Әйгілі Disney компаниясы Қазақстанда киноконцерт өткізбекші
Әйгілі Disney компаниясы Қазақстанда киноконцерт өткізбекші
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Disney компаниясы лицензиялық «Жұлдыздар шеруі» киноконцертінің телевизиялық форматтағы тұсаукесері болып өтті.
Аталған жиынға «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова, «Астана» телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағали, «RinGo» тобының мүшесі Данияр Өтеген және әнші Аdam қатысты. Сондай-ақ Disney компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі дубляждау және музыкалық жобалар бөлімінің креативті директоры Юлия Баранчук онлайн байланысқа шықты.
Динара Шайжүнісова, «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы:
–Бұған дейін Голливудтің 35 фильмін қазақша аудардық. Екі жыл бұрын Disney басшылығы елге келгенде оларға Қазақстанда киноконцерт өткізу туралы ұсыныс білдірген болатынбыз. Сөйтіп, бұған дейін екі киноконцерт өткіздік. Ал енді өтетін киноконцерттің бір ерекшелігі – алғаш рет телевизиялық форматта өтпек. Сонымен қатар бұл біздің аудиторияға арнайы әзірленген. Киноконцерт 22 композициядан құралған. Бұл композицияның барлығы Disney компаниясы әзірлеген 11 мультфильмнен алынды. Бұл 11 туындының барлығы музыкасы үшін Оскар сыйлығын алған. Осындай ауқымды жобаның басы-қасында жүргеніме қуаныштымын. Себебі бұл концертке көп адам атсалысты. Онда кіріктірілген өлеңнің барлығын еліміздің мықты вокалистері орындайды және аталған концерт симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Құрманбек Жұмағали, «Астана» телеарнасының бас директоры:
–Бұл киноконцертті телевизиялық форматта өткізу туралы ұсынысты қуана қабылдадық. Өйткені корпоративтік қордың атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Әлемге әйгілі Disney-дің туындыларын қазақ тіліне аудару, дубляждау – өте қиын жұмыс және бұл ұлтқа пайдалы іс. Сол себепті «Астана» телеарнасының эфирінен көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарына араласамыз деп шешім қабылдадық. Әрине, «Болашақ» корпоративтік қорының істеп жатқан жұмысы – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Себебі Елбасы тіліміздің дамуына, әлемдік туындылардың қазақ тіліне аударылуына әрқашан мән береді. Осы жексенбі күні сағат 15:00-де бір жарым сағаттық концертті біздің телеарнадан көре аласыздар.
Юлия Баранчук, Disney компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі дубляждау және музыкалық жобалар бөлімінің креативті директоры:
–Серіктестерімізбен бірге осындай керемет елде осымен үшінші рет киноконцерт өткізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Біз үшін бұл – үлкен тарих. Залдағы көрерменге арналған концерт өткізу бір басқа, ал теледидар арқылы тамашалайтын миллиондаған көрермен үшін концерт өткізудің жөні бір бөлек. Қазақ тілі – әуезді тіл. Сол себепті біздің фильмдер мен әндер қазақ тілі секілді әдемі тілге аударылғанына қуаныштымын. Киноконцерт көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын.
Данияр Өтеген, әнші, «RinGo» тобының мүшесі:
–Балалық шақтан сүйіп тыңдайтын кейіпкерлердің әнін орындау – мен үшін үлкен қуаныш. Жалпы, бұл – өте күрделі жұмыс. Киноконцертке 100-ге жуық адам атсалысты. Теледидардан көргенде барлығы оңай секілді көрінеді, ал бірақ мұның артында үлкен еңбек пен күрделі дайындық жұмысы тұр. Жалпы, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін концерттер көп емес. Оның үстіне, музыкасы үшін Оскар жүлдесін алған композициялар күнде орындала бермейді. Мен бұл концертте үш ән орындаймын. Өзіме «Арыстан патша» мультфильмінің әні қатты ұнады. Мұның қазақша нұсқасы ағылшыншасынан асып түспесе, кем емес.