COVID-19: мектеп оқушыларына вакцина салу міндеттеле ме – министр жауабы

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мектеп оқушыларына вакцина салына ма?» деген сұраққа жауап берді.

«Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден, бірінші және екінші фазадан өтіп, клиникалық зерттеудің шешуші үшінші фазасына келді. Біз бәрін хаттамаға, халықаралық стандартқа және талаптарға сәйкес жасап жатырмыз. Барлық принциптер мен барлық нормаларды сақтауымыз керек. Бұл өте маңызды, өйткені әңгіме халықтың қауіпсіздігі жайында болып отыр, сондықтан әрбір рәсім бойынша барлық талаптарды сақтаймыз. Наурыз айының ортасында бұл вакцинаны шығарып, азаматтарды вакциналай бастауды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл жерде вакцинаны дайындауға қатысты ғылыми мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне жататынын, ал вакциналаудың одан әрі мәселелері министрлік құзыретіне кірмейтінін еске салғым келеді», – деп жауап берді министр.

Министрдің айтуынша, мектеп оқушыларын екпе салдыруға ешкім мәжбүрлемейді.

«Ешкімді мәжбүрлемейді, мәжбүрлеп те жатқан жоқ. Мектептердегі медициналық бөлімді бірнеше жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретіне бергенбіз. Бұл мәселе бойынша да біздің әріптестерімізге жүгіне аласыз. Бірақ, мәжбүрлеу туралы тақырып болған емес», – деді А.Аймағамбетов.

Back to top button