ЖҰЛДЫЗ ӘБДІКӘРІМОВА: Жеңісімнен бұрын қатысқаныма ұялып кеттім…

Шынын айтайық, бүгінгі қазақтың көбі өзіне сенбейтін, қазақтың қолынан бірдеңе келеді дегенге көзі жетпейтін болып, «өзін-өзі қор тұту» сезіміне байланып қалған сияқты. Қазақтың ұлы не қызы қандайда бір жарыстан озып, бәйгі алып жатса оның талантына сенбеу, адалдығына күмәндану қалыпты нәрсеге айналып барады. Бұл бізге сырттың ақпараттық экспанциясының әсері ме не өзіміздің ұлттық иммунитетіміздің әлсіздігі ме, әйтеуір бір кемшілігіміз бар.

Биыл отбасылы әйелдер қатысатын «Mrs Universe» байқауында озып шығып, алғаш рет жеңімпаз тәжін киген қазақ қызы Жұлдыз Әбдікәрімова «Әлем ханымы» атанды. Бірақ көпшілікке эстрада әншісі Қайрат Нұртастың келіншегі ретінде белгілі Жұлдыздың бұл жеңісіне сенімсіздік білдіргендер көп болды. Тіпті «ақшамен сатып алды» дегендер шықты. Бірақ солай ма?

Көптің көкейінде жүрген, ең көп қойылған 5 сұраққа Жұлдыз Әбдікәрімова өзінің instagram желісіндегі парақшасында былай деп жауап беріпті:

Байқауды толық қайдан көруге болады, тәж таққан сәттер неге жоқ?!

– Пандемия салдарынан 44 жылдық тарихы бар «Mrs Universe» байқауы алғаш рет онлайн өтті. Қатысушылар бір сахнада бас қосып, сайысқа түспеді. Сондықтан байқау туралы видеолар жоқ.

Байқау тек дауыс беру қортындысымен аяқталды ма?

– Байқауға қатысушы өзін, елін таныстыратын 1 минуттық ролик түсіріп, түрлі образдағы суреттері мен биографиясын, анкетасын жібереді. Содан кейін ғана дауыс беріп, жеңімпаз анықталады.

Күйеуіңіз Қайраттың үлесі бар ма?

– Иә, әрине. Байқаудың ең негізгі шарттары – тұрмыстағы, балалы-шағалы әйел болу. 4 баланың анасы болуыма әрине Қайраттың үлесі бар.)

Банк карточкасымен төледі ме?

– Ақшамен құр атақ сатып алғанша, білім-оқу сатып алғаным 100 есе пайдалы әрі қайтымды емес пе?! Жеңістің шын дәмін алғашқы күннен-ақ дауыс берген халық біледі. Ал қалғаны – өзі дауыс бермеген және ештеңені көрмеген адамның сөзі. Ондай адам сыртта жүріп іштегіні, шындықты қайдан білер дейсіз?!

Фейк жеңіс екен, Ресей жеңіпті, сіздікі өтірік екен…

– mrsuniverse ресми сайтына кірсеңіз, әр жылдың жеңімпаздары көрсетілген. 2020 жыл жеңімпазы деп Ресей емес, Қазақстан жазылған…

Ең бір өкініштісі – өз жеңісімізге өзге емес өзіміз күмән келтіріп, мойындай алмай жатқанымыз. Байқауға қатысқан қарсыластарыма емес, өз еліме дәлелдеу қиындық тудырады деп мүлде ойламаппын. Тіпті, шетелдегі ұйымдастырушыларға Қазақстан журналистері «Қаншаға сатып алды?» деп хат жолдапты. Ал ұйымдастырушылар байқау тарихында өз елінің жеңісіне күмән келтірген, негатив тудырған мұндай жағдайды бірінші рет көруіміз дегенде, жеңісімнен бұрын қатысқаныма ұялып кеттім…

Бүгін карантин талаптарын сақтай отырып, БАҚ өкілдерінің басын қосып, барлық сұраққа жауап бердік.

Осыдан кейін де Қазақстанның жеңісіне күмән келтірушілерді – ішінде ұлттық комплексі көп адамдар санатына жатқызуға болатын шығар…

Ал мені қолдаған ақжүрек халқыма алғыстан басқа айтарым жоқ!

P.S.Расында, әлемдік жарыстардағы орынды сатып алуға болады деп түсінетін біздің журналистердің түсінігі  тым ұят енді. Көзіміз жетпеген нәрсеге сырттай «тон пішіп» сауатсыздығымызды көрсету – елге абыройсыздық әкелетіні есімізде болғаны дұрыс.

 

 

 

 

Back to top button