ТІЛ – БҰЛБҰЛ, ОЙ – ГҮЛСТАН, КӨҢІЛ – БАҚТАЙ

ТІЛ – БҰЛБҰЛ, ОЙ – ГҮЛСТАН, КӨҢІЛ – БАҚТАЙ

ТІЛ – БҰЛБҰЛ, ОЙ – ГҮЛСТАН, КӨҢІЛ – БАҚТАЙ
ашық дереккөзі

СЫР СҮЛЕЙІ ЕРІМБЕТ КӨЛДЕЙБЕКҰЛЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Сыр бойы – сан ғасырға созылған жыраулық дәстүр мен жазба әдебиет бір бірін толықтыра, қатар дамып келе жатқан өңір. Сонау оғыз бен қыпшақ мәдениетінің тоғысындағы Қорқыт бабаны айтпағанның өзінде бергі дәуірде ел арасында Сыр сүлейлері атанған Балқы Базар, Дүр Оңғар, Нұртуған, Ешнияз, Шегебай, Шораяқтың Омарынан Тұрмағамбетке дейінгі аралықта талай даңғайыр шайырлар артына сөз маржанынан мол мұра қалдырған. Сыр сүлейлерінің еңселі тұлғаларының бірі Ерімбет Көлдейбекұлы 1850-1911 жылдар аралығында өмір сүрген. Сол кезеңде бірнеше Ерімбет өмір сүрген болса керек, халық шатаспау үшін шайырды шыққан руының атымен Қарасақал Ерімбет атап кеткен. Жалпы дала өркениетінде батырлар мен ақындар өте жоғары бағаланған. Елді, елдікті сақтау үшін бұл екеуі қан мен терін аямаған. Ерімбет те батырлардың сойынан. Әрісін айтпағанның өзінде, Ақша, Бекше, Қабылан, Жолбарыс атты төрт баһадүрдің үлкені Ақшадан Ерімбеттің әкесі Көлдейбек, Бекшеден ел азаттығы үшін күрескен Жанқожа Нұрмұхамедұлының аға-досы, сенімді серігі Дабыл батыр туған. Ақша батыр баласы Көлдейбекке Жанқожа батырдың ағасы Ақмырзаның қызы Зәурені әперген. Ерімбет – сол тектілердің ұрпақтары Көлдейбек пен Зәуренің зүрияты. Қарасақал Ерімбет «Мұхаммед пайғамбар туралы хикая», «Атымтай жомарт», «Садуақас сақи», «Ақтам сақаба», «Шаһизаданың хикаясы», «Бап-раушан», «Әбу Шашма», «Хазірет Ғали мен Дариха қыз», «Хазірет Ғали мен Мағауияның соғысы» атты дастандар жазған. Араб, парсы, түркі шайырлары шығармашылығында діни тақырып ежелден бар. Еуропада Ислам дініне көзқарастың өзгеруі құранмен танысудан басталған. Бұл қасиетті кітапты 1422 жылы Базельде Теодор Библиандр латыншаға аударған. Аталмыш аударма екі жарым ғасырдан аса қолданыста болды. 1698 жылы Италия пірадары Патер Лудовико Мараччи құранды латын тіліне қайтадан аударған. 1705 жылы Утрехт (Нидерландия) қаласынан шыққан протестант шығыстанушы ғалымы Хадриан Рееланд «De religione Mohammadica» («Мұхаммед діні») деген кітап жазып, мұсылмандарға құрмет көрсетті, Ислам дініне жақсы баға берді. Георг Саленің аудармасында 1734 жылы ағылшын тілінде Құранның басылып шығуы үлкен оқиға болды. Іле-шала Құран неміс, голланд, француз тілдеріне де аударылды. Сале аудармасы құрантанушылар үшін бір ғасырға жуық негізгі дереккөз болды. Оның түсіндірмелерінде Ислам дінінің басқа діндерге қарағанда, абзал жақтарына ишарат білдірілген. Ал Францияда Б. Ж. Хербелот 1697 жылы бастырып шығарған «Bibliotheguc orientale» («Шығыс кітапханасы») атты лексикографиялық кітаптың маңызы зор болды. Ұлы ақын Гёте құран аудармаларын, 1791 жылы Вал, 1812 жылы Йозеф фон Хаммер аударған Хафиз ғазалдарын оқиды. Сондықтан, ол 23 жасында Мұхаммед алайхиссаламға арнап өлең арнайды. 