«Өлген адам сөйлемейді». Академиядағылар министрге суицид жасаған курсанттың құмар ойынға әуес болғанын айтты
«Өлген адам сөйлемейді». Академиядағылар министрге суицид жасаған курсанттың құмар ойынға әуес болғанын айтты
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясында болды.
Polisia.kz порталының жазуынша, қазір бұл оқу орнында курсанттың қаза болуына байланысты кешенді тексеру жүргізілуде. Министрге тексерудің алдын ала нәтижелері туралы арнайы топтың басшысы – ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков баяндады. Ол өз сөзінде оқу орнының тек қана тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы ғана емес, оқытушылар мен курсанттар арасындағы моральдық-психологиялық ахуал да зерттеліп жатқанын айтып өтті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүйелі түрде заңсыз ақша жинау фактілері расталмаған. Дегенмен, курсанттардың туыстарының оқу орнындағы ықтимал қысым көрсетушілік туралы хабарламалары да мұқият зерттелуде.
– ЖОО әкімшіліктері курсанттардың оқу орнында болған кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Тәртіпті бұзуға жол бермей және олармен үнемі тәрбие жұмысын жүргізуі тиіс. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары жоғары білімді және кәсіби кадрларды қажет етеді. Қазақстан полициясының болашағы оқу орындарының қабырғасында алатын білім мен моральдық-психологиялық дайындыққа байланысты екенін есте сақтау қажет, – деп атап өтті кездесу барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ведомство басшысы бұл қайғылы оқиға тәрбие жұмысындағы проблемаларды көрсеткенін айтты.
– Біз болашақ полицейлерді дайындау бағдарламасына өзгерістер енгізуіміз керек. Үнемі психологиялық мониторинг жүргізу қажет, – деп атап өтті министр.
Ерлан Тұрғымбаев тергеу барысын жеке бақылауына алып, нәтижесі туралы тұрақты баяндауды тапсырды.
Еске сала кетейік, ІІМ бұйрығымен өзіне сеніп тапсырылған бөліністегі ұйымдастыру жұмыстарына тиісті қадағалаудың болмауына байланысты Академия бастығы О.Х.Смаилов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Сонымен қатар, Академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың бесеуі де қызметінен босатылды.