Жаңалықтар

Қазмедиада қызмет орыны «сатыла» ма?

ашық дереккөзі

Қазмедиада қызмет орыны «сатыла» ма?

Елімізде жемқорлық мәселесі жиі көтеріледі. Ең жаманы – билік басында жүрген небір лауазымды кісілер парақорлық жасағаны үшін ұсталып, сотталып, жыл арқалап кетіп жатады. Содан болар, халық та бүгінде жемқорлықпен айыпталып жатқан «майда-шүйделерге» назар аудармайтын болған. Дәл сондай бір «жаңалық» кеше жылт етіп, жұрттың назарын аударғандай болды. Ол анау-мынау емес, Казмедиа телерадио кешеніне байланысты. Фейсбук желісіндегі «Қазақ журналистері» тобына Нұртаза Шоқатаев деген жігіт кеше, кешкі сағат 18.30-да мынадай пост жариялады: Қазмедиа орталығына жұмысқа орналастырған адамға 2105000 тг немесе 5000 $ беремін! P.s. Зарплата минимум 200000 тг болуы керек. Байланыс бойынша жекеге жазыңыз. #уақытшапост #5мыңдолларданарзанкіргізсетіптіжақсы Мәтіннің мәніне қарасақ, жазба иесі ашық түрде ақша ұсынып, қызметке кіргісі келген сыңай танытып отырғандай. Әрине, есі дұрыс адам бұндайды тура түсініп, таң қалары анық. «Сонда қалай, Қазмедиа сияқты еліміздегі ең ірі телерадиокешеніне жұмысқа кіру үшін ақша ұсыну керек пе?», «Жел болмаса шөптің басы қимылдамаушы еді, жазған адам бірдеңені біліп айтып отыр ма?» деген сан түрлі сұраққа жауап ізделуі де заңды нәрсе. «Бірақ жұмысқа кіргісі келген адам ондай ойы болса, көпшілікке осылай ашық түрде айтушы ма еді?» деген де ой келеді. Ал жазып отырған жігіттің парақшасындағы мәліметке қарасақ – мамандығы журналист, С.Демириел атындағы университетті бітіргені көрсетілген. Сонымен не болды? Жазба авторы «Қазақ журналистері» тобындағы посын алып тастапты. Бірақ бүгін түнде Нұртаза Шоқатай фейсбуктегі жеке парақшасына кешегі айтқаны жайында пост жариялапты. Онда былай дейді: Кеше қомақты сомаға қызмет сұрап, осында жазған едім. Біраз адам жекеде жәрдемін бергендей болды. Есімін ел білетін аға-әпкелер тегін көмектесуге ниетті екенін білдірді. Ара-тұра көзі жайнап, пайданы санап кеткендер де табылды. Әрине қазіргі адамдардың көзқарасын білу үшін жазылған еді. Құдай өмір берген соң несібені де беретінін бір кісідей түсінемін. Ешкімге күніңді қаратпаса, денің сау, миың істеп тұрса алынбайтын қамал жоқ. Көбімізде ұлы мақсат тұр. Қазір көп адамдар үшін бір өтпелі кезең деп қарайық. Бақытты адамның да жоспары өзгереді. Тілеулес жандарға рахмет! Peace! Жазбадан мәлім болғанындай, Нұртаза Шоқатай бұндай мәселеде жұрт не дейтінін зерттеп келгісі көрген екен. Мұндайда «маған кел, бәрін өзім қатырамын» дейтін алаяқтар кездесе кетпей ме? Сол сияқты шынымен жаны ашып қол ұшын бергісі келетіндер де болады. Жазба иесінің айтқанынан соны аңғаруға болады. Қалай дегенде де жемқорлық пен пара ұсынушылықтың асқынып тұрған кезінде жоғарыдағы аталған жазбаның жұртты бір сілкіндіріп қойғаны анық.