Қарабура – Түркі жұртына ортақ тұлға

Қарабура – Түркі жұртына ортақ тұлға

Қарабура – Түркі жұртына ортақ тұлға
ашық дереккөзі
Белгілі ғалымдар Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбектің 2001 жылы жарық көрген «Елтұтқа» атты кітабында «Қарабура  – сахара тұрғындары арасында қалыптасқан өмір салттың шырқын бұзбастан исламдық наным-сенімді жерсіндіруге белсене ықпал еткен өз заманының қайраткері. Бұл тұрғыда ол әйгілі ойшыл ақын, сопылық дүниетанымның ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауимен мүдделес болды. Фәни мен бақи арасындағы құндылықтарды парықтай отырып, адамдар арасында адамгершілік, ізгілік, қанағат, рақымшылдық, адалдық сияқты қасиеттерді өмірдің өзекті ұстанымдары ретінде насихаттап отырды. Қарабура есімінің ұранға шығуы, ол ұстанған гума­нис­тік арман-аңсардың кейінгі ұрпақ үшін де бойтұмардай қастерлі екенін пайымдатады. Тіптен, Қарабура дү­ние салып, сүйегі Созақ топырағына бұйыр­ған соң да, оның қабірі Орта Азия халықтары үшін киелі орынға ай­налды. Қарабураның аруағын исі түр­кі жұрты күні бүгінге дейін зор құрмет тұтады» – дейді. Қазақ даласы қаншалықты ұлан-ғайыр кең болса, Созақ да­ласының ұшы-қиырына көз жет­пейді. Шығысы мен батысына, оң­түс­тігі мен солтүстігіне жету үшін ұш­қан құстың қанаты талып, арғы­мақ­тың тұяғы тозған кең сахара не­бір тарихи оқиғалардың кіндігіне ай­налды. Созақ жерінде Баба ата (Ыс­қақ баб әулие) кесенесінің, Құм­кент елді мекеніндегі Бабай Түкті Шаш­ты Әзіз әулие кесенесінің жаңар­­тылуы, Созақ елді мекеніндегі Қа­рабура әулие кесенесінің (сәулет­шісі, салдырушы Құрал Ержанов) жаңартылып жаңаша сипатқа ие болуы, ақ мәрмәр тастан өріліп, ай күмбездің орнатылуы ата-бабалар­дың көксеп келген армандарының, кейінгі ұрпақтарына тапсырып кет­кен аманаттарының, үлкен парыз­да­рының орындалуы деп білеміз. Ежелгі қарт Қаратаудың те­ріс­кей бетіндегі Түркістан облы­сының Созақ, Жамбыл облысының Са­рысу, Қарағанды облысының Жаңаар­қа аудандары халықтарының бірнеше ғасыр бойы ауыздарынан тү­сірмей пір тұтып сыйынып келе жат­қан Қарабура әулие туралы Ш.Уәлиханов (1,2,3,5 томдар. Ал­ма­ты, 1985); М.Тынышбаев (Материалы к истории киргиз-казахского народа, Таш­кент, 1925); Ә.Марғұлан (Ежелгі жыр, аңыздар, Алматы, 1985); Р.Мұстафина (Представление, культы, обряды у казахов, Ал­ма­ты,1992); С.Тебірезов (Қарабура әу­лие, Қарағанды, 1996); Ә.Кекілбаев (Ерлік пен елдіктің киесі, «Егемен Қазақстан» газеті, 1997, 20 наурыз); И. Жақанов (Қарабура, Алматы, 1997); Ә.Қалмырзаұлы (Тебірек дү­ние, Алматы, 1997), т.б. ғалым-зерт­теушілердің еңбектерінде құнды-құн­ды деректер бар. Олардың көп­шілігі Қарабура әулиенің қазақ же­рінде Қожа Ахмет Ясауимен мақсат-мүд­делерін ортақтастырып, ол дү­ние­ден өткенде, өзінің өсиеті бойын­­­ша оның мәйітін арулап, жа­на­засын шығарғаны жөнінде шы­ғар­маларында деректі құжаттарға тоқ­талады. Қарабура әулие кесенесі жө­нінде Ілия Жақанов пен ме­нің тұжырымдамаларым Қазақстан ұлттық энциклопедиясына (2003 жыл, 5 том, 547 бет), Өтеш Қырғыз­баев­тың «Қарабура әулие асы» атты кі­табына (Алматы, 1999 жыл) соны­мен қатар сарысулық Нұрлан Рахым­жановтың тарихи шежіресіне де ен­гізілуде. