Жаңалықтар

“Nur Otan” шығысқазақстандық 30 мың отбасының баспана мәселесін шешіп бермек

ашық дереккөзі

“Nur Otan” шығысқазақстандық 30 мың отбасының баспана мәселесін шешіп бермек

«Nur Otan»-ның сайлауалды штабы Шығыс Қазақстан облысына келді. Өнеркәсіп жұмысшыларымен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, қала және өңір тұрғындарымен 20 шақты кездесу өткізді.

Өскемен титан-магний комбинатының ұжымымен кездесуде сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтары талқыланды. Билеуші партия таяудағы 5 жылда өңірде 130 мың жаңа жұмыс орнын ашуды, 2,5 мың километр автожолға жөндеу жүргізуді, 230-дан астам ауылдың 100 мыңдай тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді, 30 мың отбасының тұрғын үй мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, кәсіпорындарды жаңғырту мен қоқыс өңдеу кешендерін салу есебінен экологияны жақсарту және зиянды шығарындыларды кемінде 10%-ке төмендету бойынша бірқатар шаралар қолға алынады. Бұдан кейін сайлауалды штаб мүшелері Өскемен қаласындағы 19-ықшам ауданның тұрғындарымен кездесті. Қалалықтарды негізінен аулалар мен балалар алаңқайларын абаттандыру, қоғамдық көлік жұмысы мен коммуналдық қызметтер сапасы секілді мәселелер толғандырады. Аталған мәселелерді шешу үшін нұротандықтар бірқатар нақты міндеттерді пысықтады. Олар туралы nurotan2021.kz сайтынан толығырақ танысуға болады. Осы күні «Nur Otan» өкілдері облыстағы Ана мен бала орталығына барды. Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек атап өткендей, отбасын қолдау мен нығайту – елдің табысты дамуының кепілі. Алдағы 5 жылда отбасын қолдау үшін әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттеменің орындалуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік жәрдемақыларға индексациялау жүргізіледі. Осы мақсатқа 3 трлн-нан астам теңге бағыттау жоспарлануда. Көпбалалы, толық емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлікті, отбасын жұмыспен қамтуды дамыту бойынша шаралар қабылданады. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту бойынша жүйелі шараларды қолға аламыз. Елдегі әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық шиеленістерді шешу және балалы әйелдерге уақытша тұрғынжай ұсыну орталықтары құрылады. Бұл ретте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, отбасылық соттар құрылатын болады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға атаулы көмек көрсету үшін «111 шұғыл қызмет» жұмысы қамтамасыз етіледі», - деді ол.