Nur Otan-ға қарсылас партиялар туралы бес жыл бойы ештеңе естілмеді – Ертісбаев

Nur Otan-ға қарсылас партиялар туралы бес жыл бойы ештеңе естілмеді – Ертісбаев

Nur Otan-ға қарсылас партиялар туралы бес жыл бойы ештеңе естілмеді – Ертісбаев
ашық дереккөзі
Саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев алдағы сайлауда Nur Otan-мен бәсекелес болатын саяси партиялардың белсенділік таныта бастауы – қарқынды жұмыс істеп жатқандай болып көріну әрекеті ғана деп есептейді екен.  Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстарының барысын сараптай келе, алдағы сайлауды шахматпен салыстырып өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде Nur Otan-ның бәсекелестері туралы ешкім ештеңе естімеген болатын.
«Білесіз бе, шахматта «цугцванг» деген ұғым бар. Яғни, жеңілуден басқа жол қалмағанда, жылдам жүріс жасап жіберу қажет. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, өзге партиялардың белсенділік танытуы –  қарқынды жұмыс істеп жатқандай болып көріну, жанталасу әрекеті ғана. Өйткені бес жыл бойына ол партиялар туралы ештеңе естіген емеспіз. Мен бұл жерде Nur Otan-ға қарсылас болып жүрген төрт партияны меңзеп тұрмын», - деді сарапшы.
Саясаттанушы ол төрт партияның тек 10 желтоқсаннан, яғни сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталған кезде ғана әрекетке көшкенін атап өтті. Оның ойынша, олардың бұл жандалбаса тірлігі жұртшылықпен кездесіп жүргендей әсер қалдырудан аспай отыр.
«Мәселен, «Ауыл» партиясының көшбасшысы Әли Бектаев Қазақстанның бір қаласына барды. Содан соң «бұл қалада Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған екен-міс» деп таңғала мәлімдеме жасады. Мұны қалай сайқымазақ тірлік демейсіз енді. Мен «Ауыл» партиясының бағдарламасын мұқият оқып шықтым. Ол тіпті, ешқашан іске аспайтын бағдарлама екен. Тым жасанды, шынайы өмірден алшақ дүние», - деп көңілі толмағанын білдірді Ермұхамет Ертісбаев.
Сарапшының сөзінше, «Ауыл» – шартты түрде, тек қағаз жүзінде ғана бар партия. Сөзіне дәйек ретінде ол партия атынан тіркелген үміткерлер санына назар аударды.
«Мысалы, «Ауыл» партиясының 158 мың мүшесі бар деп естідім. Бірақ олар соншама көп болса, онда Мәжіліс пен барлық мәслихаттардағы бірнеше мың орынға олардан неге аз ғана үміткер шығып отыр? Демек, бұл оларда адам саны жеткіліксіз дегенді көрсетсе керек. Ол айдан анық нәрсе ғой», - деп мәлімдеді сарапшы.
Ертісбаев сондай-ақ Adal партиясының жұмысына да сын айтты.
«Nur Otan халықты не толғандырады, қай мәселеде қандай жұмыстар атқару керек деген әлеуметтік сауалнамалар жүргізіп шықты. Билік партиясы нақты 216 аймақтық бағдарлама қабылдап тастады. Оның бәрі мемлекеттік және жергілікті бюджет призмасымен егжей-тегжейлі есептелді де. Оның ешбірінде ешқандай арзан атаққұмарлық атымен жоқ. Ал бұл уақытта Adal партиясы «Сізге партияның жаңа атауы ұнай ма?» деген болмашы бір сауалнама жүргізіп жүрді. Қалай ойлайсыз, осындай жүріспен қандай да бір жетістікке жетуге бола ма? Олардың тізімінде ешкім білмейтін адамдар жүр. Олар білікті мамандар немесе құрметті тұлғалар шығар, әрине. Бірақ бір айдың ішінде олардың танымалдылығын арттырып, жұртқа сөзін өтімді етіп жіберу мүмкін бе?», - деп сауал тастады Ермұхамет Ертісбаев.
Саясаттанушы сонымен қатар, пандемия басталғалы ең қиын кезеңдерде халыққа Nur Otan-нан өзге ешқандай саяси партияның көмегі тимеді деп есептейді.
«Мысалы, Aq Jol пандемияны өзінің пиары үшін пайдаланды – олар Ақтөбеде автокөліктерге өз партияларының логотипін жапсырумен айналысып жүрді. Әділін айтсақ, Қазақстанның Халық партиясы сегіз мың отбасыға көмек көрсетті. «Ауыл» 12 миллион теңге бөліп, көмектесті. Енді Nur Otan партиясы жұмылдырған миллиардтаған қаржы мен осы 12 миллион теңгені салыстырып көріңіз», - деді Ертісбаев.
Aq Jol партиясына қатысты да пікір білдірген саясаттанушы партия басшысы Азат Перуашевтің атышулы мәлімдемелер жасауды жақсы көретінін атап өтті. Оның одан да мықты әрі нақты сайлауалды бағдарлама жазғаны дұрыс еді деген ойын жеткізді. Ертісбаев Халық партиясы өзінің коммунистік көзқарасына бекер «адалдық танытпады» дейді. Сол арқылы тиісті дауыстан айырылуы мүмкін деді ол.
«Егер олар пандемия жағдайында коммунистік идеологияға адал болып қалғанда, аға ұрпақ солар үшін дауыс беруі мүмкін еді. Алайда коммунистік идеологияға сатқындық жасап, одан бас тартуы оларға зор кесірін тигізетін болады», - деп мәлімдеді саясаттанушы.
Е.Ертісбаевтың толық сұхбатымен мына жерден таныса аласыздар.