Жаңалықтар

Қомақты қаражат бөлінген мемлекеттік бағдарламалар өңірлерде жұмыс істемей тұр

ашық дереккөзі

Қомақты қаражат бөлінген мемлекеттік бағдарламалар өңірлерде жұмыс істемей тұр

«Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының үгіт-насихат тобы Тараз қаласындағы Орталық саябақ ұжымымен кездесті.  «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің ұлттық идеясын қағидатқа айналдырған 20 жылдық тарихы бар«Ақ жол» партиясы саяси науқанға белсене қатысуда. Біздің кандидаттар еліміздің түкпір-түкпіріне барып, сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, партия атқарған жұмыстар туралы айтуда. Бүгін сіздермен осы мақсатта кездесіп отырмыз», – деп атап өтті филиал төрағасы Асан Қошмамбетов. Кездесу барысында партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсегүл Дүйсебайқызы партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ол ондағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар туралы айтты. Сондай-ақ, Сейсегүл Дүйсебайқызы бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру басымдыққа ие екенін атап өтті. «Елімізде бизнесті, әлеуметтік саланы, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Оларды орындалмай жатыр деп айта алмаймыз. Дегенмен, қомақты қаражат бөлінген бағдарламалар өңірлерде нашар іске асырылуда, олардың кейбіреуі тіпті тоқтап қалды. Сондықтан, бірінші кезекте осындай жоспарлы бағдарламаларды жүзеге асыруға күш салуымыз керек», – дейді ол. Кездесу барысында Орталық парк қызметкерлері атаулы әлеуметтік көмек, кәсіпкерлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты сұрақтар қойып, мазмұнды жауаптар алды.