Қазақ ғалымы теңдесі жоқ аппарат ойлап тапты (Эксклюзив)

Қазақ ғалымы теңдесі жоқ аппарат ойлап тапты (Эксклюзив)

Қазақ ғалымы теңдесі жоқ аппарат ойлап тапты (Эксклюзив)
ашық дереккөзі
Ғалымжан Ғабдреш басқаратын зерттеу орталығы «ғасыр жаңалығын» ашты десек те болады. Өйткені зағип жандарға арналған мұндай құрылғы жер жүзінде жоқ. Бұл аппараттың артықшылығы сол - адамның көзі 100 пайыз көрмесе де, таяқтың көмегінсіз жүріп-тұруға мүмкіндік береді. 1,5 жыл бойы құпия түрде жүргізілген зерттеу нәтижесін ғалым тек Ұлттық арнаға жариялауды жөн көрген. Жазира жанарынан бала кезінде айырылып қалған. Соған қарамастан қоғамдық өмірде белсенді, өзі журналист. Ал, қазір Ғалымжан бастаған орталықтың зерттеуіне атсалысып жүр. Жазира Мүлктібекова, зағиптарға арналған аппаратты сынаушы: - Әр заттың өз дыбысы бар. Пластик делік, оның дыбысы анық шығады. Қағыс естімедіңіз. Шынымен, шынының да, қағаздың да өз дыбысы бар. Көздеріміз жақсы көретін біздер үшін таңсық болғанымен, жанарсыз қалғандар жансыз нәрсені де ести алады. Өйткені адамның көзі көрмей қалған кезде мидың сол қызметке жауап беретін бөлігі істен шығып, есту қабілеті артады. Ғалымжан Ғабдреш, ғылым кандидаты, жоба авторы: - Зағип жандарға ең басты жетіспейтіні – дыбыс шығаратын радар. Ол арқылы қараңғыда қозғалуға мүмкіндік бар. Сондықтан біздің мақсатымыз – арнайы сыртылдаған дыбыс шығаратын аппарат табу болды. Ал, технологияның өзі «сезуалды» деп аталады. Ал, радар арқылы бағыт табу идеясы дельфиндерден алынған. Өйткені оның көру қабілеті төмен, есесіне ультрадыбыстарды естуі өте жоғары. Сондықтан олар қараңғы түннің, лай судың өзінде жол тауып, бәрін сезіп тұрады. Енді Жазира да дәл сондай қабілетке ие болды. Жазира Мүлктібекова, зағиптарға арналған аппаратты сынаушы: - Қам жемей, кез келген нәрсені істей бересің. Сосын спортпен айналысамын. Осы жерге келген кезде велосипед үйрендім. Велосипед тебе алатындығын көрсету қыстыгүні, әрине, қиындау. Сондықтан Жазира аппараттың арқасында бізге дастархан жайып, күнделікті тірлігін қалай істейтінін көрсетіп берді. Ғалымжанның идеясын 5 бірдей инженер жүзеге асырыпты. Көпшілікке жарияламас бұрын өнертапқыш Жазира сынды бірнеше адамды сынап көрген. Аппараттың тілін түсіне алу үшін зағиптарға алдымен оңын-солын тану үйретіледі. Ал, құрылғы түрлі бөлшектерден жинақталып жасалған. Мәселен, сырт-сырт еткен дыбыс шығаратын динамик негізінде дабыл қағу үшін қолданылады екен. Ал, мына пернелер арқылы әр зағип жанға қолайлы етіліп дыбыстар жиілігі бапталады. Ғалымжан Ғабдреш, ғылым кандидаты, жоба авторы: - Әрқайсысы өзіне қолайлы биологиялық дыбыс жиілігін анықтайды. Бұл 1-2 күнді алуы мүмкін. Ал, зағип сол жиілікті тапқан соң, оның есту қабілеті одан сайын жоғарылайды. Осылайша ол заттарды есту арқылы тани бастайды. Жарық әлемді жанарсыз-ақ көруге мүмкіндік беретін бір құрылғының шығыны шамамен 370 мың теңге. Қымбатқа түсетіні – оны пайдалануды үйрету әдісі. «Ол үшін ғалым арнайы орталық қажет», - дейді. Қазірдің өзінде өнертапқышқа түрлі елден ұсыныс түсіп жатыр. Басты талап - сол елге көшіп, орталықты сонда ашу. Бірақ Ғалымжан игі істің өзімізде атқарылғанын армандайды. Ал, әзірге мына жалдамалы жеке үйде зерттеулерін жалғастыра бермек.

Альбина ӘШІМ

Ақпараттың дереккөзі: qazaqstan.tv