1814-1816 жылдар аралығында әйгілі «Батыс-шығыс диуанын» жазған. Вольтер шығармашылығында Ислам діні, Мұхаммед пайғамбар туралы қарама-қарсы пікірлер бар. Дініміз бен пайғамбарымызға шынайы құрметті «Фауст», «Батыс-шығыс диуаны» сияқты ұлы шығармалармен бірге 3000-нан аса өлең жазған Гёте көрсеткен. Гёте оқыған Кәлам шариф пен Хафиз, Руми, Науаи шығармаларымен Хиуа медресесінде түпнұсқада танысқан Қарасақал Ерімбет те һақ дініміз жайлы жырлаған. Әлемде Ахмет Яссауи шығармашылығына әртүрлі көзқарастың барын ескерсек, фольклорымыздағы діни қиссалардың нақты авторы белгісіздігін назарда ұстасақ, қазақ жазба діни поэзиясы Қарасақал Ерімбеттен басталуға тиіс. Кезінде Кете Жүсіп «Ұстаз» атты өлеңінде: Аттары мәлім дүрлер бар, Алшаңдаған әр топта – Бедеудей қойған тағалап. Шәді менен Ерімбет, Әзілкеш, Абай, Бұдабай, – Олардың айтқан сөздері, Әр жұртты кеткен аралап, – деген-ді. Әрине, оның бұлай деуі тегін емес. Қарасақал Ерімбет кітаптары Қазан баспасында басылып, ел арасына кеңінен тарағаны жайлы деректер бар. Зерттеуші Ә. Оспанов «...заманының заңғар ақыны Ерімбет (Ермұхаммед) Көлдейбекұлы да, Қазан революциясына дейін Қазан қаласындағы ағайынды Кәрімовтар баспаханасынан бірсыпыра дастандары мен толғаулары, сол кездегі газеттерде жұмбақ өлеңдері мен айтыстары жарық көргеніне қарамастан, кейін әдебиет саласынан аласталып, тек алпысыншы жылдардан бері ғана Қазақстан Ғылым академиясы М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклор бөлімі (меңгерушісі – ҚРҰҒА-сының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібаев) ғылыми қызметкерлері әр жылдарда дайындаған жинақтарда жылт етіп қана көрініп жүрген сүлейлердің бірі болатын» («Ұлағат сөзім – ұрпаққа». Алматы, 1995 жыл, 4-5-беттер) дейді. Әуелі Адам сафи, Ідіріс өтті, Ерте-кеш, пенде болса, нәубет жетті. Мәшүріп Мағұрыппен толған адам – Көп қауымы Нұх пайғамбардың қайда кетті? Тоқтамай, Һақтан бұйрық келген сағат, Ибраһим Смағұлды құрбан етті. Жақыптың он бір ұлы азғырылып, Зынданды Жүсіп нәби мекен етті. Құдайдың, ойлап тұрсам, құдіреті көп, Аюптың тәнін құртқа қорек етті. Дарақтан Зәкарияға арамен кесіп, Жүніске балық қарнын зындан етті. Пірғауын «Тәңірмін!» деп дағуа қылған соң, Қолынан Мұса қашып торға кетті. Шұғайыптың он екі жыл қойын бақтырып, Мұсаны қой көтінде шопан етті. Сүлеймен қырық күн қашып патшалықтан, Жалаңбас, жалаңаяқ тентірепті. Әр түрлі қамыт салып ер басына, Шын досы Мұхаммедті жетім етті. Тарыққан сондай ерлер дүниядан, Тауыпты, сабыр қылған соң, көп дәулетті. Солардай қазаға қайыл, сабыр қылсаң. Бір күні таппай қалмайсың мархаматты, – деп Қарасақал Ерімбет Құран жазбаларына сүйене отырып, пайғамбарлар тарихын осылай жырлайды. Кешегі Құдайсыз қоғамда мұндай жырлардың тұншықтырылуы табиғи жағдай. Қызыл үкімет мұсылманды рухани түп-тамырынан ажыратуға мейлінше тырысып бақты емес пе? Шайыр дерлік бүкіл шығармаларында дала халқына Һақты насихаттады, дініміздің артықшылығын көрсетті. Еуропада Исламды тануда Гёте шығармалары қандай маңызға ие болса, Ұлы Дала халқына Ерімбет шығармалары дәл сондай маңызға ие. Бүгінгі күнде елді адастырып түрлі секталардың насихатшылары