Еліміздегі 4 балалар колониясына қылмыскерлер сыймай барады

Еліміздегі 4 балалар колониясына қылмыскерлер сыймай барады

Еліміздегі 4 балалар колониясына қылмыскерлер сыймай барады
ашық дереккөзі
Калифорниялық мұғалімдер жаңа оқу жылын жаңа ережемен қарсы алды. Бұдан былай АҚШ-тың Калифорния штатындағы мектеп қызметкерлері өздерімен қару алып жүруге құқылы. Бұл қауіпті жағдай кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің амалы дейді ереже авторлары. Суық қарудың қолжетімділігі қауіпсіздікке кепіл бола ала ма?

Әр елдің заңы басқа

Жаңа ережеге сәйкес, Калифор­ния­ның кейбір орта мектептерінде мұ­ғалімдер мен өзге мектеп қызметкерлері де өзімен бірге қару алып жүре алады. Білім беру мекемесінде жалпы саны бес адам қару ұстауына рұқсат. Ол үшін оқ қаруын жасырын алып жүруге лицензиясы болу керек және алдын ала қаруды қолдану туралы курстан өтуі шарт. Төтенше жағдай орын алған жағдайда оқиға орнына полиция жеткенше, оқ қаруын пайдалануға мұғалімдердің толық құқығы бар. Төтенше жағдайларды қарудың көмегімен шешетін Калифорния штатындағы білім ордаларының бірі − «Кингсберг хай скул» орта мектебі. «Осылайша біз өз оқушыларымызды, қызметкерлерімізді және барлық мектеп қауымын қорғай аламыз. Мәселен, аяқасты атыс-шабыс бас­талып кетсе, қызметкерлердің бірі оны тоқтата алады», − дейді мектеп директоры Ричард Шоэль. Білімгерлеріне қару алып жүруге рұқсат берген АҚШ-тың 7 штатының қатарына жуырда Техас та қосылды. Енді штаттың 21-ге толған студенттері оқу орнында қалталарына оқ қаруын салып жүре алады. Дегенмен тапаншамен химиялық зертханаға және спорттық ареналарға кіруге болмайды. Білімгерлердің қорғанысын күшейту мақсатында қабылданған бұл ережеге қарсы шыққандар да көп. Олардың айтуынша, жаңа ереже зорлық-зомбылық деректерінің артуына әкеп соқтырады. Енді біреулер, керісінше, университет аумағында қару алып жүру жаппай атыстардың алдын алып, шабуыл жасалған жағдайда, қаскөйге қарсы тұруға мүмкіндік береді деген пікірде. АҚШ Президенті Барак Обама ел тұрғындарының қаруды емін-еркін алып жүруіне шектеу қоюды талай мәрте ұсынғанымен, конгрессмендер үзілді-кесілді қарсылық білдіріп келеді. Бұл елде қаруды өзімен бірге алып жүру жайлы заң 18-ғасырда енгізілген болатын. Қаруға тыйым салса да, қылмыстың азаймағанын байқаған шенділер тапаншаны тартып алғаннан нәтиже жоқ деп түйді. Сондықтан ел үкіметі азаматтарға қаруды қорғаныс мақсатында алып жүруге рұқсат берді. 2007 жылғы мәліметтер бойынша, күллі жаһандағы от қаруларының жартысынан астамы америкалықтардың қолында болған. 2001-2013 жылдар арасында лаңкестік шабуылдардан 3380 адам опат болса, отты қарудан 406 мыңнан астам азамат қаза тапқан екен. Осындай деректер АҚШ-қа әлемдегі отты қарудың кесірінен қаза тапқандар саны жөнінен көшбасшы орын алып берді. Одан кейінгі орындар Филиппин, Йемен мемлекеттеріне тиесілі. Азаматтардың қару алып жүруін заңдастырған мемлекеттердің қатарында Бразилия да бар. Бұл ел 1981 жылдан бастап қару сатуды еркін жүзеге асырып келді. Салдарынан 2004 жылғы дерек бойынша 36091 азамат қарудың кесірінен қаза тапқан. 1982 жылы Бразилияда 100 мыңға шаққанда отты қарудың кесірінен қаза табатындардың үлесі 7,8 коэффициентті құраса, 2002 жылы 21,8-ге бір-ақ шарықтады. Қаруды еркін түрде қолданысқа енгізу еш нәтиже бермейтінін ұққан жергілікті азаматтардың 64 пайызы референдум арқылы қарудан бас тартты. Қазіргі таңда елде тек 25 жастан асқандарға ғана қару ұстауға рұқсат етілген. Еуропаға келер болсақ, мұндағы қару құрсанған мемлекеттердің бірі – Швейцария. АҚШ секілді бұл мемлекет те қару ұстауды конституция арқылы заңдастырған. Дегенмен Швейцарияның бір ерекшелігі, 19 бен 31 жас аралығындағы азаматтар әскери дайындықтан өтуі шарт. Содан кейін оларға SIG SG-550 винтовкасы мен 50 оқ беріледі. Осылайша әрбір азамат өз үйлерінде қару сақтайды және жыл сайын тексерістан өтіп тұрады. Бұл елдегі қылмыс көрсеткішін біршама азайтқанымен, қарудан қаза табатындардың 90 пайызы өз-өзіне қол жұмсайтындар екен. Ал Бельгияда, керісінше, қаруды заңдастыру қылмыс санын 24 пайызға арттырып жіберген. 2013 жылы Льеж алаңында бір азамат отты қарумен 5 адамды өлтіріп, 165 адамды жарақаттаған соң Бельгия билігі қаруды еркін ұстауға шектеу қойды.  

