Оқушылардан заңсыз ақша жинаған бірқатар жауапты тұлға жазаланды

Оқушылардан заңсыз ақша жинаған бірқатар жауапты тұлға жазаланды

Оқушылардан заңсыз ақша жинаған бірқатар жауапты тұлға жазаланды
ашық дереккөзі
Ақмола облысында оқушылардан заңсыз ақша жинаған білім қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мәліметінше, биыл 1424 Call-орталығына өңір тұрғындарынан 20-дан астам қоңырау түскен. Олардың арасында білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинауға қатысты мәселелер де бар. Мәселен, Атбасар қаласының әртүрлі мектебінде білім алатын оқушылардың ата-аналарынан оқу орындарының қажеттілігіне ақша жиналғанына қатысты арыз түскен. Осыған сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы арнайы мониторингілік топ пен облыстық Білім басқармасы көшпелі қызметтік тексеру жүргізген. 330-ға жуық ата-анадан анонимді сауалнама алынған. «Тексеру нәтижелері бойынша қала мектептерінің түрлі қажеттіліктері үшін заңсыз ақша жинау фактілері анықталды», – деді департаменттен. Сондай-ақ осыған ұқсас фактілер Степногорск қаласының білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру барысында да анықталған. Нәтижесінде, Атбасар ауданының және Степногорск қаласының білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында облыстың білім беру мекемелерінің басшылығымен түсіндіру кездесуі өткізілді», – деп қосты ведомстводан.