барда шайыр шығармаларына сұраныс арта түспек. Қарасақал Ерімбет түрлі ізденістерге барған новатор шайыр екенін де айта кеткен жөн. Ол қазақ жазба айтысының бастауында тұр. 1903 жылы басталып, 1909 жылы аяқталған Шораяқтың Омарымен айтысы – жазба айтыстағы шоқтығы биік дүние. Аталмыш айтысқа себеп болған «Дала уәлаяты» газетіндегі Ерімбеттің жұмбақтары мен соңғы үш назымына Омар жауап бермеген соң жазған қорытынды ретіндегі 5-назымды есепке алмағанда, Қарасақал Ерімбет соншама жылға созылған айтыста бүкіл назымын «қап», яғни «Қ» әрпімен аяқтаған. Шығыста ғазал жанры кең тараған. Ол аруз өлшемінде 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19... тіпті 23 буынмен жазылып, аа, ба, ва, га, да... формасымен ұйқасады. Сондай-ақ, ғазал күйге салынып, рубаб, дутар сияқты аспаптармен шырқалған. Медреседе оқып, шығыс жанрларын өте жетік білген Ерімбет ғазалдың домбырамен айтылатын қазақы формасын жасаған: Әуелі, Алла, бейкүмән, Өзіңе бәрі аяның. Жоқ еді ерге қашаннан, Дүния, сенің баяның! Ақылы қысқа мен ақымақ, Мағынасын неге жазбаймын, Күндердің күні болғанда, Басыма керек саяның?! Құй балта қыл, құй қылыш, Яки қанжар, қыл пышақ Сұғар қоңыр таппенен Осқылар болса жаяның. Төгінді қара тұз бенен Қалқып шыққан күшәла, Ертеңгі шайтан сідігі Ұрғашы қара мияның. Төртеуін қосып теңгеріп, Шипа ашытып суменен, Ол-дағы нағыз шын алмас, Болады бір күн таяның! Ошал төрттің қуаты, Қылар болат тазасын, Ақыры оның қау емес, Атың да шапса тұяғын. Мұны бір «жалған, жазым» деп, Жадыңа алмай жүрме, халайық, Сілтесең қайбір нәрсеге, Басындай ұшар қияның! Айтып тұрмын ақылдыға, Тыңдамас мұны ақымақтар, Талай асыл қор болды, Біреуі-дағы заяның! Қарасақал Ерімбеттің бұл «Тыңдамас мұны ақымақтар» өлеңін кез келген көзі қарақты жан «Сыр бойының толғау үлгісінде жазылған» деуі мүмкін. Бір қарағанда солай көрінгенімен, мүлде басқа пішінде жазылған. Егер байыппен қарап, әдейі сындырылған 4 жолды 2 жолға жазып, аа, ба, ва... формасына әкелсеңіз, мұның шын мәнінде ғазал екенін ұғасыз. Сыр бойы, Бесқала, Хорезм, түркімен жерінде өмір сүрген, тіпті Ауған асқан қазақтар кезінде мешіт-медреселерде Қарасақал Ерімбет шығармалары Софы Аллаяр, Сүлеймен Бақырғани шығармаларымен қатар оқытылғанын айтады. Бүгінгі қазақ әдебиетінің кемшін түсіп жатқан саласы діни әдебиет десек, оқулықтарда осы олқылықтың орнын толтырып, аталмыш бағытты Қарасақал Ерімбет, Шәді Жәңгірұлы жырларынан бастасақ, поэзиямыздың эволюциясын біршама дұрыс көрсеткен боламыз. Соңғы кезде Қарасақал Ерімбет  мұрасына қиянат жасап жүргендер көзге түсе бастады. Осыдан оншақты жыл бұрын бір жазушы ағамыз «Дариға қыз» дастанын жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген Қырбай сал деген кісіге телігісі келген. Әлгі кісінің жазуынша, оның қолына бұрын еш жерде шықпаған Қырбай салдың жазғандары осыдан отыз-қырық жылдай бұрын ғана тиген секілді. Ал Ерімбеттің «Дариға қызы» Қазан төңкерісіне дейін оншақты рет Қазанда кітап болып басылып шыққан көрінеді. Соңғы жүз жылда Сыр бойы мен Бесқаланың жыраулары «Дариға қызды» жырлағанда ылғи Ерімбеттікі екенін айтып отырған. 