Жаңалықтар

Анасы жазалаған 8 жасар қыздың мәселесін "Nur Otan" өз бақылауына алды

ашық дереккөзі

Анасы жазалаған 8 жасар қыздың мәселесін "Nur Otan" өз бақылауына алды

"Nur Otan" партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес Нұр-Сұлтан қаласында 8 жасар қызбен болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді. “Мәселенің анық-қанығын білу үшін баламен психологтар мен тиісті органдардың жұмыс істеп жатқандығын хабарлаймыз. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының ювеналды полициясының ақпаратына сәйкес, 29 желтоқсан күні аталмыш жағдай бойынша шешім қабылданатын кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия отырысы өтеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда. Мәселе "Nur Otan" партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің жіті назарында,” - деп хабарлайды Кеңес өз Facebook парақшасында. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес қыркүйек айында "111" қызметін ашты. "111 Жедел қызметі” байланыс орталығының жұмыс істеу кезеңінде қызметке 4000-нан астам өтініш келіп түсті, оның 118-і кәмелетке толмағандардан. “Барлық өтініштер бойынша біздің операторлар мен психологтар ақпараттық сипаттағы, психологиялық, заңдық кеңестер берді, барлық мемлекеттік органдармен және 2324 жедел әрекет ету топтарымен тікелей құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетті. Егер сіз кішкентай баланың қараусыз қалғанын, оған қауіп төніп тұрғанын көрсеңіз, балаға немесе әйелге қатысты қатыгез қарым-қатынас, зорлық-зомбылық қолданылуы, олардың құқықтары бұзылуы мүмкін екенін білсеңіз, "111" нөміріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз. Әрқайсымызға балалардың, әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнгеніне шамалы күдік туындаған кезде барынша жанашыр болып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік таныту және "111" нөміріне хабарлау маңызды,” - делінген постта.