Талап күшейді. Тәртіп ше?

Өзімізге келсек. 2008 жылға дейін травматикалық және газды патронмен атылатын қаруларды жеке тұлғалар заң орындарының рұқсатынсыз пайдаланып келген. Көп ұзамай, мұндай қарулар тіркеуге алынып, өмірін қорғау мақсатында суық қару-жарақты иеленгісі келетін азаматтарға талап күшейтілді. ҚР Үкіметінің 2014 жылдың 29 қазанындағы №1145 қаулысы бойынша жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын және газды қаруды сақтауға және алып жүруге тыйым салынды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан жыл соңына дейін барлық азаматтар мұндай қаруларын ерікті түрде құқық қорғаушыларға тапсыруға міндеттелді. Ал 2016 жылдың қаңтарынан бастап №1145 қаулы күшіне енді. Бұдан былай заң қатал. Бұрын қару-жарақты заңсыз сақтағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып келсе, енді олар ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады. Үкiметтiң мұндай шешiмге келуiне ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң бұдан екi-үш жыл бұрынғы бастамасы мұрындық болған едi. Министрлiктiң дерегi бойынша соңғы 5 жылда травматикалық қарумен жасалған қылмыс 8 есеге өскен. Оқ атып, жазым жасаушылардың арасында жасөспiрiмдер де бар екендiгi бұқаралық ақпарат құралдарында жиi айтылып жүр. Бейбiт заманда өмiр сүрiп жатқан балалар қаруды қайдан алатыны әркiмдi-ақ ойлантатын мәселе. Заңға жүгiнсек, «Оса» тапаншасын сатып алу үшiн IIБ-нiң рұқсат қағазы керек. Қаруды сатып алушы азамат кәмелет жасына толған болуы басты шарт. Сондай-ақ, оның сотталмағандығы, психо-нашақорлық диспансерде есепте жоқ екендiгi туралы анықтамасы болуы тиiс. Сөйте тұра, жасөспiрiмнiң сөмкесiнде атыс қаруы жүруi және олардың оны қылмыстық әрекетке пайдалануы үдеп кеткенi Үкiметтi де тығырыққа тiрегенi рас. Мектеп оқушыларының суық қару алып жүру дерегі, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында жиі тіркеледі. Мәселен, өткен жылдың шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысында прокуратура органдары құрған мобильдік топтар білім ошағында студенттер мен мектеп оқушыларынан бірнеше атыс қаруын тәркіледі. Атап айтқанда, Еңбекші аудандық прокуратурасының №39 жалпы орта мектебінде рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру барысында аталған мектептің 9-сынып оқушысының сөмкесінен тапанша табылды. «Оса» маркалы травматикалық қарудың оқтары да болған. Сонымен бірге, оқушы «Байкал» маркалы тапаншаны тәртіп сақшыларына өз еркімен тапсырды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, 2013-2014 жылдары қару тапсыру акциясы кезінде мектеп оқушылары 120-ға жуық тіркелмеген суық қаруды өз еріктерімен тапсырғанын айта кеткен жөн.

