Жаңалықтар

ОҚО-да 73 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа барды

ашық дереккөзі

ОҚО-да 73 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа барды

Оңтүстік Қазақстан облысында 2016-2017 жаңа оқу жылында 73 699 оқушы 1-сынып табалдырығын аттады. Демографиялық өсімі жоғары аймақта сауатын ашып, мектепке барған шәкірттер өткен жылмен салыстырғанда 4 мыңға жуық балаға артық. Жалпы, биылғы жаңа оқу жылында облыстағы «Алғашқы қоңырау соғылған» 1022 жалпы орта мектепте 611 мыңнан аса оқушы білім алатын болады. Бұл былтырғыға қарағанда 27 мың балаға артық. Мектептерде жалпы саны - 66 412 педагог кадрлар қызмет атқарады, оның ішінде 52 мыңы (78%-ы) – санаты бар ұстаздар, қалған 22%-ы жас педагогтар. Сонымен қатар, жаңа оқу жылының бірінші күні әрбір бірінші сынып оқушысына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан «Менің Отаным - Қазақстан»  кітабы салтанатты түрде сыйға тапсырылып, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі шеңберінде бірыңғай «Мен өз Отанымның патриотымын» білім беру сабағы өткізілді. Жаңа оқу жылындағы жаңалықтарға тоқталсақ. Биыл еліміздің 1 сынып оқушылары бес күндік оқу аптасына көшуде. Ал аптаның сенбі күні есебінен 1-сынып оқушылары мен мұғалімдеріне 34 демалыс күні беріледі. Сондай-ақ, осы жылы білім ошақтарында бірыңғай оқулықты енгізу жұмыстары жүре бастайды. Бұл базалық оқулықтар жаңартылған білім беру мазмұнына көшу кестесіне сәйкес енгізіліп, республиканың барлық оқушыларының білім деңгейін теңестіруге жағдай туғызады. Одан бөлек, биылдан бастап орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу жұмыстарына байланысты жаз мезгілінде облыстағы бастауыш сыныптың жалпы пәндер бойынша 10 мыңға жуық мұғалімі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік орталығы» мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында даярлық курсынан өтті. Жыл соңына дейін, яғни, 2016 жылдың қазан-желтоқсаны аралығында критериалды бағалау жүйесі бағытында облыс бойынша 1030 мектеп директорының орынбасарларын  мектептік үйлестірушілер ретінде және 30 білім бөлімдерінің әдіскерлерін аймақтық үйлестірушілер ретінде біліктілігін арттыру курстарынан өткізу жоспарланып отыр.