Жаңалықтар

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қанша уақыт берілетіні белгілі болды

ашық дереккөзі

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қанша уақыт берілетіні белгілі болды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жинақтың бір бөлігін пайдалану тәртібін түсіндірді.  Ресми мәліметке сәйкес, 761 мыңнан астам жұмыс істейтін салымшы жалпы көлемі 2,4 триллион теңгеден астам қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану құқығына ие болады. Жинақтың жеткіліктілік деңгейінен асатын орташа сома шамамен 3,2 миллион теңге болады. "Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинағын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі керек. БЖЗҚ-да үзінді-көшірмені қордың сайты немесе ұялы қосымша арқылы алуға болады", - дейді БЖЗҚ мамандары. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алатын адамдар алдымен уәкілетті операторға барады. Мәселен, тұрғын үй мәселесіне "Отбасы банк" жауапты болады. Оператор барлық құжатты тексергеннен кейін БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинағын аудару туралы хабарлама жібереді. Ал салымшы зейнетақы жинағын алғанда жеке табыс салығын бірден төлей алады, я болмаса, кейінге қалдыруға болады. БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде ақшаны уәкілетті операторға аударады. Оны азаматтардың арнайы шотына салып қояды. "Зейнетақы жинағы арнайы шотта 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жатады. Осы мерзім ішінде жинақ нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға немесе салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс", - делінген ресми хабарламада. Ал зейнетақы жинағының бір бөлігін сенімгерлік компанияның басқаруына беру үшін салымшы БЖЗҚ-ға қажетті құжаттармен бірге өтініш жазады. Оны жеке өзі апарып береді, я болмаса, enpf.kz интернет-ресурс арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен жібере алады. Бұдан бөлек, зейнетақы жинағын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емдеу шараларына жұмсауға болады.