Жаңалықтар

Алматының коммуналды паркі 100 жаңа автобуспен толықты

ашық дереккөзі

Алматының коммуналды паркі 100 жаңа автобуспен толықты

Алматының коммуналды автобус және троллейбус парктерін сенімді басқаруға алған «Green Bus Company» компаниясы газбен жүретін жаңа 100 автобус алды. Бұл жағымды шара Алматының 1000 жылдығы мен Қала күніне орайластырылған. Компанияның инвестициясы - 4 млрд.теңге өз қаржысы. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек жаңа автобустарды көрді. «Біздің міндетіміз - Алматының көлік саласын барынша дамыту және нарық қатынастарын қалыптастыру. Өз қаржыларын қозғалмалы составты жаңартуға, көлік тасымалы сапасын арттыруға, қызметкерлері үшін барлық жағдайды жасауға жұмсаған компанияларды қолдаймыз, өйткені Алматының көлік жүйесі біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті Б.Байбек. Әкім жолдарға жасалған арнайы көлік жолақтарының көпшілік тарапынан қолдау тапқандығын әрі жолды қысқартуға ықпал еткенін де жеткізді. «Адамдар автобустардың сапалы екенін, арнайы жолақтар арқылы діттеген жерлеріне тез жететіндерін білгендіктен қоғамдық көліктерді жиі пайдалана бастады. Ақылы автотұрақтар іске қосылғалы бері қоғамдық көлікке деген сенім арта түсті. Бүгін жеке компания Қала күні қрасаңында газбен жүретін 100 жаңа автобус алып, алматылықтарға көрсетілетін көліктік қызметтің сапасын арттыруда», - деді қала әкімі. «Youtong» маркалы автобустар (12-метр) қыркүйектің өзінде қаланың орталық бағыттарын көлікпен қамтамасыз етеді. Барлық автобустар «Оңай» жүйесімен және бір реттік жолақысын сату қондырғыларымен жабдықталады. «Green bus company» ЖШС директоры Баурджан Кулишев автобус паркін сенімді басқаруға алған кезде 212 троллейбус пен 600-ден астам автобус болғандығын, 180 автобустың бұзылып, бос тұрғандығын, қазір олардың жөнделіп жатқандығын айтты. Компания «Алматыэлектротранс» ЖШС-ке қарыз 700 млн. теңгені өтеді, жұмысшыларға 186 млн. теңге жалақы қарызы да төленді. Бүгінгі күні қалада 109 көлік бағыты бар. Оларды 1600 көлік бірлігі қамтамасыз етеді. «Green Bus Company» ЖШС 37 автобус және 8 троллейбус бағыттары бойынша көлік қозғалысын жүзеге асыруда, жоспарлы түрде 712 қозғалмалы бірлік жұмыс істейді немесе Алматының жолаушылар көлігінің 50% пайыздан астамын құрайды.