«Мәңгілік ел» қақпасы мен Д.Баландин атындағы жүзу бассейні ашалады
«Мәңгілік ел» қақпасы мен Д.Баландин атындағы жүзу бассейні ашалады
1 қыркүйек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттер мен түлектердің «Мәңгілік ел» салтанатты қақпасы мен Дмитрий Баландин атындағы жаңа жүзу бассейнінің ашылу рәсімі өтеді
Салтанатты жиынға Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, ЖОО түлектер ассоциациясының президиум мүшелері, студенттер мен оқытушылар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысады. Сонымен қатар іс-шараға ҚазҰУ студенттері, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Д.Баландин, Е.Сметов пен Э.Сыздықова қатыспақ.
Салтанатты қақпа Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын бейнелеп тұратын ҚазҰУ қалашығы жаңа архитектуралық кешенінің негізі бөлігі.
ҚазҰУ қалашығы аумағындағы архитектуралық жобаны құру идеясы ҚазҰУ-дың үздік түлектеріне тиесілі. Ал жобаның құрылысы сол азаматтардың ерікті салымдары негізінде жүзеге асты.
Осы кеште жүзуден алғашқы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жаңа 25 метрлік жүзу бассейнінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Алдағы уақытта жүзу бассейні студенттердің игілігіне қызмет етпек. Сонымен қатар спорт кешенінде синхронды жүзуден ҚазҰУ құрамасының жаттығулары мен спортшыларды аймақтық, ұлттық және халықаралық жарыстарға дайындау жұмыстары жүргізіліп, университеттер арасындағы спорттық жарыстар ұйымдастырылатын болады. Салтанатты іс-шарада Алматы қаласы балалар мен жасөспірімдердің жүзуден спорт мектебінің тәрбиеленушілері арасында Олимпиада чемпионы жүлдесіне жарыс өтеді.
Өтетін орны мен уақыты:
1. Студенттер мен түлектер қақпасының ашылуы – 19:45, ҚазҰУ қалашығының орталық алаңы (Тимирязев көш. «ҚазҰУ қалашығы» аялдамасы);
2. Дмитрий Баландин атындағы жүзу бассейнінің ашылу рәсімі – 20:30, спорт кешенінің аумағы.