Қазақстандағы қуат көздері қаншалықты өрісті?

Қазақстандағы қуат көздері қаншалықты өрісті?

Қазақстандағы қуат көздері қаншалықты өрісті?
ашық дереккөзі
20 желтоқсан –Энергетик күні 22 желтоқсан-ГОЭЛРО жоспарына 100 жыл Энергетикасыз  тіршілік жоқ, онсыз тұрмыс та тоқырайды, өнеркәсІп те электр қуатынсыз  жұмыс істей алмайды, ғылым да алға баса алмайды. Биыл кезінде 1920 жылдың  22 желтоқсанында В.И. Лениннің  қатысуымен елді электрлендіруді меңзеп қабылданған ГОЭЛРО жоспарына 100 жыл толады екен. Негізі оны басқарған сол көсемнің досы, өзі инженер, кейін академик болған Г.М. Кржижановский еді. Содан бетер жыл сайын 22 желтоқсанды энергетик-қуаткерлер төл мерекесі ретінде атап өтетін. Ал еліміз тәуелсіздік алған бетте желтоқсан айының  үшінші аптасындағы демалыс күні қуаткерлер мерекелейтін дата атанды. ГОЭЛРО-ның тиімділіктері мол болды, оның ішінде Қазақстанның индустриясын қалыптастыруға зор септігін тигізді. Атап айтқанда, Қарағанды, Өскемен, Алматы жылу электр стансаларының  қалалар мен өнеркәсіп салаларын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етудегі рөлдері орасан еді. Ал, Жамбыл жылу электр стансасы газбен жұмыс істеп, Одақтағы ең таза, техникалық--экономикалық   көрсеткіштері ең  жоғары станса деп  аталды. Одан бетер өткен 80-шы жылдары Екібастұз отын-энергетикалық  кешеніндегі әр энергоблоктың қуаты 500 МВт жылу электр стансалары бүкілодақтық құрылыс санатында салынып, республиканың солтүстік, орталық  өңірлерін түгелдей дерлік қамтамасыз етті. Республикамыздың  энергетикасын (қуатнамасын) өркендетуге академик Шапық  Шөкин, білікті өндіріс командирлері Атабек Арыстанов, Кежек Ысқақов, Советхан Нұрпейісов, Алтай Қадыржанов, Үшкен Ақылбаев, Есберген Әбітаев сынды білікті мамандар, кейінгі буын өкілдері Қанат Бозымбаев, Бақытжан Қажиев өз үлестерін қосты. Ал, 1990-шы жылдардың  орта шенінде республикамыз электр және жылу энергиясы жөнінен тапшылық  көрді. Нарық  кезеңі басталған сәтте көптеген кәсіпорындарымыз тоқырап қалды. Жер-жерде электр және жылу қуаты жетіспей көптеген қалалар мен ауылдар жарықсыз, жылусыз қалды. Содан үкіметіміз энергетикалық кәсіпорындарды жекешелендіріп, шетелдіктерге концессияға  беруді ұйғарды. Сол бойынша, мысалы, Алматы энергожүйесі канадалықтарға 5 млн.долларға сатылып, «Астана Пауэр консолитейдед» болып қайта құрылды, сонда да айтарлықтай нәтиже болмады. Алайда, өзімізде 1997 жылы Электр желілерін басқару жөніндегі КEGOC компаниясы құрылып, электр энергиясын өндіру, жеткізу, тұтыну бойынша реформалар жүргізілді, соның арқасында энергожүйелерге қан жүгіріп энергиямен қамтамасыз ету жандана бастады. Сөйтіп біздің энергобъектілердің құны миллиардтаған долларға дейін өсті. Сараптай келсек, электр тогының  жиілігі электр энергиясының негізгі көрсеткіші болып табылады. Осы жиілікті ұстап тұру үшін тұтынушыларды  шектеуге мәжбүр болдық. Электр стансалары сол тұста  отынды сатып алу, жалақы төлеу секілді ағымдық қызмет үшін жеткілікті қаржылық ресурстарға ие болған жоқ. Сөйтіп жоғарыдағыдай саланы жаппай жекешелендіруге көштік, энергия өндіруші, қуатты жеткеруші ұйымдарды жекелеген компанияларға бөліп тастадық. Сонымен бірге тұтынушылардың төлемсіздіктерімен аяусыз күрестік. Сөйтіп, сала жанданды, 2000 жылға қарай тұтынушылар электр энергиясымен тұрақты түрде қамтамасыз етілді. Қазақстанның сол тұстағы қуат қажеттіліктері өзінің энергия көздерінен қамтамасыз етілгенін атап еткен жөн.  Біз электр энергиясын басқа елдерден сатып алмадық. Былтырғы жылы  106 млрд квт/сағат электр қуатын өндірдік, ал қажеттілігіміз 105 млрд болды. Сөйтіп қажеттіліктен асып түстік. 