ҚХП мүшелері Жамбыл облысының экологиялық түйткілдерін талқылады
ҚХП мүшелері Жамбыл облысының экологиялық түйткілдерін талқылады
Қазақстан Халық партиясының Жамбыл облыстық сайлауалды штабы «Экология және адам» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Болат Төлеуішов, пен Жанат Естаева, Тараз қаласы, Талас және Жамбыл аудандарының мәслихаттары депутаттығына кандидаттар Асқар Ғалым, Нұрлыгүл Әмірова, Жылгелді Әлиев және партия белсенділері қатысты. Іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының өкілі, Алматы қаласынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Айжан Сқақова шақырылды.
ҚХП Жамбыл облыстық филиалының бірінші хатшысы, сайлауалды штабтың жетекшісі Жанат Бастаубаева облыстағы экологиялық ахуалдың күрделене түскенін айтты.
– Біз экологиялық проблемалар туралы жиі естиміз. Ормандар оталып, су нысандары ластанып жатыр. Жануарлар қырылуда. Бұған бірінші кезекте адамдардың табиғатқа деген немқұрайлылығы себеп. Өнеркәсіптік революция ыңғайлылық пен жайлылық үшін көптеген артықшылықтар сыйлап, өмірді жеңілдетті. Бірақ біздің ортақ үйіміз – Жерге қалпына келтірілместей зиян келтірді. Күн сайын экологиялық жағдай нашарлап барады. Мемлекет экологияны қолдайды. Десе де, экологияны сақтау үшін күрестің жаңа әдістері қажет. Мәселені шешу үшін Еуропа елдеріндегідей қоқысты қайта өңдеу және қайта пайдалану тәжірибесі кеңінен қолданылуы керек. Әр өңірде қоқыс өңдейтін зауыттар болуы тиіс. Адамдар арасында экомәдениетті насихаттау қажет. Бұл жерде мемлекет жетекші рөлге ие. Қоқысты қайта өңдеу кезінде тұрмыстық, кеңселік, шаруашылық және басқа тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруге болады. ҚХП бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Бірақ әлі күнге дейін біздің қалалар тау-тау болып үйілген қоқыстарға айналып, кәсіпорындар мен автокөліктердің шығарындыларынан тұншығып отыр, – деді Жанат Бастаубаева.
Шараға арнайы келген Айжан Сқақова тау-кен өндіру, металлургия, өңдеу, мұнай-химия және электротехникалық сектордағы кәсіпорындардың мәселелерін шешуге бағытталған әзірлемелермен таныстырды. Жаңалықтар енгізуге және пайдалануға дайын. Ол ҒЗИ-мен ынтымақтасуды ұсынды. Ресми түрде жүгінген кезде ғана институт қызметкерлері жағдайды мұқият талдап, нақты ұсыныстар мен олардың шешімдерін әзірлейді.
Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар экологиялық жағдайды жақсартуға болады және балаларды ерте жастан табиғат пен экологияға ұқыпты қарауға тәрбиелеу керек деген пікір білдірді. Өнеркәсіп пен ұлттық корпорациялар атмосфераға таралатын шығарындыларға кедергі келтіретін тазарту сүзгілері мен басқа да құрылыстарды орнату туралы ойлануы керек. «Жасыл экономика», күн батареялары, жеке секторды газдандыру, тұрмыстық қоқысты қайта өңдеу және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келетін автомобильдер жағдайды жақсарта түсері анық.