Жаңалықтар

Олимпиада жүлдегері Фархад Харки пәтерлі болды

ашық дереккөзі

Олимпиада жүлдегері Фархад Харки пәтерлі болды

Рио олимпиадасының қола жүлдегері Фархад Харки пәтерлі болды. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев олимпиадаға қатысқан Фархад Харки мен Нұрислам Санаевты құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі деп жазды bnews.kz.

Ақтөбе облысының спортшылары, ардагерлер мен спорт саласының қызметкерлері Рио олимпиадасының жүлдегерін құттықтау рәсіміне түгел қатысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұқаралық спортты дамыту арқылы кәсіби спортты дамытуға болатынын жеткізді. Бұл – бүгінгі күннің басты тапсырмасы.

«Әрбір спортшының, жаттықтырушының арманы – Олимпиадаға қатысу. Төрт жыл бойы сол олимпиаданы күтеді. Біраз уақыт «Бразилиядағы олимпиада қашан басталады» деп күтіп едік. Міне, сол олимпиада да өтті. 205 мемлекет қатысып, Қазақстан 22-орынға ие болды. Қазақстандықтар 17 медаль алды. Бұл Қазақстан тарихында болып көрмеген көрсеткіш. Қуанатынымыз, сол олимпиадаға Ақтөбе облысынан екі спортшы қатысты. Көрсеткішіміз жаман емес. Ең негізгісі, Фархад Харки қола медаль алды. Бұл – Ақтөбе тарихындағы бірінші медаль. Фархад 2012 жылдан бастап Ақтөбе облысының намысын қорғап келеді. Төрт жылда жеткен жетістігі жаман емес. Ал Нұрислам Санаев күрестен қатысып, бесінші орын алды. Бұл – жас жігітке жаман емес»,- деген Бердібек Сапарбаев Токиодағы олимпиададан жеңіс күтетінін жеткізді.

Кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Рио олимпиадасының қола жүлдегері Фархад Харкиге 1 бөлмелі пәтердің сертификатын тапсырды. Ал Харки алдағы төрт жылда қазақ тілін үйренуге сөз берді. Күрестен 5-орын иеленген Нұрислам Санаевқа теледидар сыйға берілді.

Қазақстан құрама командасына енген 120 ақтөбелік спортшы қазіргі уақытта арнайы стипендия алып отыр.

«Алдағы уақытта спорттың олимпиадалық түрін қарқынды дамытуымыз қажет. Халықаралық жарыстарды жиі өткізіп, спортшылардың шынығуына, тәжірибе жинауына жағдай жасаған жөн», - дейді облыс әкімі.

Өңір басшысы өзге аймақ пен өзге елде жүрген спортшыларды қайта шақыруды да тапсырды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, биыл спорт саласына 5,5 милллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп қаржы.