Эко-шыршаны жасауға 70 кг жіп пайдаландық
Эко-шыршаны жасауға 70 кг жіп пайдаландық
Рахима МҰҚЫШЕВА, әлеуметтік кәсіпкер, Bergen шеберханасының негізін қалаушы:
Нұр-Сұлтан қаласында «Бәйтерек» монументінің жанында ерекше шырша бой көтерді. Биіктігі 6 метрді құрайтын тоқылған шырша құрақ көрпе іспетті. Жаңажылдық шыршаны жасау үшін ұзындығы 70 мың метрден асатын 70 кг жіп қажет пайдаланылды. 20 сантиметрлік 2000-нан астам шаршыдан құралған эко-шырша елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын арттырып отыр.
– Былтыр да Елорда төрінде өзіңіз бастап жасаған эко-шырша құрылғаны есімізде. Ал биылғы шырша былтырғыдан еңселі көрінді.
– Иә, былтыр шыршаны 3 метр етіп жасаған болатынбыз, биыл эко-шыршамыздың биіктігі 6 метр болды. Тағы бір ерекшелігі – шыршаның төбесіне бес жұлдыз емес, қаламыздың логотипі қойылды. Биыл «Құрақ көрпе стиліндегі эко-шырша» халықтық жобаға айналды. Тоқыма әшекейлерді жасауға Алматы, Петропавл, Ақтөбе, Тараз және Қарағанды қалаларынан мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, қарттар үйінің зейнеткерлері, балалар үйлері, қоғамдық қорлар қатысты. Шыршаны жасауда әрбір ерікті түстерді өз ойынша сәйкестендіріп, реттеп, өздері тоқып шықты. Шыршаны безендіруге арналған заттар да 20/20 сантиметр түрлі-түсті тоқылған квадраттардан жасалды.
– «Құрақ көрпе стиліндегі эко-шыршаны» көргендердің тоқу өнеріне қызығушылығы артып жатқан болар?
– Адамдардың эмоциясы керемет. «Суреттен қарасаң біртүрлі, бірақ қасына келсең жылу беріп тұрғандай», «Шыршаны жасаушылардың осы жұмысты жанын салып жасағаны сезіліп тұр», «Суық қалада көңілге жылу сыйлайды екен» деген пікірлерді жиі естіп жатырмыз. Өз қолымыздан шыққан осындай шыршалар көп болса екен деген тілектерін де жолдап жатыр. Бұл жәй ғана эко-шырша емес, адамдардың экологиялық сана-сезімін дамытып, түсінігін кеңейтуге бағытталған жоба. Алдағы уақытта тағы да осындай жобалар ұйымдастырсаңыз, мен де қосыңызшы деп қызығушылық танытып жатқандар көп.
– Тоқыма мектебіңізді ашқалы бері қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?
– Тоқыма мектебін құрғаныма 5-6 жылдың көлемі болды. «Құрақ көрпе стиліндегі эко-шырша» жобасы аясында 10 күннің ішінде 200-ден астам адамға тоқуды үйретіппін. Есептеп қарасам, 5-6 жылдың ішінде 500-ден астам оқушыны үйреткенім анық. Қолы епті, ширақ, елгезек қыздарды өзіммен бірге жұмыс істеуге алып қаламын. Шәкірттерімнің көбісі үйде отырып табыс табады.
– Тоқыма өнері табысты сала деуге бола ма?
– Бізде тоқыма өнері жан-жақты дамымай отыр. Мен әлеуметтік кәсіпкер ретінде тоқыма өнерін дамытуға үлес қосып жүрмін. Тоқымашы деген мамандық жоқ, оларды ресми жұмысқа ала алмайсың. Алайда осыған қарамастан қазіргі таңда елімізде тоқыма өнері өте табысты салаға айналып отыр. Кеңес өкіметі кезінде адамдар жоқтықтан, жетіспеушіліктен киімді тоқып киді, ал қазіргі таңда тоқыма бұйымдары қол жұмысы ретінде жоғары бағаланады, яғни эксклюзив өнім. Жалпы елімізде қолөнер аса бағаланбайды, десе де тұтынушылар жақсы өнім үшін ақшасын аяп қалмайды.