Әрбір бесінші қылмыс – баланың мойнында

Бүгінде «мектепте оқушылар ара­сын­да төбелес болыпты» десе таң қалудан қалдық. «Ешкім опат болмады ма екен?» деп сұраймыз бас салып. Өйткені қазіргі таңда жастар арасында қатыгездік өршіп барады. Мектеп оқушыларының бірін-бірі қарумен атып салуы, пышақ сұғып алуы жиілеп барады. Естеріңізде болса, 2015 жылдың ақпан айында Ақтауда мектептің екі оқушысы жанжалдасып, ақыры оқ атумен аяқталған. Абырой болғанда, жарақат алған оқушы аман қалған. Оқушылар арасында оқ ату оқиғасы Алматыда да орын алды. Сол жылы сәуір айының басында шаһардағы Жәутіков атындағы мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысына көрші мектептің оқушысы оқ атқан. Арыс қаласындағы мектептердiң бiрiнде оқушылар арасында болған атыс та жұртты дүр сілкіндірді. Оқыс оқиға салдарынан үш жасөспiрiм аудандық ауруханаға жеткiзiлген. Кеуде тұсына оқ тиген 1999 жылғы бала жансақтау бөлiмiне түскен. Кәмелеттiк жасқа жетпеген тағы екеуi, 1998 жылы туылған жасөспiрiмдер дәрiгерлiк қаралудан кейiн үйлерiне жiберiлген. Оларға оқ атушы да мектеп оқушысы, 1998 жылы туған азамат та ұсталып, ҚР ҚК-нiң 99-бабы («Адам өлтiруге оқталу») бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргiзiлiп, заң жолымен жазаға тартылды.

2014 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылында мектеп оқушылары арасында туындаған жанжал да оқ атумен аяқталған. 10- сынып оқушысының бірі екіншісін шолақ мылтықпен атып өлтірген. Сол оқиғадан кейін үш мектепке тексеру жүргізген құқық қорғау органы қызметкерлері 8 суық қару тәркілеген. Бұл мысал ретінде келтіріліп отырған бірнеше оқиға ғана. Жалпы жасөспірімдер арасындағы қылмыстың белең алып бара жатқанын ішкі істер министрлігіндегілер жасырған емес. Ведомство басшысы бұл мәселені жиналыс сайын көтереді. Еліміздегі орын алған әрбір бесінші қылмыс жасөспірімдердің үлесіне тиеді екен. Ендеше, есептей беріңіз, Қазақстанда аптасына 1200-1500 қылмыс тіркеледі. Соның әрбір бесіншісі жас баланың мойнында. Онда да жұдырық сілтеу, тұмсығын бұзып, мұрнын қанату емес. Кәнігі қаныпезер қылмыскерлер жасайтын ауыр қылмыстар. Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған ата-ананың баласы оқуға кеткенде жанын шүберекке түйіп отыратыны сондықтан. Перзенті шалт басса, аурухана төсегін немесе түрме есігін күзетеміз бе деп алаңдайды. Дамыған елдерде 18-ге толмаған балаларға арналған колония деген атымен жоқ. Олар үшін ата-анасы айып төлеп, тіпті жұмысынан қуылады. Бауыр еті – баласының әр адымы үшін басымен жауап береді. Тіпті тәрбиелеймін деп кәмелетке толмаған туған баласын өзі ұрса да жауапқа тартылады. Ал біздің елімізде кәмелетке толмаған балаларға арналған бақандай төрт түрме бар. Тіпті бейресми деректерге сүйенсек, бізде заң бойынша сотталуға, яғни тәртібін темір тордың арғы жағында жүріп түзеуге тиіс балалардың көбейгені сонша, түрмедегі орындар аздық етіп жатқан көрінеді.

