Ерікті болғыңыз келе ме: коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өтуде

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық вакцинаны салдыруға ерікті болу жолдарын айтып берді.

«Ерікті болу өте оңай. Алматы, Тараз қалаларында ерікті болу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Алматыда тиісті сертификаты бар бірнеше клиникалық базаларда скрининг және еріктілерді вакциналау жүріп жатыр. Қажет болса, бізде байланысуға болатын нөмірлер бар», – деп жауап берді министр.

Елімізде QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі басталды. Онда 3 000 еріктіге вакцина салынатыны хабарланды.

«Біз үш мың еріктіні жинаймыз және жыл соңына дейін оларға вакцина салынады. Қазір де көптеген еріктілер вакциналанып үлгерді. Ерікті болу үшін олар міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі керек. Олар анализ тапсырады. Одан соң келісім жасалады, шарттары айтылады және өмірді сақтандыру мәселелері келісіледі. Заңнамаға сәйкес басқа да нюанстар бар. Осыдан кейін ғана ерікті болып, вакцина қабылдайды. Екпе салынғаннан кейін де келісімде көрсетілген талаптар бар», – дейді министр.

Асхат Аймағамбетов вакцинаның бірінші кезеңінде аз ғана уақытта көптеген өтінім келіп түскенін атап өтті.

«Біз өтінімдердің көптігінен қабылдауды мерзімінен бұрын жабуға мәжбүр болдық. Екінші кезеңде де жағдай шамамен осындай болды. Қазір үшінші кезеңде контингенттің көп болуына байланысты еріктілерді алдын ала үш мыңнан асырып жинағымыз келеді. Себебі үш мың еріктіні іріктеп алу үшін скрининг жүргізу өте маңызды. Қазір де еріктілерді қабылдау жалғасуда. Ерікті болғысы келетін азаматтар осындай құқық пен мүмкіндікті пайдалана алады», – деді А.Аймағамбетов.

Back to top button