2017 жылы Қ.Жұмажанов пен Т.Төрткүлбаеваның құрастыруымен Алматы қаласынан шыққан «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы» кітабында Қарасақал Ерімбеттің әйгілі «Қырық кеп» жырынан үзінділер Өтім Балтуғанұлының (17-18-беттер) атынан берілсе, сол кітаптың 227-бетінде Қайролла Иманғалиевтің атынан мынандай өлең берілген: Ұйғарған бұзбай көптің ынтымағын, Сайратып Жиренше өтті тіл мен жағын. Санаулы, өлшеулі өмір біткен күні, Биопа сындырмаған кімнің сағын. Софа Әзиз, Барақ пенен Бекет ата, Олардың кім сыйламас аруағын. Әжібай, Досы, Сырым, Үмбет билер, Қалдырған кейінгіге сөз сабағын. Жаскілең, Бақы мене Абыл ақын, Нұсқалап, айтқан әрлеп сөздің нағын. Шернияз, Әбубәкір, Бітеген де, Дүрліктің мінген бедеу арғымағын. Кетеде Тұрмағамбет, Балқы Базар, Тыңдатқан тырп еткізбей қарамағын. Ерімбет қарасақал, Кете Омар, Сөзіне қойған тынып жұрт құлағын.. Қашаған, Ақтан менен Таз Қашқынбай Тұлпардай тартқан танап жер жырағын. Бала Ораз, Жиенқұл мен өтті Мұрат, Жел сөздің ешбір жаннан көрмей дағын. Қарасай, Кенелдік пен Тәжік, Мұса, Деп айтады: «Сарқылмаған селдей ағын». Таңжарбай, Жақсылық пен Ізім шайыр, Ажарлап айтқан екен дәлдеп шағын. Қалнияз, Құдайберген, Сәттіғұлдың, Артық дейді әркімнен дүрлік жағын. Ұзақбай, Сүгір, Шамғон һәм Теңізбай, Жинаған терме, толғау сөз жарағын. Айтқыштың бірі өзім солардан соң, Талаймен теңестірген ат құлағын. Өкініштісі, әдебиет тарихында осындай да сорақылық бола береді екен. Бұл жыр екінің бірі білетін, бірнеше мәрте баспа бетін көрген, Қарасақал Ерімбеттің Омармен айтысындағы қорытынды сөзі емес пе? Ә. Оспановтың құрастыруымен Алматы қаласынан 1995 жыл 10 мың данамен шыққан Қарасақал Ерімбеттің «Ұлағат сөзім – ұрпаққа» кітабының 187-188-беттерінде өлеңнің түпнұсқасы былайша берілген: «Бұрынғы екінші, үшінші назымдарындағы жұмбақтарына да, төртінші мысал-назымына да жауап болмаған соң, үшінші назымында өзі айтқандай, «екеуміздің арамыздағы жағдайды өздері сарапқа салсын» деп, белгілі бектерге, айтулы ақындарға, халықтың ортасына тастаған түйін сөзі: Ұйғанған бұзбай халықтың ынтымағын, Тебіренткен дүрлер өткен тіл мен жағын. Біткен күн, өлшеулі өмір, таусылған дем, Бейопа сындырмаған кімнің сағын?! Төбетте Бошақай мен Жүзбай өтті, Нұсқалы, айтқан әрлеп, сөздің нағын. Құрманай Төремұрат, өтті Нұрым, Жел сөздің ешбір жаннан көрмей дағын! Сырлыбай, Қарасақал Мақаттардың, Сөзіне қойған тынып жұрт құлағын. Сексенде Қызыл Бәубек, Матай Дүрет, Жандырған ерлер солар сөз шырағын! Әзілкеш, Сарыбай Сәдір, Балқы Базар, Тындырған тырп еткізбей қарамағын! Ақ Кете Шернияз бен Қабақ Көбес, Дүрліктің мінген бедеу арғымағын! Еспембет Жақайымда, молла Бәйім, Саралап, жиған солар, сөз жарағын! Бөкенші Дербіс, Мазы Бұзаубайдың, Әркімнен үйген оқшау топырағын! Ешнияз Құлыс Кете, Алтын Тобжан – Ажарлап айтатындар, дәлдеп, шағын. Аманжол Қара Кете, Шегебай да Құрайтын терме, толғау, сөз құрағын. Орта жүз Қыпшақтағы Бұдабайдың, «Артық, - дейді, - әркімдерден дүрлік жағын». Төменгі