«Батыр болдым, мінеки»

Мамандардың айтуынша, оқу жылы басталып, жазғы демалыстан оралған білімгерлердің мектепке жиналар кезі – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың «қызар» шағы. Басқа мектептен ауысып келген, төменгі сыныпты тәмамдап, жоғарғы сыныптардың қатарына қосылған оқушыларды «тәрбиелейтін» уақыт. Өзара топ құру, жиналып алып кім мықтыны анықтау, әлсіздерге қоқан лоққы көрсету секілді бір буыннан екінші буынға алмасып келе жатқан «тәрбие мектебі» жұмысын бастаған сәтте жасөспірімдер көз көгерту, бас жарумен шектелмей, «мәселені» суық қарумен шешкісі келетін жағдайлар аз болмайды. Осы орайда оқушылар қаруды қайдан алады деген сұрақтың тууы заңдылық. Бұл сұрақтың жауабын «Корреспондет» басылымындағы әріптестеріміз анықтап көріпті. Аты-жөнін құпия сақтаса ғана ақпарат беруге келіскен шымкенттік оқушылардың бірі қай қаруды қайдан алатындарын жайып салған. Тіпті қайсысы қанша тұратынына дейін айтып берген. «Қару табу қазір қиын шаруа емес. Резина оқты «Осаның» су жаңасын аңшылық дүкендерінен 45-46 мың теңгеге ала аласыз. Ал «көшедегі» бағасы 15-20 мың теңге. Оғы 1-2 мың теңге ғана. Пневматикалық тапаншаның су жаңа ресейлік түрі 50 мың теңге тұрады. Бірақ оны табу да, алу да қиын. Одан қолдан 5-10 мың теңгеге алған оңай. Ал ұсақ шарик болып келетін оқтың 250 данасын 200 теңгеге кез-келген аңшылық дүкеннен ала беріңіз. Әрине, рұқсат қағаз жоқ болғандықтан олар сатпаймыз дейді. Бірақ үстіне сәл артық ақша қоссаңыз дереу тауып береді. Болмаса құжаты бар адамдармен келісіп, соларға ақысын беріп-ақ алатын жолы бар. Бәрінен де мықтысы – «боевой макар». Бірақ оған қол жеткізу қайда-ааа... Оны ұстау да қауіпті. Негізі жаңасының бағасы 140-150 мың болады, қара базардағы құнының өзі 80 мыңның шамасында. Оның оғын да табу қиын. «Обрез» (шолақ мылтық) 10-15 мың тұрады. Оған оқты қолдан-ақ жасай бересіз. Бірақ «обрез» ұстау ұят. Топ болып төбелес ұйымдастыратын кездерде қару санын көбейту арқылы қорғанысты қамтамасыз ету үшін ғана амал жоқ ұстамаса...«Менттердің дубинкасы» да әр кезде болмаса да, жаппай төбелесте керек болып қалуы мүмкін. Оны 3500 теңгеге табасыз», − дейді жасырын кейіпкер. Әке-шешенің бәлішке берген тиынын қанша уақыт жинаса да, әлгіндей соманың басын құрау мүмкін емес. Сонда оқушы қаруға ақшаны қайдан алады? Бұл сұрақтың жауабын екінші кейіпкер айтып берген. Оның айтуынша, өзара топ құрған жасөспірімдер арасында «общак» деген болады. Олар өзінен төмен сынып оқушыларын бопсалайды. Сөйтіп өздері қырғи-қабақ, қарсы шыққан балалардан, күші жететін бай ұлдарынан әлімжеттікпен тиын-тебен жинайды. Бермеймін деп қасарысып, қырсыққандарды «счетчикке» қойып жазалайды. «Общакқа» сөзі мен ісіне берік деген сенімді бір жауаптыны бекітеді. Осылай ортадан жиналған ақшаға араға адам салу арқылы қолдан, яғни қара базардан қару сатып алады. Оқушының сөзіне сүйенсек, бүгінде жоғары сынып оқушылары арасында әрбір елудің бірі қару ұстайтын көрінеді. Бірақ ешқайсысы да бұл жайында тіс жармайды. Қару тек қысылтаяң кездерде ғана қолданылады, онда да оны тек беделді деген үш-төртеуі ғана қолдана алады. Қалғандары әлгі қарулы «мықтылардың» көлеңкесі. Жасырын кейіпкер жас­өс­пі­рім­дерге рұқсатсыз қару сататын сауда орындарын да көрсетіп берген. Шымкенттегі «Олимпик» деген аңшылық дүкені, «Көктем» базарындағы нүктелердің бірінде, Қабанбай батыр көшесіндегі аңшылық дүкені жас балаларды кеудеден итермей, сұрағанын тауып беретін көрінеді. Қазақтың қол бастаған батырының атын иемденген көше бүгінгі күннің «батырларын» осылай тәрбиелеуде.  

Анар ЛЕПЕСОВА