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жа­зу­шы Әбіш Кекілбаев «Ерлік пен ел­діктің киесі» атты мақаласында (Еге­мен Қазақстан, 1997, 20 наурыз) «Қа­рабура әлденеше ғасыр бойы ауыз­дан түспей келе жатқан Есім, қи­налғанда медет болар Қуат, шам­данғанда қайрат бітірер Ұран, бүгінгі қазақтың ұлт болып ұйысуына нақ­ты үлес қосып келе жатқан құ­бы­лыс» деп өте құнды мәлімет берді. Бізге жет­кені, Қожа Ахмет Ясауидің Қара­тау­дың күнгей бетінде, ал Қарабура әу­лиенің Қаратаудың теріскей бе­тінде ежелгі қазақ даласы қазақтың көне заманғы астанасы Созақ жерін­де жатуы. Кім біледі, Қарабура әулие­нің де өсиетін ұрпақтары орындап, ба­басын Созақ елді мекеніне жер­ле­ген де болар. Егер Созақ даласына тіл бітсе адамзатқа беймағлұм Қарабура әулиенің өмірі мен орнынан бөлек, талай шежірені кейінгі ұрпақ алдына ақтарып салар еді. Қарабура тарихи тұлға, ол алыс дүниенің адамы, естен кет­пес ірі-ірі істерімен кейінгі тол­қын-толқын ұрпаққа аңыз-жырға айналған. Арыстан баб, Баба-ата (Ысқақ баб), Баба Түкті шашты Әзіз, Қожа Ах­мет Ясауи, Қарабура әулие – қазақ да­ласының Қаратау өңірінен то­пы­рақ бұйырған халық сан ғасырлар бойы пір тұтатын әулиелер. Белгілі саясаткер, жазушы Қазақстан Үкіметі жанындағы Дін істері жөніндегі кеңес­тің бұрынғы жауапты хатшысы Бақтияр Сманов «Қарабура әулие» атты мақаласында («Егемен Қазақ­стан». 20 наурыз 1997 жыл) Түркістан маңындағы әулиелердің халқымыз тарихында, жалпы ислам өрке­ние­тінде алатын әрқайсының орны бар. Күллі түркі әлемінде Қожа Ахмет Ясауи өмірімен байланысты жай­ларды әңгіме еткенде, Қарабура әулие есімі еріксіз еске түседі. Өйт­кені ол халқымыздың бүтін бір тай­па елінің жауынгерлік ұранына ай­налған, Әзірет Сұлтан бабамыздың има­нын үйіріп, ақ жуып арулаған, ақ­тық киімін кигізген, жаназасын шы­ғарып, жамбасын жерге тигізген ерек­ше қасиетті діндар адам. Оның көз­дегені – Алланың ақ жолы, адал­дық, шынайы адамдық қасиет. Сол бол­мысымен, оның аруақ рухы кү­шейген, әр нәрсені алдын ала болжай біл­ген, айтқаны айнымай келген, жақ­сылықты да, жамандықты да күні бұрын сезген. Сондықтан оның ата­ғы жер жарған. Ол – түркі жұр­тының қасиетті әулиесі саналған» – дейді. Әбіш Кекілбаев «Ерлік пен ел­діктің киесі» атты мақа­ла­сын­да («Егемен Қазақстан», 1997, 20 наурыз) тарихты терең толғай ке­ле былай дейді: «Қарабураны мың­даған жандар тарихи тұлға деп, нақ­ты адам деп, нақты адамдардың нақ­ты баласы деп біледі. Бірақ, оның хат­қа түскен өмірбаяны жоқ... Оның Қа­рабура атануы да, Қожа Ахмет Ясауиды ақ жуып, арулағанда ендеше бір тайпа емес, күллі түрік дүниесі мойындарлық Рухани пір саналуы да, тегіннен тегін емес. Ол бір кездегі ба­баларымыздың нақты тарихи тағ­дырларын еске салады» – дейді. Қарабура әулие – хал­қы­мыздың санасына ықпал етіп, рухани өміріне таусылмастай азық берген, жүрегіне өшпестей жылу ұялатқан, иман­ды­лыққа жол