ҚХП өкілдері Тараздағы жарылыс болған үйдің тұрғындарымен кездесті

ҚХП өкілдері Тараздағы жарылыс болған үйдің тұрғындарымен кездесті

ҚХП өкілдері Тараздағы жарылыс болған үйдің тұрғындарымен кездесті
ашық дереккөзі
«URANkz» РҚБ-нің өкілдері мен ҚХП атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың күшін біріктірген «қызыл автобус» Жамбыл облысына келді. Бірінші кезекте 2019 жылғы 27 ақпанда Тараздағы жарылыс болған үйдің тұрғындарымен кездесу өтті. Жарылыс салдарынан үш пәтер толығымен қирап, төрт адам қайтыс болған еді. 
Үй тұрғындарының айтуынша, әкімдік пәтерлерді қалпына келтіруді өз мойнына алған. Алайда жұмыстар сапасыз жүргізілген. Тұрғындар БАҚ-қа шағымданған. Осыдан кейін кейбіреулер зардап шеккендерге қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. – Жиһаз біткен жарамсыз боп қалды. Жарылыстан кейін наурыз айында пәтерге қайта кірдік. Еденде жатып жүрдік. Күн салқындаған соң құрылыс барысында жіберілген кемшіліктер де анықтала басталды. Мердігерлер бәрін қалпына келтіруде. Соған рақмет. Пәтерлерімізді қабылдап алдық. Ал жертөлені кімнің қабылдап алғаны белгісіз. Мердігер «Әкімдік менен 6 млн теңгені кері қайтарып алды және жертөлеге өздері жөндеу жүргізді» деп мән-жайды түсіндірді. Жөнделген түгі де жоқ. Құбырлар өткізіп, ескі есептеуішті орнатқан. Оның өзі жұмыс істемейді. Әкімдік өкілдері «жаңа есептеуіш сатып алу үшін 900 мың теңге жинаңдар» дейді. Жиһаз ала алмай отырған адамдар қалайша есептеуішке ақша жинай қойсын?! Жертөлені жөндеуге бөлінген 6 млн теңге қайда кетті? Тұрғындарға есеп берсін, – дейді Сәния Ким есімді тұрғын. Ол бұл туралы БАҚ өкілдеріне айтқаннан кейін өзіне қоқан-лоқы көрсетілгенін айтты. Әкімдік өкілдері шу шығармауды талап еткен. Сөйтсек, әкімдіктің қысымына ұшыраған жалғыз Сәния емес екен. – Біздің телефонымыз тыңдалады. БАҚ алдында шындықты айтқанымыз үшін үйімізге келіп, қорқытты. «Тыныш жүріңдер» деп ескерту жасады, – деді тұрғындардың бірі. Сондай-ақ «қызыл автобус» акциясына қатысушылар Шымкент көшесі, 11 үй мекенжайында орналасқан апатты үйге барды. Мұнда зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар тұрады. – Алты балам бар. Кенжесі кеуде емеді. Үйдің жағдайы өте нашар. Жуынатын бөлме жоқ. Ыстық су да жоқ. Кішкентай балаларды су жылытып, үйде шомылдырамын. Үлкендерін моншаға апарамын. Көпбалалы ана ретінде тұрғын үй алу үшін құжаттарымызды өткіздік. Алайда бізге «пәтерлеріңіз бар екен деп» жауап берді. Әрине, мынадай жағдайда тұру қиын. Үйдің іргетасы үгітілуде. Жуырда өрт шыға жаздады. Өйткені, сымдардың бәрі ескірген, – дейді Құралай Әділбекова есімді тұрғын. ҚХП атынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Айбек Паяевтың айтуынша, Төтенше жағдайлар қызметі апатты үйлерді қайғылы жағдай орын алғанға дейін тексеруі керек. – Билік апатты үйлерді бақылауға алуды күшейтуі керек. Сондай-ақ мұндай үйлерде тұрып жатқан адамдарға көмек қолын созуға тиіс. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы адамдарға қолдау қажет, – деді Айбек Айбек Паяев. «Қызыл автобус» акциясына қатысушылар жергілікті тұрғындарды атқарушы органдар тарапынан жылдар бойы назардан тыс қалып келе жатқан проблемаларды ашық айтуға шақырады. Белсенділер алдағы бірнеше күнді Қызылорда өңірінде өткізеді. Аудандарды аралап, елдімекендердің тұрғындарымен кездеседі. Ондағы мақсат – халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін анықтау.