Online school Astana - Бейнесабақты онлайн режимде тыңдау

Online school Astana - Бейнесабақты онлайн режимде тыңдау

Online school Astana - Бейнесабақты онлайн режимде тыңдау
ашық дереккөзі
Жаңа оқу жылының астаналық оқушыларға дайындаған жаңалығы көп. Ел ертеңі – білімді ұрпақты тәрбиелеудің тың тәсілдерін іздеген сала мамандары елорда мектептерінің оқу бағдарламасына оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін бірқатар жобалар енгізді. Ең басты жаңалық – Online school Astana инновациялық жобасы. Биылғы оқу жылынан бастап елорда оқушыларының оқу бағдарламасына енгізілген бұл жобаны Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында өткен пленарлық отырыста қала әкімі Әсет Исекешев таныстырған болатын. Online School Astana жобасы оқушылар мен ата-аналарға мектеп бағдарламасындағы кез келген пән бойынша бейнесабақты онлайн-режимде тыңдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, оқушылар үйлерінде отырып өткен сабақтардағы олқылықтардың орнын өз бетінше толтыра алады. Ата-аналар жобаның көмегімен 1-11 сыныптардың оқу бағдарламасының тақырыбымен танысады. Online school Astana жоғары білікті мұғалімдердің жеңіл, тез меңгеруге болатын нысандағы дәрістерін қолжетімді етпек. Бейнесабаққа жазбаша конспектілер, тесттер, тренажерлар, инфографика, бейнеинфографика тіркеледі. Жобаға қаланың үздік мұғалімдері қатысады. «Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударылған. Сондықтан балаларды тәрбиелеуде инновациялық бағыттарға ерекше көңіл бөлу керек. Алға кез келген мақсаттарды қоюға болады, алайда оларды өз жұмысымызға енгізетін тетіктер болмаса, онда түк шықпайды», – деді Ә. Исекешев. Шаһар басшысының айтуынша, инновациялық жобаны енгізу білімнің сапасын арттырады, оқытудың үздік әдістерін таратады, сондай-ақ, мұғалімнің беделін көтеруге және педагогтарға тәжірибе алмасуға, ата-аналарды тікелей оқу процесіне тартуға мүмкіндік береді, өз үйінде оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мүмкіндігін ұлғайтады. Жаңа оқу жылының астаналық оқушылар мен ата-аналарды қуантқан тағы бір жаңалығы бар. Биыл елордадағы 65 мыңнан астам оқушы тегін тамақтандырумен қамтылады. Астана қаласындағы білім беру ұйымдарының барлығында асханалар мен буфеттерде сатылатын өнімнің сапасы тұрақты бақылауға алынбақ. Астананы «ақылды қалаға» айналдыру жолында білім беру ұйымдарына артылар жауапкершілік ерек. Өйткені қала тіршілігін түрлендіретін жаңа технологиялардың тілін білетін кәсіпқойлар балабақшадан бас­тап дайындалуы керек. Яғни, білікті кадрларға баса назар аударылады. Биыл елорда әкімдігі қалалық мектептерде ғылыми және шығармашылық әлеуетті дамытуға ниетті. Балалардың демалысын дұрыс ұйымдастыруға, шығармашылық үйірмелерді, спорттық секцияларды және қызығушылықтары бойынша факультатив сабақтарды кеңейтуге баса назар аударылады. Ғылым мен білім саласындағы үздік креативті жобалар ұсынған мектептерге жаңа жол ашылмақ. Ұтымды ұсыныстарымен ерекшеленген 10 мектеп қажетті жабдықтармен және әдістемелермен қамтамасыз етілмек. Мұнымен қоса, «Ғылымдағы дебют» ғылыми жобалар конкурсы өткізіліп, жеңімпаздарға әкім гранты табысталатын болады. Қатысушылар өз жобаларында сәулет пен құрылыс, бағдарламалау, робототехника салаларындағы жаңалықтарды көрсетуге тиіс, сондай-ақ, конкурсқа биологиялық, географиялық және техникалық салалардағы жобалар қатыса алады. Шаһардың білім саласындағы басты мәселелерінің бірі – балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету. Балабақшалардағы орын тапшылығы астаналық ата-аналарға қолбайлау боп тұрғаны жасырын емес. Қалалық білім басқармасы бұл жағдай да біртіндеп реттеліп келе жатқанын мәлімдеді. Осы мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырысымен жеке меншік бала­бақшаларға 4890 орын бөлініпті. Бұл «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында орындалған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты мәселені шешудің тағы бір жолы – отбасылық балабақшаларды ұйымдастыру. Халықаралық тәжірибеде оң нәтиже берген жобаны Астана қаласы да сынап көрмекші. Кәсіби даярлық пен біліктілікті арттыру келешекте еңбек жолын­да сәтті қызмет атқаруға көп сеп­тігін тигізетінін дәлелдеп жату артық болар. Осы орайда, елорда мектептерінде оқушыларды кәсіптік-техникалық мамандықтарға бейімдеуге айрықша көңіл бөлінгенін айта кеткен жөн. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап 24 мектепте 10 және 11-сынып оқушыларына арналған ерте кәсіптік бейімдеу курстары басталды. Оқытылатын сабақтардың бәрі – бүгінде Астана қаласында тапшы мамандықтар. Сабақтар шаштараз, тігінші, тәрбиеші, жеке компьютердің операторы, референт-хатшы, бармен және даяшы сияқты мамандықтар бойынша жүргізіледі. Бұған қоса, жаңа оқу жылынан бастап жоғары сынып оқушылары үшін мамандық таңдауға көмек беретін «Кәсіптік бағдар» жобасы іске қосылады. Сондай-ақ, «Кім болам?» атты мобильді қосымша іске қосылады. Бұл түлектердің болашақ мамандықтарын айқын­дауға бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ, колледждерде жаңа 5 кәсіптік мамандық ашылады. Мұның бәрі Елбасының тегін кәсіптік-техникалық білім алуды жүзеге асыру тапсырмасы аясында орында­лу­да. Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр­ған астаналық ата-аналарды алаңдатқан мәселе көп. Бұдан былай олар арыз-шағымдарын тікелей қала басшысына жеткізе алады. Мәселен, елорда тұрғындары мектептерде ақша жинау мәселесімен немесе ұстаздардың өрескел қателігімен бетпе-бет келсе, орын алған келеңсіз жайтты әлеуметтік желі арқылы әкімге хабарлауға құқылы. Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде Әсет Исекешев қала тұрғындарының кез келген ұсыныстарын қарауға дайын екендігін жеткізді. «Арыз-шағымдарыңызды, ұсыныс­та­рыңызды менің жеке өзіме жіберу­леріңізге болады. Бұған қоса, Facebook әлеуметтік желісінде елорданың білім беру саласының «Білім. Астана» парақшасы ашылған. Біздің мамандар ұдайы қарап отырады, кейде менің өзім де бақылап отырамын. Астананың барлық педагог қоғамдастығын сол жерде әңгімелесуге шақырамын. Меніңше, бұл пікір алмасудың ең жылдам жолы», – деді елорда әкімі.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