бастаған тарихи тұлға­лар­д­ың бірі. Бүгінде Созақ топырағындағы Қарабура әулиенің кесенесі іргесіне өз өсиеттері бойынша төре Ақ­назар хан (Қасым ханның баласы 1533-1590 жылдарын 42 жыл қазақ хандығын билеген), орта жүз Шіл­мем­бет би, кіші жүз Дәулет-Қарабура батыр (Әмір Темірдің қолбасшысы, ақыл­гөй айбынды батыры болған), ұй­гыр Шахасум – ахун (шырақшы), өзбек Қожамқұл ғұлама сияқты әй­гілі адамдар жерленген. Түркістан қаласында орна­лас­қан Әзірет Сұлтан мемлекет­тік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжан Нұрболат Қә­дірұлының бастауымен қазақ хал­қы­ның ежелгі мәдениетінің тари­хын­да айрықша орны бар ұлы ақын, со­пы­лық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының ру­хани ұстазы, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи туралы тағы да қосым­ша мәліметтерді жинау мақсатында арнайы іс-шаралар жасағаны, рухани пір баба жолымен өтуі туралы хабар естіп ел қуанышқа бөленіп жатыр. Ел азаматтары профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Шора Исмолдаев және Нұрлан Рақымжановтардың аталған орталықпен осы бір игі істегі ерекше еңбектерін атап өткім келеді. Қожа Ахмет Ясауи Ибраһимұлы туралы кесененің ішіне кіргеннен соң тайқазаннан өте берісте оң жақ­та былай деп жазылыпты. «Мұ­сыл­ман әлеміне зор рухани ықпалын ти­гізген Әулиелердің Сұлтаны Сай­рам жерінде дүниеге келіп, 1166 жы­лы дүниеден өткен, Шежірелік де­рек­тер бойынша Әзірет Әліден тарайтын арғы бабасы – Сыр өңіріне Исламды алғаш таратушылардың бірі болған – Ысқақ баб, Әкесі – Ибраһим, атасы – Махмуд және ұлы атасы – Ифтихар екені «Насабнама­дан» белгілі. Қожа Ахмет Ясауидің ғұ­мыры жайлы еңбек жазған ясауия шай­хы Хазинидің айтуынша анасы – Мұса шайхтың қызы – Айша хатун, ал халық аузындағы аңызда – Қа­ра­шаш ана. Ясауидің ата-анасының зи­раттары Сайрамда жатыр. 63 жа­сына дейін өмір сүрген Ясауи ба­ба­мыз 63 жас пайғамбар жастан кейін қылует жерасты мешітінде өмір сүр­ген. Қайтыс болғаннан кейін шә­кірттері арулап жерлеп, басына ке­сене орнатады. Әмір Темір ХIV ғасыр ая­ғында күмбезді сағана салдыртады. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен кө­лем­ді шығармасы – «Диуана хикмет/ Диуа­на хикмат». «Мират-ул Қулуб», «Пах­рнама», «Риссала дар адаби та­ри­қат» сияқты тарихи мұралары бар. Қожа Ахмет Ясауи қайтыс бол­ған­нан соң өзінің аманаты бойын­ша жа­назасын мүдделесі Қарабура әулие шы­ғарған. Қарабура әулиенің кесе­несі Түркістан облысы Созақ ауданы Созақ елді мекенінде орна­лас­қан. Осылайша, әділдік орнап Қо­жа Ахмет Ясауи дүние сал­ған­да, оның өсиеті бойынша мәйітін ару­лап жуып жер қойнауына табыс ету рәсімін Қарабура әулие орын­да­ғаны туралы аса құнды іс-шара өз ше­шімін тапты. Әрине, осы бір көп­тен күткен әділ шешімді іс жүзіне асыр­ған Әзірет Сұлтан мемлекеттік та­рихи мәдени қорық-музейі ұжы­мына алғысымыз шексіз.

Әбдірахман ОМБАЕВ,

Ұлттық Ғылым

академиясының корреспондент-мүшесі,

ғылым, техника

және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтың

лауреаты, профессор