай» Қайыржан ағамыз да кетті. Шын мәнінде бұл кісі өзімен бірге қарақалпақ еліндегі қазақ филологиясының тұтас бір дәуірін жауып бара жатыр... Хош, бол ұстаз! Біздің жүрегімізде өзіңіздің жақсы мінезіңізбен, жанашыр болмысыңызбен сақталып қаласыз. Сіздің ендігі өміріңіз ұлтыңыздың рухани әлемінде, шәкірттеріңіздің жүрегінде жалғасады. Алла алдыңыздан жарылқасын, пейіште нұрыңыз шалқығай! Тіршілігінде ұрпаққа білім беріп, өлшеусіз жақсылық жасаған жанның мәңгілік өмірі ұжымақтың төрінде нұрланса керек. Сандаған шәкірттеріңіз бірі Ахмет ӨМІРЗАҚ. 30.12.2020 жыл. Алматы