2020 жылы Қазақстандағы электр стансаларының  жалпы қондырмалы қуаты  23 000 Мвт болды. Негізінен, републикамызда энергетика (қуатнама) көздері қандай дегенге келетін болсақ, электр стансаларымыз негізінен көмірді тұтынады, Екібастұз көмірін  күлділігі жоғары болса да арзан деп пайдаланып келеміз, ал оның  экологиялық  зардабы да әжептәуір. Одан кейін бізде су электр стансаларының  (ГЭС) салмағы біршама: Шүлбі, Қапшағай, Бұқтырма ГЭС-тері, т.б. Елімізде атом электр стансаларын өркендетуге көзқарас әртүрлі болып тұр. Кезінде Маңғыстау облысында жылдам нейтрондарға негізделген атом реакторы жұмыс істеген, бірақ оның қуаты мардымсыз болды. Сонда да атом стансасы экология жағынан тап-таза, алайда өте қауіпті, бұған 1986 жылы Беларусьтегі Чернобыль мен бұдан 7-8 жыл бұрынғы Жапонияның  Фукусуми апаттары дәлел бола алады. Үкіметіміз алдында Балқаш көлі маңынан атом стансасын салуды жоспарлап еді, қазір іркіліп отыр. АЭС-ты салсақ та Ресей мен Жапония емес, алға дамыған Франция тәжірибесіне сүйенуіміз керек. Қазақстанда сондай-ақ электр энергиясының жаңартылмалы көздерін пайдалану мәселесі  неғұрлым өзекті болып отыр. Бұл мәселе электр энергиясын тұтынудың артуынан,  органикалық отынды пайдаланудың экологиялық салдарынан,  сондай-ақ энергия тасымалдауға бағаның көтерілуінен туындады. Осылар Қоршаған ортаны қорғау министрлігі әзірлеген «Жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң жобасында қаралады. Заңнамалық база болмай жел энергиясы мен шағын өзендердің энергиясын пайдалану жөніндегі жобалар инвесторларды қызықтырмайды. Еліміздегі гидроәлеует   жалпы қуаты 1450 МВт-қа дейін ГЭС салуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.    Өңірлік жел энергетикасы (әсіресе Жоңғар қақпасының жел өтіне қойылатын энергетикалық қондырғылар) көп мәселені шешетін болар еді. Бұл мұғдарда өз еліміздегі, сондай-ақ шет елдердегі  (мәселен, Франция) үздік технологиялар мен өнертабыстарды пайдаланатын болдық. Бұл жобаларға Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан Компаниясы (KEGOC) өз үлесін қосты. Кезінде  "KEGOC" АҚ Астанадағы «Экспо-17» бағдарламасына белсене атсалысып, өз жобаларын ендіруге күш салды. «Жасыл экономика» шеңберінде еліміз өзінің алдына аса биік мақсаттарды қойды:электр энергиясын өндірудегі жаңартылмалы энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 2020 жылы 3 пайызға, 2025 жылы 5 пайызға, ал 2030 жылы 10 пайызға дейін жеткізу көзделді. Қазіргі таңда Қазақстанда белгіленген қуаты 1022 МВт 89 ЖЭК объектісі жұмыс істеуде, соның ішінде 19 жел, 30 күн, 37 гидро және 3 биоэлектр станциясы қуат беруде. ГЭС-тердің қ аты 290 МВт, биогаздық  қондырғылардікі – 10 МВт.Солардың арасында қуаты 477 МВт 20 объект енгізілді. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қуаты 28 МВт, Түркістан облысының Отырар ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасы (КЭС) пайдалануға берілді. Фотоэлектрлі түрлендіргіштерді пайдаланатын күн электр станцияларының  қуаты 467 МВТ-қа, жел электр стансаларының  қуаты  933 МВт-қа жетті. Энергетиканың  жаңа секторы «жасыл» энергияның  түзілуіне ықпал етері сөзсіз. Жылдың аяғына дейін қуаты 1 ГВт-тан астам 100 шақты объект іске қосылады.  Сөйтіп Қазақстандағы жаңартылмалы энергия көздерінің қуаты 1700 МВт-қа дейін жетеді. Сонымен, ел энергетикасы өршіп тұрған пандемия дертіне қарамастан электр қуатын өндіру, тарату, түтыну жағынан қалыс қалмай келеді.  Алдағы жылдары да жаңа қуатнама көздері қарқынмен дамып өркен жаяды деген сеніміміз мол. Бақытжан Тобаяқов, инженер-энергетик, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, ҚР Ұлттық инжнерлік академиясының мүше-корреспонденті, "KEGOC" АҚ-ның бас менеджері