Ерболат Досаев Бейжіңде іскерлік келіссөз өткізді

Ерболат Досаев Бейжіңде іскерлік келіссөз өткізді

Ерболат Досаев Бейжіңде іскерлік келіссөз өткізді
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары қарсаңында «Бәйтерек»  ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев Бейжің қаласында бүгін бірқатар іскерлік келіссөздер өткізді, деп хабарлады қордың баспасөз қызметінен. Е.Досаев Қытайдың ірі мемлекеттік CITIC Group корпорациясының Президенті Ван Цзюнмен кездесті. Тараптар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және  индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өзектендендірілген бағдарламасы аясында бірлескен индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін растады. Сонымен қатар оның Қытай Мемлекеттік банкінің вице-президенті Дин Сянгчунмен кездесуінде серіктес Қазақстанның Даму Банкі  («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымындағы жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, тараптар адам  капиталын дамыту маңыздылығын атап өтіп, бірлескен тренингтер мен семинарларды ұйымдастыру арқылы  тәжірибе алмасуды жандандыруды ұсынды. Холдинг төрағасының Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) вице-президенті Ди Джей Пандианмен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар энергетика, көлік инфрақұрылымы мен азық-түлікті өңдеу салаларындағы басым инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін ақпаратпен алмасу және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздестіру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттілігін тілге тиек етті. «Бәйтерек» холдингінің жаңа құралдарын, оның ішінде корпоративтік кепілдік беруді пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру уағдаластығына Е.Досаевтың Қытайдың «Эксимбанк» вице-президенті Юань Синйонгпен кездесуінде қол жеткізілді. Осыдан бұрын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары  қытайлық банкпен бірлесіп, мұнайды өңдеу және металлургия саласындағы ірі индустриялық жобаларды табысты жүзеге асырған болатын.