Байұлыдағы Қашқынбайды Деп айтады: «Сарқылмайтын селдей ағын!». Мұсабай Құттықтағы, Шіңгір Сайым, Табады жиын-тойда өз тамағын. Ұшқан құс, жүгірген аң тамақ үшін, Ойлаған айып емес өлмес жағын. Жақайым Жетес, Матай Үмбет билер, Қалдырған кейінге үлгі сөз сабағын. Керейтте Жарылқасын, Қожа Муса, Олардың кім сыйламас аруағын?! Аз ру Аюдағы үш шайырдың, Қатардан жөн көрмедім құр қалмағын. Арқада мировой сот Әлмұхаммед, Ортнатқан бір кісідей ықпал-бағын. Сыртынан халық айтады, мен білмеймін, Әріптің әр ноғайдан дербес тағын. Айтқыштың солардан соң біреуі өзім, Талаймен теңестірген ат құлағын! Сиындым жұртқа мәлім жүйріктерге, «Ескеріп, ет, - деп, - қабыл ер сұрағын!». Бай, батыр, білгіш, шешен, патшалар да, Жөнелген біткен соң дем тастап тағын! Тірлікте қолдан келсе күліп-ойнап, Шыттырмау, қолдан келсе, дос қабағын. Қаруын қайтарғандай ерулінің, Алдына тартады әркім өз табағын. Кеулінше, «Күнәлімін» демейді ешкім, Ғысиянның кешіп жүріп лай-қағын Қырғидан қорыққан торғай қылар тәсіл, Паналап әр шеңгелдің бір бұтағын. Қалып тұр қараға ермей құр далада, Жұтатып, байсынғандар ешкі-лағын. Дариясын тәуекелдің кешкен ерлер, Өтетін ылғал шалмай ұлтарағын! Орынсыз Омар сөзі ойды бөліп, Қағаздың қараладым бұл парағын. Ерімбет, осыменен доғар сөзді, Ұзайтып соза бермей енді аржағын!». Қарасақал Ерімбеттің бұл өлеңін түгел иемденуге Қайролла Иманғалиев батпады ма, әлде «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы» кітабының құрастырушылары Сыр бойындағы тұлғалармен теңесетін біреуді тапқысы келді ме не басқалай себебі болды ма, о жағын білмедік. Әйтеуір қолдан жасалған қойыртпақ кітапқакітапқа жол тапқан. Реті келгенде айта кетейік, аталған кітапта Тұрмағамбет сияқты бірнеше  ақынның өлеңдері де өзге біреулердің атынан берілген... Әдебиеттің тұтас бір саласында өнімді еңбек еткен шайырдың биылғы 170 жылдық мерейтойы пандемияға байланысты мемлекет көлемінде тойланбады. Қызылорда облысында өткізілген іс-шаралар мұндай ірі тұлғалар үшін аздық етеді. Таяуда ғана Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан белгілі журналист, зерттеуші Қараша Қараманның «Қарасақал Ерімбет шайыр» атты 21,3 баспа табақтық сүбелі еңбегі жарық көрді. Осындай танымдық дүниелер көбейе беруге тиіс. Ұлылар ұлағатын ұғыну, асыл мұрасын зерттеу, түгендеу мерейтоймен шектеліп қалмайды деп ойлаймыз. Егемен еліміздің мәңгілікке бет алған керуен-көші, жаһандану кезеңінде тәй-тәй басып келе жатқан ұрпақ тура жолдан таймау үшін Ерімбет шайырдың мына бір ескертпесіне құлақ салып қойса, ешкімге есесін жібермесі анық: Тіл – бұлбұл, ой – гүлстан, көңіл – бақтай, Қол – пілте, кеуде – сауыт, көз – шырақтай. Ақыл –гүл, ашу – мәжүс, әдеп – шалғын, Жайқалған айдын көлде көк құрақтай. Әдептің әр уақытта дұшпаны – ұят, Жайылған көлді кешіп арғымақтай. Тәубе – бұлт, дәме – тұман, қанағат – күн, Бұлт аспас, күнә артар Гоһи Қаптай. Нәпсі – жар, шайтан – бөрі қорғалаған, Ойнаған – иман – жарға қозы-лақтай. Солардан саулығыңда сақтанбасаң, Қоя ма аңдып жүрген бөрі шаппай?!.   Бегабат ҰЗАҚОВ, Ахмет ӨМІРЗАҚ