Партиялар сайлауалды бағдарламасымен таныстырды

«Хабар» арнасында өткен партиялардың телевизиялық пікірсайысына «ADAL» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Жұмағазиев Эльдар Тынышбайұлы, «Ақ жол» төрағасы Перуашев Азат Тұрлыбекұлы, «Ауыл» партиясының төрағасы Бектаев Әли Әбдікәрімұлы, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Қоңыров Айқын Ойратұлы, «Nur Otan» партиясынан төрағаның бірінші орынбасары Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы қатысты.

Дебат үш раундқа бөлініп өткізілді. Алғашқы раундта партия басшылары Қазақстанның экономикалық даму жоспарымен бөлісті. Ол үшін спикерлерге бір жарым минуттан уақыт берілді. Сондай-ақ осы раундта партия басшылары бір-біріне сұрақ қойып, жауап алды. Әр партия басшысына 2 сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Партия басшылары бір-біріне жер, экономикалық бағдар, әлеуметтік, аргоөнеркәсіптік, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері төңірегінде өткір сұрақтарды қойды.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев ел экономикасын дамыту үшін әлеуметтік саясатты түбегейлі өзгерту керегін жеткізді.

«Жаңа талаптарға сай емес, қағазбастылықты талап ететін, әлеуметтік қорғаудың сапасын емес, санын көбейткен әлеуметтік бағдарламаларды қысқарту керек. Жаңа әлеуметтік саясат азаматтарды әділеттілікке, халқымыздың демографиялық жағдайын жақсартуға бағытталады. Ана мен бала өмірін жақсартуды басты мақсат етеміз. Көпбалалы аналардың зейнет жасын 53 жасқа азайтуды және жаңа туған балаға «Бала нәсібі» капиталын енгізуді ұсынамыз. Ол бойынша балаға бір жасқа дейін емес, 18 жасқа толғанға дейін жүйелі түрде жәрдемақы алады», – деді партия төрағасы Әли Бектаев.

Back to top button