Nur Otan: «Сәтбаев арнасы» жекеге берілмеуі тиіс

Nur Otan партиясынан депутаттыққа үміткерлер Татьяна Шмидт, Владимир Егер, Иван Дычко, Арман Амургалинов, Бақытжан Екпінтай Шідерті кентінің тұрғындарымен және Қаныш Сәтбаев атындағы арнаның еңбеккерлерімен кездесті.

Бұл арна – Орталық Қазақстанның көптеген елдімекенін, соның ішінде Екібастұз өңірін 50 жылдан астам уақыт бойы сумен қамтамасыз етіп отырған гидротехникалық құрылыс, яғни қолдан жасалған өзен.

Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың суы жайылымдарды суару үшін қолданылады. Жыл сайын Шідерті көліне жіберілетін су өңірдегі флоралар мен фауналарды сақтауға мүмкіндік беріп келеді. Сондықтан арнада проблема туындап жатса, біздің қалаға да  қатысы бар деп түсінген жөн.

Тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелер бұған дейін де жергілікті, облыстық және республикалық басылымдарда жарық көріп, талқыға түскен болатын. Канал басшылығы осы мәселені мемлекеттік органдардың алдында да талай қозғады.

Арнада қандай проблема бар? Енді осы мәселеге тоқталсақ. Кәсіпорын жұмыскерлерінің айтуынша, «арнаны заңды мәртебесінен айырған, бүгінде ол «ҚазСуШар» РМК-ның бөлімшесі болып табылады. Филиалдың барлық табысы (жылына 2 млрд теңге)  кәсіпорынның бас кеңсесіне – республикалық мемлекеттік кәсіпорынға құйылып жатыр.  Белгілі болғандай, «ҚазСуШардың»  реформалау бағдарламасында республикалық мемлекеттік кәсіпорынды акционерлік қоғам етіп қайта құру туралы тармақ бар екен, алайда ол туралы кәсіпорын басшылығы ұжымды хабардар етпеген. Осы уақытқа дейін арнаны жеке қолға беруге бірнеше рет әрекет жасалған. «Бұған жол беруге болмайды. Арна – стратегиялық мемлекеттік нысан. Оны жеке меншікке берудің соңы апатты жағдайға алып келуі мүмкін», – дейді арна жұмыскерлері.

Кәсіпорынның еңбек ұжымы кәсіпорынға заңды мәртебесін қайтаруды, стратегиялық маңызды нысанды тек қана мемлекеттік меншікте сақтауды, Қазақстан Республикасы Үкіметіне бүкіл Орталық Қазақстанды ауыз сумен және өнеркәсіптік сумен жабдықтауды негізгі көзі ретінде арнаны қалпына келтіру және жаңғыртуға қатысты жеке бағдарлама әзірлеуді талап етеді.

Депутаттыққа үміткерлер Қ. Сәтбаев атындағы арнада еңбек ететін ұжымның талап-тілектерін орынды деп тауып, партияның қоғамдық қабылдауына тапсыруға уәде берді.

 Nur Otan партиясы Екібастұз қалалық сайлауалды штабының баспасөз қызметі
 Nur Otan партиясы Екібастұз қалалық сайлауалды штабының қаржысынан төленді.
Тапсырыс беруші: Нияз Құдайбергенұлы Макраев
Back to top button