Дәурен Қуат: Партия «Бала нәсібі» жәрдемақысын 18 жасқа дейін төлеуді ұсынып отыр

«Ауыл» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Дәурен Қуат пен Қанат Тасыбеков Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, ел тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында ауылды кешенді дамыту мәселелері мен жастарды қолдау жан-жақты көрсетілген.

«Ауылды жерлердегі жастарға лайықты қолдау болуы тиіс. Ол үшін партия ауыл жастарының білім грантын алуына және жұмысқа орналасуына кепілдік беретін «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы аграрлық оқу орындарының түлектері үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау тәжірибесін енгізу қажет», – деді Қанат Ғалымұлы.

Ал кандидат Дәурен Қуат «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында балалы отбасыларға арналған тиімсіз, қысқа мерзімді төлемдердің орнына кепілдендірілген «Бала нәсібі» жәрдемақысын енгізіп, оны 18 жасқа толғанша төлеу ұсынылып отырғанын айтты.

«Мұндайға мемлекетіміздің толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Бұл іске асатын болса ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуеті жақсарып, өмір сапасын жақсартуға болады», – деді Дәурен Қасенұлы.

Сонымен қатар, кездесуге барысында ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру ісімен айналысып жатқан кәсіпорындар мен фермерлерді қолдау мақсатында қосымша құн салығынан босатып, несиелерді арзандатуды көздейтін субсидия түрлерін бесеуге дейін қысқарту бастамасы партияның бағдарламасына еніп отырғаны айтылды.

Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері партияның бастамалары ауыл тұрғындарының ғана емес, жалпы жұртшылықтың көңілінен шығады деп есептейтіндерін айтты. Партияға алдағы сайлауда сәттілік тіледі.

 

Back to top button